Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Өңірлік кеңес мүшелерімен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының салалық кеңестерінің өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында кәсіпкерлердің өзекті мәселелері талқыланып, оларды шешу жолдары ұсынылды. Асхат Шахаров нарықтық ортаның күрделілігі мен жоғары бәсекелестікті ескере отырып, билік пен бизнес арасында өзара іс-қимыл қажеттігін атап өтті. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдаудың маңыздылығын сөз еткен облыс әкімі түйткілді мәселелер оң шешімін табу үшін осындай кездесулерді жиі өткізіп отыруға ниет білдірді.
Ең жиі көтерілетін мәселе – инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жер учаскелерін алу. Кәсіпорындардың бірі Силикат зауыты және жылына 90 миллион дана кірпіш шығаруға қауқарлы өндірістік кешен салу үшін 10 гектар жерді сұрады.
Ауданнан келген кәсіпкерлер ауыр жүк көліктерін техникалық байқаудан өткізетін қызметтердің жоқтығына қынжылып отыр. Ауылдарда кәсіппен айналысып жүргендер мобильді станциялар керек деді, өйткені облыс орталығына бару қаржылық жағынан қымбатқа түседі екен. Бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету де мәселе ретінде айтылды.
Осылайша, кездесу билік пен бизнестің өзара іс-қимылы, сондай-ақ проблемалық сұрақтар бойынша сындарлы шешімдер әзірлеуге септігін тигізді.
«Кез-келген бизнесте қиындықтар болары сөзсіз, оған дайын болу керек. Салада кездесетін барлық мәселелер назар аударуды қажет етеді. Облыс тоғыз жолдың торабында орналасқан. Ресей Федерациясымен шектеседі. Қытаймен тығыз экономикалық байланыстамыз, сондықтан бәсекелестіктің деңгейі жоғары. Менің ойымша, кәсіпкерлеріміз бәсекеге қабілетті, бірақ кейбір сәттерде оларға қолдау аса қажет болады», — деді Асхат Шахаров.
Облыс басшысы туындаған барлық мәселе бақылауға алынып, мұқият зерделенетініне сендірді. Ол бизнес өкілдеріне алғысын білдіріп, қандай да бір мәселелер туындаған жағдайда, жергілікті органдар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге әрқашан қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.
Биылғы мамыр айында Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының жанынан кәсіпкерлердің міндеттері мен проблемаларын шешу үшін бизнес-қоғамдастықтың мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимыл орнату мақсатында салалық кеңестер құрылды. Бүгінгі таңда 6 салалық кеңеске 200-ге жуық бизнес өкілі мүше. Салалық кеңестердің отырыстары барысында 128-ге жуық мәселе қаралды, олардың 20-дан астамы проблемалық мәселелердің республикалық тізіліміне енгізілді, деп атап өтті ӨКП директорының м.а. Дидар Боранқұлов. Олардың қатарында АӨК, мемлекеттік сатып алу, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, жер қатынастары, логистика және көлікке қатысты мәселелер бар.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті