Ведомствоаралық комиссиялардың бірлескен отырысы өтті

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу, жою және құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.

Күн тәртібінде су тасқынына қарсы шараларды іске асыру, жолдарды қысқы күтіп-ұстауға дайындау, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, нашақорлықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Алдағы көктем мезгілінде су тасқынының алдын алу мақсатында облыстың елді мекендерін су тасқынынан қорғау жөніндегі инженерлік жұмыстарды қамтитын 2023-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. ТЖ департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев баяндағандай, жоспарда биылғы жылдың соңына дейін іске асыру мерзімдері бар 103 шара көзделген. Жұмыстарды жандандыру қажет.

Өңірдегі автомобиль жолдарының алдағы қыс кезеңіне дайындығы туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр айтып берді.

Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе көшелерінде қар тазалауға жауапты мердігер ұйымдардың жұмысы қатаң бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.

«2024 жылға барлық жоспарлау, қаржыландыру мәселелерін алдын ала шешіп, қар тазалау, инженерлік және арнайы техникалардың дайындығы бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – жыл сайын қайталанатын мәселе. Әсіресе Хромтау, Қобда аудандары бағытындағы Самара-Шымкент тас жолында көлік кептелістері орын алатын жағдайлар жиі кездеседі», — деді Асхат Шахаров.

Облыс аумағында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне қатысты бірқатар тапсырма берілді. Бейінді мемлекеттік органдар ұйымдастыру мен бақылауды жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуі тиіс. Биыл тексеру барысында алты лагерьдің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істегені анықталды.

Нашақорлықтың, есірткі заттарымен байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін атқарылған жұмыстар туралы полиция департаменті басшысының орынбасары Мұрат Сейталин баяндады.

Облыс аумағында былтырғы жылдың сәйкес кезеңмен салыстырғанда есірткіге байланысты қылмыстар 46,3%-ға төмендеген. Алайда Мәртөк, Мұғалжар және Темір аудандарында өсім байқалады.

Отырыс барысында өсімнің себептері және аталған аудандарда есірткі қылмысына қарсы қолға алынған шаралар қаралды.

Электронды темекілердің сауда нүктелерінде ашық сатылуы және синтетикалық есірткінің қолжетімділігі үлкен проблемаға айналған.

Асхат Шахаров барлық мемлекеттік органдар жастар мен оқушылар арасында осы бағыттағы профилактикалық жұмыстарды күшейту, сондай-ақ, электронды темекі мен «синтетиканы» таратуға тартудың алдын алу, қазірдің өзінде насихаттауға қатысқандарды анықтау қажеттігін алға тартты.

Сотталғандарды жұмысқа орналастыру – күн тәртібінде соңғы қаралған мәселе.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 289 адам жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген. Өңірде арнайы кәсіби біліктілікті талап етпейтін жұмыс орындары жеткілікті. Жұмыс берушілер барлық жұмыс істегісі келетіндерді, соның ішінде бұрынғы сотталғандарды жұмысқа қабылдауға дайын.

Облыс әкімі пробация есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша квотаның 100 пайыз орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Биыл облыста пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 549 жұмыс орнына квота белгіленді.