Президент кеңесшісі креативті орталыққа барды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасында ашылған Қазақстандағы ең алғашқы креативті орталықтың жұмысымен танысты.

Кітапханада оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған. Қалаған кітабыңыздың аудио нұсқасын да тыңдауға болады.

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдинаның айтуынша, креативті орталық қысқа мерзім ішінде кеңінен танылып, жастар арасында ерекше қызығушылық тудыруда. Бір айдың ішінде келушілер саны 22 мыңнан астам адамға жеткен және нысанның танымалдығы күннен-күнге артып келеді.
— Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту бағытындағы тапсырмасы аясында ашылған орталықта комьюнити спейс, IT-студия, анимация бөлмесі, дыбыс жазу студиясы, фотостудия және tiktok түсіретін аумақтар бар. Сондай-ақ мәдениет мекемесінің негізгі міндеті

— оқырмандарды кітаппен қамту жайы да ұмыт қалмаған. Демеушілер көмегімен 5 мың жаңа кітап алынып, қордағы кітаптардың саны 105 мың данаға жеткен. Өңірде жаңа идеяларды қалыптастыратын креативті және талантты жастар бар, бірақ оның бәрін жүзеге асыру үшін қаражат пен технология қажет. Бұл орталық жастарымызға жаңа мүмкіндіктер ашты. Мұнда олар жан-жақты ойластырылған жобаларын жүзеге асырып, таланттарын шыңдай алады. Ең бастысы, мұның бәрі тегін, — деді кітапхана директоры.
Одан соң Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, жұмыс барысымен танысты.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.