Ғасырлық той және баспана мәселесі

Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров «Ақтөбе Медиа» ЖШС қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің, сондай-ақ «Үштаған» журналының ұжымымен кездесті.
Алдымен «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин облыс әкіміне жүз жылдық жылнамасы бар қос газеттің тігінділері мен алған марапаттарын, мұражайға қойылған құнды жәдігерлерді көрсетті.
— Келер жылы жазда «Ақтөбе» газеті ғасырлық тойын атап өтеді. Осы орайда біз алдағы Жаңа жылдан бастап мерейтойға арналған материалдарды жариялаймыз. Қазір облыстық басылымның ғасырлық тойын жоғары деңгейде өткізу үшін арнайы іс-шаралар жоспарлануда, — деді серіктестік директоры.
Кездесу барысында облыс әкіміне «Үштаған» журналының редакторы, белгілі ақын Ертай Ашықбаев қос басылымның ұжымы бірнеше жылдан бері баспанасыз келе жатқанын айтты.
— Жуырда ғана редакциямызда ел Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қонақта болды. Осындай сыйлы қонақтар келгенде қысылып тұрамыз. Өйткені осы уақытқа дейін басыбайлы баспанамыз жоқ. Келер жылы «Ақтөбе» газеті өзінің 100 жылдығын тойлайды. Биыл «Актюбинский вестник» газеті 105 жылдығын атап өтті.
Шындығына келгенде, біз қазір пәтер жалдап жүрген кісінің күйін кешіп отырмыз. Сондықтан сізден осы мәселені шешу үшін қолдау, көмек күтеміз, — деді ол.
Облыс әкімі қос басылымның тарихынан, мерейтойларынан хабардар екенін, аталған мәселе басты назарында болатынын жеткізді.
— Қос басылым отырған ғимарат — біз үшін қашан да киелі шаңырақ. Дегенмен ұжымның осы күнге дейін өз баспанасы болмауы ойланарлық жағдай. Бұл мәселені біз назарға аламыз. Айта кетерлігі, алдағы уақытта баспана мәселесін шешсек, серіктестік өзін-өзі қамту үшін қосымша табыс көздерін іздеуі керек, сондай-ақ газет ұжымы ақпараттың уақытылы, сапалы жетуі жолында талмай еңбек етуге тиіс, — деді облыс әкімі.
Басқосуда «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Ләззат Егібаева редакцияға арнайы келгені үшін облыс әкіміне ұжым атынан ризашылығын жеткізді.
Кездесу соңында облыс әкімі редакция ұжымына сәттілік тілеп, естелік суретке түсті.

Д.ҚАЗИХАН.