Негізінде кім-кімнің де үлкен өмірге қанат қағуы отбасындағы тәлімді тәрбиеден бастау алады, яғни ұяда не көрсең — ұшқанда соны ілесің. Бүгінде Ақтөбедегі беделді баспа кәсіпорны — «Хабар-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс бөлімінің басшысы болып қызмет атқаратын тәжірибелі баспагер Бижамал Қарамұрзинаның да тіршіліктегі келешекке қадам басу, маман ретінде қалыптасу, өрлеу-өсу жолдарында да осы бір заңдылық нышанын анық аңғарасыз.
Бижамалдың әкесі Құдайберген Қарамұрзин — ұлағаты мол ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Ол 1919 жылы Қызылбұлақ селолық округінде дүниеге келген. 1969 жылы, ердің жасы елуінде өмірден өткен. Темір қаласындағы қазақ орта мектебін бітірген соң Ақтөбе мұғалімдер институтында білім алған жас ұстаздың алдында аз қиындықтар кездескен жоқ.
Жиырмадан енді ғана асқан өрімдей кезінде Ұлы Отан соғысына қатысып, жауға қарсы ерлікпен шайқасады, бірнеше рет жарақат алады. Оның ерлігі жауынгерлік медальдармен атап өтіледі.
Оның өмірдеректерінде жеңіспен елге оралған соң мұғалім болып, Ақтөбе облысының бірқатар өңірлерінде, сондай-ақ Байғанин ауданындағы Жарқамыс орта мектебінде директорлық қызмет атқарғаны айтылады. Ал 1955 жылдан өмірінің соңына дейін Қарауылкелді поселкесіндегі Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепте мұғалім және осы аудан орталығындағы жұмысшы жастар мектебінде директор болады.
Жақында қолыма кездейсоқ мынадай деректер түсті. Бір жинақта Шалқар ауданында өзім оқыған Қорғантұз орта мектебінің 1934 жылдан бергі директорлары тізімі беріліпті. Ғалымжан Шегебаев бастаған сол қатарда Хайрулла Бектенғалиев, Әлібай Ещанов, Құбай Медеталиев, Емберген Тереков, Ғизат Тәңірбергенов, Сәду Кенжеғұлов, Құдайберген Қарамұрзин деп жалғасып кете береді. Сонда Құдайберген Қарамұрзин шамасы бұл өңірде соғыстан кейінгі жылдары еңбек етсе керек.
Бижамалдың анасы Ағила Иманбаева қазіргі Алға ауданының Тоқпансай ауылы аймағында дүниеге келген. Әкесі Елубай колхоз басқармасы төрағасы, анасы Балжан үй шаруасымен шұғылданған. Өзі Алғада сегізжылдық мектепте оқыған. Сол тұстарда Құдайберген аға осында мұғалім болған екен. Оларды тағдыр осы Алға жерінде табыстырады. Сөйтіп, он жеті жасар балаң қыз майдангердің шаңырағына шуақ енгізеді. Өмірге он бір бала әкеліп, Батыр ана атанады. Бала баға жүріп, еңбектен қалмайды. Аудандық «Жинақ банкі» мекемесінде бухгалтер-кассир, сауда орындарында дүкенші қызметтерін атқарады. Есебінен қате кетіп, ұятқа қалған жері болмапты. Қай жерде еңбек етсе де, Ағиланың адалдығы жастарға үлгі болып отырған.
Осындай көпбалалы отбасында өскен Бижамал кішкентайынан бауырмал, елгезек, еңбекке бейім болып жетіледі.
Бижамал — Құдайберген майдангердің қырық жеті жасында көрген перзенті. Әкенің ыстық құшағында ол үш-ақ жыл ғана тербеледі. Күндіз-түні мектеп жұмысында жүретін асыл әке дидары ойында әлі күнге дейін сағым арасынан құшағын жайып келе жатқандай болып елестейді. Бірақ осы кезге дейін әкесінің көзін көрген замандастары, алдынан білім алған шәкірттері өзіне Құдайбергеннің қызы ғой деп ерекше ілтипатпен қарап, құрмет сезімін білдіріп келе жатқанын қаншама рет сезінді екен. Соның бәрінде көкірегінде мақтаныш сезімі туады, әкенің ардақты есіміне кір келтірмеуім керек деген үлкен міндет-мақсат алдына жол салып отырады.
1983 жылы орта мектепті бітірген Бижамал сол кездегі теміржол инженерлері институтына оқуға түсуге талап қылады. Бірақ сәті түспейді. Өмірдегі алғашқы қиындық оның намысын қамшылап, жігерлендіре түседі. Бірден еңбек етуге кірісіп, Ақтөбе қаласындағы №8 баспаханаға оператор болып жұмысқа тұрады. Ол кезде қазіргідей емес, көп шаруа қолмен атқарылады. Баспахананың әріптері құйылатын қорғасын иісі қолқаны атып, газет бояуының өзі үйренбеген адамның тынысын тарылтады. Бастапқыда осының бәріне тосырқай қарағанымен, көп ұзамай жаңа жұмыстың көп құпиясын меңгеріп, тәжірибелі баспагерлер тобына еркін қосылып кетті. Тіпті бұрын-соңды өзі танып-білмеген кәсіпке қызығушылығы оянғаны соншалық — келесі жылы Куйбышевтағы полиграфия техникумына жолдамамен барып, үш жыл оқып, баспа ісінің технологі мамандығын алып шығады.
Сексенінші жылдардың ортасын таман Ақтөбеде сол кездегі заман талабына сай үлгідегі үлкен баспахана ғимараты салынды. Мұнда жаңа баспа технологиясы жеткізілді, осында басылатын газет-кітаптардың сапасы жақсарып, сұраныс көбейе түсті. Осы жылдар ішінде баспахананың цех меңгерушісі болып қызмет атқаратын Бижамал Құдайбергенқызы тапсырыстардың жоғары деңгейде орындалуына назар аударып, мамандарды ортақ іске жұмылдыра білді. Ол кезде облыстық, аудандық газеттер түгелімен осы баспаханада басылатын. Сондай-ақ барлық мекеме-кәсіпорындар, оқу орындары, басқа да құрылымдар бланк түрлеріне, басқа да ресми құжаттарға тапсырысты молынан беретін.
Тоқсаныншы жылдардың басында нарық заңы баспахана өндірісіне де енді. Тапсырыс берушілердің есептесуі тұрғысынан қиындықтар туындады. Қағаз, бояу, өзге де баспаға қажетті заттар Ресейден жеткізілетіндіктен күрт қымбаттап кетті. Соған қарамастан, облыс орталығында жаңадан жеке баспаханалар көптеп ашыла бастады. Бұл салада нағыз бәсекелестік туындады. Бұрын жалғыз деп саналатын облыстық баспахананың бірқатар білікті мамандары дербес жұмыс істегенді дұрыс көріп, өз алдарына отау құруға ыңғайланды. Уақыт заңдылығы осындай өзгерістерге жол ашты.
Бүгінде тәжірибелі баспагер атанған Бижамал осы саладағы алғашқы ұстазы Николай Косаловскийдің еңбегін ешқашан ұмытпайды. Алғаш баспахана табалдырығын аттағанында жас ортасына келіп қалған өзі ісінің шебері мұны жылы қарсы алып, білмегенін үйретуден жалықпайтын. «Ол өз жұмысына өте ұқыпты, жылы шырайлы, ұстаздыққа төзімі өте мол кісі еді. Мәдениетті кісі болатын. Әрқашан күліп сөйлейтін, «шаршап қалмаңдар, арасында шай ішіп, демалып алыңдар» деп қалжыңдап қоятын» деп ұстазы туралы жылы лебізін сағынышпен айтып берді бізге Бижамал.
Баспахана директоры Казим Ильясұлы да талай жерде қамқорлық көрсетіпті. Жұмысқа кірген соң жарты жыл өткенде Алматыға арнайы мамандану курсына оқуға жіберген. Өйткені сол кезде офсеттік басылымның өндіріске жаңа еніп жатқан кезі, оны игеруге де шаруаға бейімі бар адамды таңдайды ғой.
— 2002 жылы «Отандастар Полиграфия» баспаханасы директорының орынбасары Раукен Отыншиннің басшылығымен облыс шежіресі — «Ақтөбе» энциклопедиясын сапалы етіп қазақ-орыс тілдерінде 10 мың данамен жарыққа шығардық. Бұл біздің баспахананың мүмкіндігін көрсеткен бір елеулі еңбек болды, — дейді Бижамал Құдайбергенқызы.
Қопа орта мектебін 1983 жылы бітірген Бижамалдың кластас достары бас біріктіріп, ұшқан ұяларына оралып тұрады.
Бір кездесу барысында олар мектепке «Ұстаздарды ұлықтайық!» атты жинақты тарту етіп алып келді. Бұл кітапта Қопа бастауыш мектебінің мұғалімі, зейнеткер Сәбила Қали, ардагер ұстаздар Аманғали Жалдыбекұлы, Ақтілек Жылқыбаева, Бейбіт Жұмабаев шәкірттерге жылы лебіздерін, ақ тілектерін білдірген. Мектепті жиырма жеті жыл басқарған Сайлаубай Жұмабаевтың өнегелі өмірбаяны, ұлағатты ұстаздар Нұрбаулы Есқазиев, Рзабек Еламанов, Итібай Қилыбаев, Қанбай Жапаров, Кітабай Мұхтасаров, тағы да басқа ондаған тағылым иелерінің еңбек жолдары осы кітапта көрсетілген.
Атап өтерлігі, бұл кітапты шығаруға барлығы үлес қосқанымен, келісті етіп көркемдеп, баспаханалық әсем безендіру Бижамалдың қолынан өтті.
Ол өзінің он жыл бірге оқыған жолдастары — Атыраудағы Теңіз кен орнында супервайзері Серікбай Таушанов, Ақтөбе байланыс және электротехника колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұратбек Қанбаев, жеке кәсіпкер Баубек Төлегенов, құрылыс саласының маманы Серікқали Бердіханов және басқаларын орынды түрде мақтан тұтады.
Ұйымшылдығы мол кластастар осыдан бірер жыл бұрын «Мектепке жол» акциясы аясында қырық балаға оқушы сөмкесін оқу құралдарымен тарту етіп, мектеп волейбол командасына сыйлықтар берді. Тіпті ауыл қарттарына да өз алдарына құрмет жасады.
Бижамал Құдайбергенқызы облыс аумағындағы бұқаралық-қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып отырады.
Ол — «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалінің иегері.
Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қол қойған Алғыс хат та елеулі еңбегінің бағалануының бір айғағы.
Облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан «WorldSkills Aqtobe-2023» аймақтық чемпионатында «Баспасөздегі баспа технологиялары» құзыреттілігі бойынша бас сарапшы қызметін атқарып, белсенділік танытқаны үшін Құрмет грамотасын ұсыныпты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев облыстық денсаулық сақтау саласының «Ақ желең» кәсіби медициналық журналының сапалы шығуына қосқан үлесі үшін өз марапатын білдіріпті.
Бижамал өмірде қандай қиындықтар көрсе де, өзінің ұстанған бағытынан қайтпай, алға ұмтылатын, жігерін жасытпайтын, қайта жанындағыларға демеу бола білетін жаны кең, жайдары жан. Өзінің өмірлік серігі Базарбек Қалдыбаев Байғанин ауданының Оймауыт өңірінде дүниеге келген азамат еді. Мұнай өндірісінде еңбек етіп, жақсы жұмысымен көзге түскен маман болатын. Өлшеулі өмірдің өз жазуы болды.
Олардың ұлы Нұрболат Қарағанды қаласындағы Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы заң академиясында білім алып, бүгінде мамандығы бойынша еңбек етеді. Келіні Анаргүлдің мамандығы — экономист.
Бижамалдың үш немересі — Кәусар, Қайсар және Қайрат — әжесінің көз қуанышы.
…Бижамал Қарамұрзинаның баспахана қызметіндегі еңбегіне бүгінде қырық жыл толыпты. Елеулі белес, еңселі асу. Ол бұл биігіне үлкен абыроймен жетіп отыр. Тынымсыз еңбек, үлкен жауапкершілік, жақсылыққа жаны құштарлық, өз мамандығына деген сүйіспеншілік — оны қанаттандыратын да, табысқа жеткізетін де осы қасиеттері.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті