Облыс әкімі Асхат Шахаров «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің, сондай-ақ «Үш таған» журналының ұжымымен кездесті.
Алдымен «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин облыс әкіміне жүз жылдық жылнамасы бар қос газеттің қаттаулы тұрған тігінділері мен алған марапаттарын, мұражайға қойылған құнды жәдігерлерді көрсетті.
— Келер жылы жазда «Ақтөбе» газеті ғасырлық тойын атап өтеді. Осы орайда біз алдағы Жаңа жылдан бастап сол мерейтойға арналған материалдарды үзбей жариялап отыратын боламыз. Қазір облыстық басылымның ғасырлық тойын жоғары деңгейде өткізу үшін арнайы іс-шаралар жоспарлаудамыз, — деді серіктестік директоры.
Расында да, берісі облыстың, әрісі Қазақстанның 100 жылдан бері бастан өткізген бүкіл тарихының елеулі кезеңдеріне қатысты деректерді осы қос басылымнан табуға болады. Түрлі саяси-идеологиялық жағдайларға байланысты дер уақытында газеттер бетінде таңбаланбай қалған деректер мен орын алған оқиғалар енді жарияланып жатқаны да, әрине, шындық. Дегенмен, қалай болғанда да, жалпы әлеуметтің тіршілігімен қоса-қабат өрілген талайлы тағдырлар мен тар жол, тайғақ кешулердің әрқилы көріністерін осы шаң басқан газеттердің беттерінен іздейсіз. Табасыз.
Кездесу барысында облыс әкіміне «Үш таған» журналының бас редакторы, белгілі ақын Ертай Ашықбаев басылымдар ұжымы бірнеше жылдан бері басыбайлы баспанасыз келе жатқанын айтты.
— Облыс жылнамасын жазып келе жатқан қос басылымның шыға бастағанына тұтас ғасыр болып қалды. Келер жылы «Ақтөбе» газеті өзінің 100 жылдығын тойламақшы. Ал «Актюбинский вестник» газеті биыл 105 жылдығын атап өтті.
Облыс баспасөзінің қара шаңырағы саналатын қос газет ұжымының басыбайлы баспанасы жоқ. Біз қазір пәтер жалдап жүрген кісінің күйін кешіп отырмыз. Сондықтан сізден осы мәселені шешуге қатысты қолдау, көмек күтеміз, — деді ол.
Облыс әкімі қос басылымның тарихынан, мерейтойларынан әбден хабардар екенін, аталған мәселе басты назарында болатынын жеткізді.
— Қос басылым отырған ғимарат — біз үшін қашанда киелі шаңырақ. Дегенмен ұжымның осы күнге дейін өз баспанасы болмауы — ойланарлық жағдай. Бұл мәселені біз назарға аламыз. Айта кетерлігі, алдағы уақытта баспана мәселесін шешсек, серіктестік өзін-өзі қамту үшін қосымша табыс көздерін іздеуі керек, сондай-ақ газет ұжымы ақпараттың уақтылы, сапалы жетуі жолында талмай еңбек етуге тиіс, — деді облыс әкімі.
Басқосуда «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Ләззат Егібаева редакцияға арнайы келгені үшін облыс әкіміне ұжым атынан ризашылығын жеткізді.
Кездесу соңында облыс әкімі редакциялар ұжымына сәттілік тілеп, естелік суретке түсті.
Сондай-ақ Асхат Шахаров сол күні облыстық «Aqtóbe» телеарнасына барды.
«Жаңалықтар», «Қайырлы таң, Ақтөбе!», «Сәті түскен сұхбат», «Ойтүрткі», «Ақпараттық сағат», «Иман нұры», «Бестің шайы» сияқты хабарлар жүргізілетін студияларды көрді. Ұжымға сәттілік тілеп, сала өкілдерінің жағдайы қаперде екенін тілге тиек етті.
Ал «Рика» телеарнасының ұжымымен кездесуде облыс әкімі өңірдегі өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларды талқылады.
Д.ҚАЗИХАН.
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
№12 ● желтоқсан ● 2023 жыл
СӘНІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШӘКІРТТЕРІ