Облыс әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына орай салтанатты шара өтті. Шараға облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық, Ақтөбе қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері қатысты.
Шара барысында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов жасалған жұмыстар жөнінде баяндады.
«Тәуелсіздік жылдарында еліміздің сайлау органдары дәйекті даму жолынан өтіп, мемлекеттік биліктің аса маңызды институттарын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосты. Шетелдің озық тәжірибесін ескере отырып, аумақтық комиссиялардың кәсіби деңгейін көтеру, жұмысын жақсарту және оның әрбір мүшесінің мәртебесін айқындау үшін нақты шаралар қабылданды. Осы жылдары облыс көлемінде де бірқатар жұмыстар атқарылды. Биылғы жылдың өзінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауы, пилоттық режимде 3 аудан әкімінің, 39 ауылдық округ әкімінің тікелей сайлауы ұйымдастырылды. Сайлауды ұйымдастыруға 14 аумақтық, 187 округтік және 525 учаскелік сайлау комиссиясы, жалпы саны 4500-ден астам адам жұмылдырылды. Барлық сайлау қолданыстағы заңнама мен қоғам талабына сәйкес ұйымдастырылды. Бұл — байқаушылардың, сарапшылар мен журналистердің берген бағасы. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қоғамды демократияландыру бойынша берген тапсырмаларының өңірде жүзеге асқанының айқын көрінісі», — деп облыс әкімі жиналғандарға елеулі еңбектері үшін алғыс білдірді.
Салтанатты шарада облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласындағы №28 орта мектеп директоры Айгүл Баймағамбетова мен Алға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Амангелді Абиляшевты ҚР Орталық сайлау комиссиясының «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, Шалқар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сапарғали Көлбергеновті «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Сондай-ақ бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен, Орталық сайлау комиссиясының Құрмет грамотасымен марапатталды.
ТМД елдері жоғары оқу орындары студенттері арасындағы «Әлем елдерінің сайлау жүйелері» халықаралық олимпиадасының жеңімпаздарына да құрмет көрсетілді.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті