Экспедиция Ойыл ауданына барды

«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясы Ойыл ауданын аралады.

 «Ауыл аманаты» бағдарламасына аудан халқы белсенді қатысып жатыр. Аудан бойынша 128 жоба мақұлданса, оның 61-іне несие берілген. Негізінен, құс, өсімдік, шағын кәсіпкерлік бағыты бойынша несие алғандар көп.

Экспедиция мүшелері ауданның Бестамақ, Кемер, Қаратал, Көптоғай ауылын аралады. Несие алып, кәсібін бастап кеткен азаматтармен кездесті. Бірі қаз өсіруді қолға алса, енді бірі сүт өнімдерін шығарып, сатып жатыр.

Ауылдарды аралап болған соң аудан орталығында жиын өтті. Экспедиция құрамындағы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мамандары жоба туралы айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Бағдарламаның тиімді тұстарын және құжат, кепіл мәселесі бойынша мұқият түсіндірді.

Сапар барысында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин кәсіп иелеріне облыс әкімі Ералы Тоғжановтың Алғыс хатын тапсырды. Сондай-ақ серіктестік атынан да тұрғындарды марапаттады.

Материалдың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Кәмшат ҚОПАЕВА