Ақтөбеде жыл үздіктері марапатталды

Қарапайым мұғалім, дәрігер, агроном, өрт сөндіруші, электромонтер, спортшыны Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров марапаттады. 2023 жылы еңбегімен еленген жандар «Жыл адамы» атағына ие болды.

Бүгін Ақтөбедегі «Жекпе-жек» спорт кешенінде «Алтын бесік – 2023» салтанатты шарасы өтті. Өңір басшысы  құттықтау сөзінде әлемдегі аса күрделі ахуалға қарамастан, облыстың биыл қол жеткізген оң нәтижелерін тілге тиек етті. Келер жылдан күтер үміт көп.

«2023 жыл өңіріміз үшін табысты жыл болды. Барлық макрокөрсеткіштер бойынша жағымды оң динамиканы сақтап қалдық. Әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандары салынды және шалғайдағы ауылдар газбен, ауызсумен қамтылды. Алдағы жылы бізді ауқымды жұмыстар күтіп тұр, облыстық бюджет қаражатын ең өзекті деген мәселелерге бағыттап отырмыз. Негізгі мақсат – өңіріміздің экономикалық даму жағдайын жақсарту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру», – деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан әрбір ақтөбелікке алғысын білдіріп, бір топ азаматты, оның ішінде кәсіпкер Дәурен Битеміровті «Құрмет» орденімен, «Білім» мектеп-гимназиясының директоры Айгүл Арынғазиева, педагог Марина Деркач, жас ақын Әлихан Жақсылық, жеке кәсіпкер Тайбек Өтегеновтерді «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапаттады.

«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі айтыскер ақын Жұлдыз Қожабековаға, ведомствоаралық «Еңбек ардагері» төсбелгісі еңбек ардагерлері Серік Сағымбаев пен Орақ Жұмахметовке тағылды.

«Жыл үздігі» атағы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Ақтөбе медициналық орталығы, «Ақтөбе» футбол клубына бұйырды.

Төтенше жағдайда ерлік көрсеткен өрт сөндіруші-құтқарушы Дастан Тлеуқұлов, «WorldSkills Kazakhstan-2023» байқауында үздік қабілетімен танылған Ақтөбе автожол колледжінің студенті Роберт Мифтахетдинов, дәстүрлі жыр өнерін жандандыруға үлес қосқан «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сарин, «Ауыл аманаты» жобасы аясында тың жоба ойлап тапқан Азамат Исмайлов, каратэден XIX Азия ойындарының жеңімпазы Нұрқанат Әжіқанов, «Ақтөбе ТЭЦ» АҚ қазандық цехының ауысым бастығы Қайрат Серғазиев, «Энергосистема» ЖШС  электромонтеры Исламгали Ерекеев, медицина ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін М.Оспанов атындағы БҚММ университетінің деканы Роза Нұрғалиева «Жыл адамы» атағын иеленді.

Жылды қорытындылау шарасы мерекелік бағдарламамен жалғасты.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.