Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Биыл облыста саланы мемлекеттік қолдауға 14,5 млрд теңге бөлінді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаларға, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілетінін баса айтты. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының ауқымын одан әрі кеңейту жоспарлануда.
«Биыл Ақтөбе облысының диқандары бірқатар қиындықтарға тап болды, ауа райының қолайсыздығы, жауын-шашынның көп түсуі, ақбөкен мен шегірткелердің кесірінен жайылымдардың зақымдануы байқалды. Өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында жем-шөп шығындарын өтеуге қосымша 2,9 млрд теңге бөлінді. Көрсетілген мемлекеттік қолдаудың арқасында биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында 397 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Мал шаруашылығында өсім орташа 108 пайыз деңгейінде сақталды», – деді Асхат Шахаров.
▪️ Оның айтуынша, биылғы жылы астықтың орташа түсімі гектарына 10,2 центнерді құрап, барлығы 428,5 мың тоннаөнім жиналды.
▪️ Есепті кезеңде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 350,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
▪️ Облыс әкімі өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту жоспарларына тоқталды.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ақтөбе облысының бірлескен инвестициялық жол картасына сәйкес 2026 жылға дейін жалпы құны 502 млрд теңгені құрайтын 93 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, алдағы екі жылда көкөністерді сақтау мерзімі мен көлемін және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыруға бағытталған сүт-тауарлы фермалар, құс фабрикалары мен көкөніс сақтау қоймаларын салу бойынша облыс үшін маңызды жобалар жүзеге асырылатын болады», —
деп атап өтті Асхат Шахаров.
«Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жобасын жүзеге асыру да белсенді түрде жалғасатын болады.
«Біздің облыста бұл жоба екінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. 2023-2024 жылдары оны қаржыландыруға 19 млрд теңге бөлінді. Бүгінде 7,3 млрд теңгеге 1627 жоба мақұлданды. Нәтижесінде жеке қосалқы шаруашылықтар 219 мыңнан астам құс сатып алып, 209,8 гектар көкөніс және бақша дақылдары егілді, жалпы көлемі 1 гектардан асатын 77 шағын жылыжай салынды. Ауылдық жерлерде 101 кондитерлік цех пен наубайхана, 129 сүт цехы, 65 ет өңдейтін шағын цех және 429 басқа да шағын бизнес жобалары іске қосылды. Ауылдық жерлерде 1210 жаңа жұмыс орны ашылып, 1062 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелді», — деді облыс әкімі.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті