Ертең Қазақстанда – жалпыұлттық аза тұту күні

29 қазан Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды, Кazinform бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

«Қарағанды облысындағы И.А. Костенко атындағы шахтада болған авария салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасында 2023 жылғы 29 қазанда жалпыұлттық аза тұту жариялансын», — делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімінде.

Бүгін күндіз Қасым-Жомарт Тоқаев Костенко шахтасындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасыларымен және туған-туыстарымен кездесуде 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын айтқан болатын. 

Еске салайық, бүгін түнде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Сағат 17.33-тегі мәлімет бойынша 33 кеншінің денесі табылды,13 адам іздестіріліп жатыр.

Кешқұрым брифинг өткізген Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жер астында қалған кеншілерді тірі табуға үміт өте аз екенін мәлім етті.

Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалы директорының орынбасары Жұмат Өкенов мерт болған кеншілердің жеке басын анықтау қиынға түсіп жатқанын айтты.

29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді. Кейін Үкіметтің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік құқығын ҚР меншігіне қайтару туралы келісімшарттың аяқталуға жақын екенін мәлім етті.

Фото: ашық дереккөзден