Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қаладағы бірнеше спорт нысандарын аралады. Мақсат – құрылысы жүріп жатқан нысандардың өзекті мәселелерімен танысып, шешу жолдарын қарастыру.
Алдымен, өңір басшысы «Химик» стадионы базасында тұрғызылып жатқан «Балалар футбол академиясына» барды. Жоба құны – 3 млрд теңгеге жуық. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс жұмыстары 85%-ға орындалған. Жабық футбол манежін жасау үшін қажетті құрылыс заттары Словениядан жеткізілсе, құрылысшылар футбол алаңының төбесін жабу жұмыстарына кіріседі. Асхат Шахаров мердігер компания басшысына спорт ғимаратын жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды.
Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін 8 шағын ауданда салынып жатқан ангар типті спорт кешенінің де құрылысы аяқталуы тиіс. Құрылыс компаниясы кешеннің еденін жасап, әрлеу жұмыстарын бітіруі керек. Облыс әкімі нысанға жауаптылардың алдына осындай міндет қойды.
Облыс орталығындағы проблемалық нысандардың бірі – «Алтын орда» (бұрынғы «Батыс-2») ықшам ауданындағы дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт кешені. Қажетті материалдар бағасының өсуі – құрылыстың тоқтауына себеп. Жоба түзетуді талап етеді. Өңір басшысы мемлекеттік орган басшыларына кешен жобасын қайта қарап, тиісті шешім қабылдауды жүктеді. Мердігерге 2024 жылдың екінші жартыжылдығында ғимаратты халық игілігіне беруді міндеттеді.
«Дельфин» №6 Ақтөбе қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жөндеуді қажет етеді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар нысанның жай-күйін арнайы комиссия тексеруден өткізуде. Ғимаратты толықтай аралап шыққан Асхат Шахаров сараптама қорытындысына қарай, мұнда қандай құрылыс жұмыстары жүргізілетінін анықтап, тез арада тиімді шаралар қабылдау керектігін алға тартты.
Жалпы, өңір басшысы әлеуметтік нысандардың құрылысы уәкілетті мемлекеттік органдардың жіті бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті