Қысқы жол тазалығы – қатаң бақылауда

Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында жылыту маусымының өту барысы мен жолдарды қысқы мезгілде күтіп ұстау мәселелері талқыланды.

Жиында алдымен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев биылғы жылыту маусымының өту барысы туралы баяндады.

«Биыл өңірімізде қысқы жылыту маусымы кезінде кәсіпорындар мен коммуналдық инфрақұрылым нысандарын қамтуға 14,2 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 1,3 миллиард теңге қаржы нормативті отын қорын құруға жұмсалады. Биыл 631 қазандыққа, 15,1 шақырым жылу, 80,7 шақырым су-кәріз, 578,3 шақырым электр желісіне, сондай-ақ 1457 әлеуметтік нысан мен 2527 көппәтерлі тұрғын үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бюджеттік ұйымдар үшін жылыту маусымына қажетті 32 275 тонна көмір, 1 904 тонна дизель отыны толығымен тасылды. Облыс халқының қажеттілігі үшін 22 мың тонна көмір қажет болса, бүгінде 21 660 тонна көмір өңірге жеткізілді. Сонымен қатар 3 вагон (210 тонна) көмір жолда келе жатыр. Қазіргі уақытта тұйықтықта 3300 тонна көмір бар», — деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл жаңа инвестициялық бағдарламаға сәйкес облыста негізгі жабдықтарды күрделі жөндеуден, қайта жаңарту жұмыстарынан бөлек, жаңа екі қазандық салу жобасы қарастырылған. Бүгінде «Ақтөбе ЖЭО» АҚ жабдықтарының жай-күйі қанағаттанарлық жағдайда. Аталған мекеме өңірде жылу беретін жабдықтардың тозуын 2029 жылға қарай 36,2 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Ал «Aqtobe su-energy group» АҚ «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясаты аясында инвестициялық бағдарламасына өзгерістер енгізген. Мекеме бұған дейін бағдарлама аясында облыс халқын жылумен, сумен жабдықтауға 8,9 млрд теңге қаржы қарастырса, биыл бұл бағыттағы жұмыстардың бағыты қайта қаралып, бұл қаражатқа қосымша 4,1 млрд теңге қаражат бөліп отыр.

«Осылайша облыста желілердің тозуын жыл сайын 2 пайызға азайту жоспарланып отыр. Бұл мақсатта бюджет қаражаты есебінен 9,2 миллиард теңгеге 9 жоба іске асырылмақ. Бүгінде үш жобаның құжаттары дайын тұр, қалғандары бойынша құжаттар жасақталуда», — деді Е.Мұздыбаев.

Бұдан кейін жиында қысқы мезгілде жолдарды күтіп ұстау мәселесі қаралды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, биыл облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстауға 50 кәсіпорын жауапты ретінде бекітілген. Оларда жалпы саны 258 техника бар.

«Биыл жергілікті маңызы бар жолдарды қысқы кезеңде күтіп-ұстау үшін 5672 тонна инертті материал, 2975 тонна дизель отыны дайындалды. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ерекше қар басатын учаскелеріне биыл 15 желтоқсаннан бастап жалпы ұзындығы 10 мың метр болатын қар ұстайтын құрылғылар орнатылады. Сондай-ақ 88 шақырым жолға жасанды қар ұстау жұмыстары жүргізіледі. Біз облыстық төтенше жағдайлар және полиция департаментімен бірлесе облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында қозғалыстың шектелуі кезіндегі өзара іс-қимыл бойынша жол картасын жасақтадық. Алдағы уақытта осы жол картасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады», — деді ол.

Ал «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, биыл қысқы мезгілде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға 92 арнайы техника жұмылдырылған. Бұл — қажетті техниканың 66 пайызы. Қазіргі таңда республикалық жолдарды күтіп ұстауға қосымша 47 техника қажет.

«Нормативтік қажетті жетіспейтін техникаларды толықтыру мақсатында жалға 7 автогрейдер техникасы алынды. Сондай-ақ техникалар қатары алдағы уақытта тағы да 10 техникамен толықтырылады. Нәтижесінде жетіспеушілік көрсеткіші 30 техникаға азаяды. Бұдан бөлек, облысымыздағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдардың қар басатын учаскелеріне темірбетон қоршаулар, ағаштан жасалған қалқандар орнатылып, қар тоқтату жұмыстары жүргізілетін болады. Үздіксіз және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы диспетчерлік қызмет және демалыс, мереке күндері кезекшілік ұйымдастырылып, жауапты тұлғалар бекітіледі. Қазір жол тазалығы мен көлік қозғалыстарының қауіпсіздігі қатаң бақылауда», — деді А.Данағұл.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров жауапты мекеме басшылары мен аудан әкімдеріне жолдарды қардан тазарту, жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

«Қыс мезгілінде жолды қар мен мұздан уақтылы тазарту — ең күрделі жұмыстардың бірі. Соған қарамастан барлық деңгейдегі автожолдарды қардан тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуі керек, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыстарды күшейту қажет. Жауапты мекеме басшылары мен аудан әкімдері бұл мәселені қатаң бақылауда ұстаңыздар», — деді облыс әкімі.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.