Ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақтөбедегі ахуал әлі реттелген жоқ. Әйтеке би және Хромтау аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Қар құрсауында қалғандарға көмектесіп жатқандардың арасында, әсіресе, еріктілердің еңбегі ерен.
Солардың арасында қандай қиын жағдай болса да жұртшылыққа көмекке келетін «Добро» волонтерлер қозғалысының жетекшісі Екатерина Голотина бар. Ол өзі сияқты бір топ еріктімен бірге жолда қалғандарға азық-түлік таратқан.
— Біз 6-7 ақпан күндері Хромтау ауданы бойындағы тасжолда қалған көлік жүргізушілеріне бардық. Бірінші күні өз көлігімізбен жетсек, келесі күні төтенше жағдайлар қызметіндегілер көмекке келді. Өйткені күн өткен сайын жел күшейіп жатты, қар да молынан түсті. Алғашқыда көпшіліктің қолдауымен 300 адамға тамақ таратсақ, кейін барғанымызда 900 адамды ыстық ас-ауқатпен қамтыдық. Қолдау көрсеткендердің барлығы — ақтөбеліктер, дені қалтасы көтергенше қаражатын аударды.
Көмекке зәрулердің арасында ересек адамдар ғана емес, кішкентай балалар да болды. Мысалы, бір айлық сәби ата-анасымен бірге жолда қалған. Әрі баланың қызуы көтеріліп жатқанын білдік. Жол-жөнекей дәріханаға соғып, керек-жарағымызды алып, дереу жол бойына жеттік. Өз күшімізден бірнеше адамды Ақжар ауылына апарып салдық.
Нақты қанша ірі көліктің жолда тұрғанын айта алмаймын, өйткені біз кешқұрым жетіп, асығыс болдық. Бірақ бізге мыңға тарта машина тұр деп хабарлады. Бір анығы, 4 күннен бері жолда тұрғандарды кезіктіріп, мейлінше қол ұшымызды созуға тырыстық.
Кеше бармаған себебіміз, бұған дейін аяғымыз жеткен жерге дейін бардық, сонда тұрғандарға азық-түлікпен молынан көмектестік. Оның үстіне, төтенше жағдайлар қызметінің рұқсаты керек. Алдағы уақытта тағы да хабар келсе, жолда қалғандарды демеп жіберуге әзірміз, — дейді Екатерина Голотина.
Еріктілердің арасында ешкімді бөліп-жарғысы келмейтінін айтқан кейіпкеріміз бұны ең бірінші кезекте жүрек қалауы үшін жасайтынын қосты. Қайырымдылыққа үлес қосқан азаматтар да көбіне-көп аты-жөнінің аталғанын қаламайды екен.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті