Егін жинау және автомобиль жолдарын қысқы мерзімге дайындау мәселелері талқыланды

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында егін жинау науқаны және автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп ұстау дайындығының өзекті мәселелері қаралды.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 747,1 мың гектарды құрап, оның ішінде дәнді дақылдар алқабы – 439,8 мың гектар.

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты егін жинау науқаны биыл ұзаққа созылды. Бүгінгі күні дәнді дақылдардың жалпы көлемінің 92%-ы жиналды. Орташа өнімділік – гектарына 10,2 центнер. Ауыл шаруашылығы және жер ресурстары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың хабарлауынша, астық жинау Әйтеке би, Алға және Қарғалы аудандарында жалғасуда. Айта кетейік, егін жинау науқанына қатысты туындаған проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін жұмыс тобы құрылды.

Қазіргі уақытта қазан айында басталған майлы дақылдарды жинау жалғасуда, ал картоп пен көкөністерді жинау аяқталды.

Облыс әкімі жұмысты жалғастырып жатқан диқандарды дизель отынымен қамтамасыз ету қажеттігін, сондай-ақ астық жинау жұмыстарын дер кезінде аяқтау маңыздылығын алға тартты.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының директоры Айбол Данағұл автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға дайындық барысы туралы баяндама жасады.

Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстау үшін мердігер ұйымдар 258 бірлік техника, көктайғаққа қарсы 5,6 мың тоннадан астам инертті материал және 2,9 мың тонна дизель отынын әзірледі. Жол жиектеріндегі шөптерді шабу және бұталарды кесу жұмыстары жалғасуда, сондай-ақ қар көп жауатын учаскелерде жалпы ұзындығы 10 000 метр қар ұстайтын құрылғылар орнатылады.

Дәл осындай іс-шаралар облыс аумағында жалпы ұзындығы 1,8 мың шақырымнан асатын республикалық маңызы бар тас жолдарда да іске асырылады.

Сонымен қатар, Ақтөбеде қызмет көрсетілетін учаскелердің жалпы ауданы 7 млн. шаршы метрден асады, бұл 711 көше, оның ішінде қаланың 54 тұрғын алабының айналма автожолдары да бар. Қысқы уақытта күтіп ұстау жұмыстарына 13 мердігер ұйым, 200 арнайы техника жұмылдырылады. Жолдарды уақытылы тазалауды қамтамасыз ету үшін жаңа арнайы техника сатып алу бойынша шаралар қабылдануда. Мәселен, биыл 26 бірлік жол құрама машиналары мен тракторлар сатып алынды. Азамат Бекет мердігерлік ұйымдардың санын көбейту қажеттігі де бар екенін жеткізді.

Жиын қорытындысы бойынша өңір басшысы облыстың автожолдарына уақтылы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«Алдағы жылға жоспарлау, қаржыландырудың барлық мәселелерін алдын ала шешу, инженерлік және арнайы техниканың дайындығы, қарды уақытылы тазалау, инертті материалдармен себу жөнінде нақты шаралар қабылдау қажет. «Самара-Шымкент» тас жолының учаскелері ерекше назар аударуды талап етеді», — деп атап өтті Асхат Шахаров.