Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының орындалу барысы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы әлеуметтік қолдау шаралары қаралды.
2023-2025 жылдар аралығында аталған ұлттық жоба аясында Ақтөбе облысында 32 нысанның құрылысы жоспарланған.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аслан Жарасбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда 3 нысан — Хромтау ауданының Аққұдық және Мұғалжар ауданының Бұлақты ауылдарындағы медициналық пункттердің, сондай-ақ Байғанин ауданы, Кемерши ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталған. Қалған нысандардың құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Жоба аясында жаңа денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізіледі. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, жобаны жүзеге асыру барысында 2024-2025 жылдары үш көпсалалы аудандық аурухананың құрылысын салу нәтижесінде 39 дәрігерге, әсіресе бейінді мамандарға қажеттілік туындайды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры Алтай Оразбағамбетов баяндама жасады.
Бүгінде Ақтөбе өңірінде 767 мыңнан астам адам медициналық тұрғыда сақтандырылған. Дегенмен азаматтардың тұрақты төлемдер жасамауына байланысты сақтандыру жүйесінен тыс қалуы – өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Мемлекет басшысының мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесiн жетiлдiру және халықты мiндеттi медициналық сақтандыруға белсендi тарту жөнiндегi тапсырмаларын орындау мақсатында қор филиалының қызметкерлерi мен халық арасында ақпараттық-түсiндiру жұмыстары, кездесулер өткiзiлуде. Бүгінгі таңда жиындар облыстың барлық ауданын қамтыды, бұл бағыттағы шаралар жалғасуда.
Жиын соңында облыс әкімі өңірдің денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, Асхат Шахаров «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысын тұрақты бақылау, жұмыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету және нысандарды уақтылы пайдалануға беру қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын бақылау және облыс тұрғындарын медициналық сақтандырумен қамтуды арттыру міндеті қойылды.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті