Қызмет алушының құқығы қорғалды

Мемлекеттік қызмет

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына ерекше назар аударылады.

Агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаменті қызметінің басым бағыттарының бірі — халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ қызмет алушылардың құқығын қорғау және қалпына келтіру болып табылады.

Бұл ретте мынадай мысал келтіргіміз келеді. М. деген азамат Ақтөбе облысы бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына көлік құралын тіркеу үшін барған.

Қызмет алу барысында ол ҚР Салық кодексінің 622-бабы 5) тармақшасына сәйкес, яғни мүгедектігі бар баланың әкесі болғандықтан, мемлекеттік БАЖ төлеуден босатылғандығы туралы мәлімдеген.

Алайда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының ақпараттық жүйесінде қызмет алушының жеңілдіктері туралы мәлеметтер шықпаған соң оған мемлекеттік БАЖ-дың толық мөлшерін төлеуге тура келді.

М. мұндай жағдаймен келіспей, департаментке шағым жолдаған болатын. Шағым негізінде қызмет берушіге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, тексеріс қорытындысымен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының ақпараттық жүйесінде жеңілдіктері бар тұлғаларға қатысты толық мәліметтерді көрсетпеу салдарынан, мемлекеттік БАЖ толығымен алынғандығы анықталды.

Осыған сәйкес департаменттен қызмет алушыға мемлекеттік БАЖ сомасын толығымен қайтару туралы ұсыным енгізіліп, оның бұзылған құқығы толықтай қалпына келтірілді.

Егерде сіз негізсіз бас тарту, артық құжаттарды талап ету, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің талаптарын бұзу немесе қызмет беруші ұйымдары тарапынан белгіленген мерзімде шағымыңызға жауап бермеу фактілермен кезіккен жағдайда департаментке Ақтөбе қаласы, Әбілқайыр хан даңғылы, 40 мекенжайы бойынша немесе 55-09-68, 54-56-57 телефон нөміріне қоңырау шалу арқылы жүгінуге болатындығын жеткіземіз.

 Мархабат ЖОНЫСОВ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы.