Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың ақпан айында Астана қаласында өткен «Жаңа адамдар» жастар форумында «Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз. Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады. «Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы. «Жаңа адамдар» – жаңа болмыс! Бұл – өз еліне адал жастардың қозғалысы!» — деген еді.
Жалпы жақсы маман болу үшін әр маманның бойында терең білім, әдептілік, төзім, үлкен жауапкершілік сияқты қасиеттер болуы керек.
Қазір жастар арасында отбасы дәстүрінен айнымау үшін ата-бабасынан үзілмей келе жатқан саланы таңдау көрініс тауып жатады. Ал біреулер жүрегі қалаған мамандықты таңдап, сол мамандық бойынша қызметінде іскерлік қабілетін танытып жүр. Жалпы, мамандығын жақсы көретін жан «тар жол, тайғақ кешуде» еш берілмейді және жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды.
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек», яғни мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі олардың жұртшылық алдындағы мемлекеттік басқару органдарының имиджін анықтайтын мінсіз мінез-құлықтарымен қатар жүруі керек. Мемлекеттік органдардың нақты нәтижеге қол жеткізетін тиімді жұмысы, мемлекеттік аппараттың ашықтығы елдің дамуына зор әсер етеді.
Мемлекеттік қызметшілердің басқа салада қызмет ететін адамдардан ешқандай айырмашылығы жоқ, керісінше жауапкершілігі үлкен, сол себепті де мемлекеттік қызметшілердің жұмысын оңай деп айтуға болмайды, кей кездері уақытқа бағынбайды деуіміздің де себептері болып жатады.
Иә, кейбір жағдайда халықтың мемлекеттік органдардың қызметіне көңілі толмай жатады. Осы олқылықтарды жою, оны болдырмау – біздің атқарар қызметіміздің басты бағдары.
Мемлекетті өркендету, дамыту бағытындағы ең жауапты істе мемлекетік қызметшілердің қосар үлесі зор.
Тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстанда тиімді мемлекеттік аппарат құруға, кадр саясаты мәселесіне баса көңіл бөлініп келе жатыр. Агенттікке берген Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес жаңа тәсілдер әзірленіп, бүгінгі күні мемлекеттік қызмет туралы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы енгізілген өзгерістердің басым бөлігі жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктер екендігін атап кеткен жөн. Себебі жастар қашанда белсенді буын өкілдері екендігін ұмытпауымыз керек.
Мемлекеттік қызмет саласында енгізілген өзгерістердің бірі – мемлекеттік тапсырыс негізінде жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектерді оқуды аяқтағаннан кейін 1 жыл ішінде мемлекеттік қызметтің аудандық және ауылдық деңгейдегі «Б» корпусының төменгі лауазымдарына конкурссыз тікелей тағайындау. Бұл – тиісті оқу нәтижесін 3,33 GPA-дан жоғары, яғни дәстүрлі жүйе бойынша «жақсы» деген көрсеткішпен аяқтаған түлектерге берілген мүмкіндік. Осы енгізілген жаңашылдық нәтижесінде қазіргі таңда Республика бойынша 445 түлек, оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша 41 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі, басшылық емес лауазымдарға конкурссыз қабылданды.
Бүгінгі күні конкурссыз мемлекеттік қызметке қабылданған жас мамандар өңірдің мемлекеттік органдарында басшылық емес лауазымдарында қызмет атқаруда.
Әрине, мемлекеттік қызметші болу – бұл үлкен абырой мен міндет. Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар – бүгінгі жастар, олар билік пен халық арасында байланыстырушы буын болып табылады.
Осы жерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз» — деп айтқан сөздерін келтіре отырып, бүгінгі жастар мен тәжірибелі мемлекеттік қызметшілер, яғни мемлекеттік қызмет ардагерлерімен ұрпақтар сабақтастығын нығайту, тәжірибе алмасу мақсатында құрылған Тәлімгерлер кеңесінің жұмысы туралы айта кетуге болады.
Кеңестің мақсаты – жаңадан тағайындалған мемлекеттік орган басшыларының кәсіби бейімделуіне көмек көрсету, тәжірибелерімен бөлісу, ақыл-кеңестерін беру.
Тәлімгерлер кеңесінің құрамы С.Т.Шангутов, С.К.Ботағарин, М.Н.Жекеев, А.А.Мырзалин, С.М.Қалдығұлова, С.Еңсегеұлы сынды кезінде көп жылдар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарда болған абыройлы, жастарға айтары бар мемлекеттік қызметтің беделді ардагерлерінен жасақталды.
Осылайша ұрпақтар сабақтастығы дей отыра, ардагерлер – кез келген қоғамның алтын қазынасы екендігін ұмытпайық.
Ал аға буынның жастарға берген ақыл-кеңестері осы күрделі әлемде өздерінің лайықты орнын анықтауға, мүмкіндігінше өзін-өзі тануға көмектесу болып табылады.
Жастар – қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Еліміздің жас буын өкілдері ауылды өркендету ісіне аса назар аудару қажет. Олай болса ауылдың өмірін жақсарта отырып, елдің өркендеуіне өз үлесін қосу, халқына қалтқысыз қызмет ету әр азаматтың міндеті.
Дана халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Осылайша қашан да жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады. Ал жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады деген үміт пен сенім үлкен.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша
департаментінің бас маманы Р.Шумекеева
Тағы да
Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі арқылы орналасқан жас маманның пікірі
Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы құмар ойындар
Мемлекеттік органдардағы мүдделер қақтығысы: неліктен оған жол берілмеу керек?