8Ақтөбе өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі, белгілі қолөнерші, құрақшы, «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада Баспасөз үйінде болып, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның ұжымымен кездесті. Кездесуге ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов, жемқорлыққа қарсы облыстық ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Жеңіскүл Мұханбетпайызова қатысты.
Құрметті мейман алдымен Баспасөз үйіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының мұражайы мен кітапханасын көріп, медиа мектебінің жұмысымен танысты. Кездесу барысында «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин ғасырдан астам уақыт шығып келе жатқан «Актюбинский вестник» пен өткен жылы 95 жылдығын атап өткен «Ақтөбе» газетінде жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Бұдан соң сөз алған Ырза Тұрсынзада ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың құрылудағы басты мақсатына тоқталып, сыбайластықтың алдын алуда алдымен қоғамдық санаға серпіліс жасау қажеттігін атап өтті.
— Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың бүгінгі таңда жасап жатқан жұмыстарын қазіргі қоғам түсінбесе де, бұл істердің тарихта қалары сөзсіз. Аталған агенттік жанынан алғаш рет Парасаттылық департаментінің ашылуы бұл қазақ даласындағы үлкен бетбұрыс деп білемін.
Сыбайлас жемқорлық — үлкен дерт. Мен әр қазақтың бойынан осы дертке қарсы тұратын қабілет көргім келеді. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген азаматтарды қашанғы біз түрмеге тоғытып, қашанғы жұмыстан қуамыз? Қашанғы оларға ірі көлемде айыппұл саламыз? Айналдырған 28 жылдың ішінде елімізде 2 премьер-министр мен 20-дан астам генерал істі болған екен. Біз осындай келеңсіз жағдайларды болдырмауымыз қажет. Ол үшін қоғам болып жұмыс жасауымыз керек.
Бүгінгі таңда мен жетекшілік етіп отырған штаб — сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, ұлттың санасын ояту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мақсатында құрылды, — деді Ырза Тұрсынзада.
Айтуынша, агенттіктің жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штабқа мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбек етіп жүрген азаматтар, қысқасы еліміздің жемқорлыққа бейжай қарамайтын кез келген азаматы мүше бола алады.
Кездесу барысында Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов штаб жетекшісіне: «Қазақта «көрімдік», «сүйінші», «байғазы» деген секілді жоралғылар бар. Осыларды сыбайлас жемқорлықпен байланыстырмай, қалай ажыратсақ болады»,— деген сұрақ қойды.
— «Көрімдік», «сүйінші», «байғазы» — қазақтың ертеден келе жатқан әдет-ғұрыптары. Бұны біз бір күнде келіп жоққа шығара алмаймыз. Ол қазақ бар жерде бола береді де. Ал сыбайлас жемқорлық — бұл өзінен лауазымы жоғары басшысына немесе өзі тәуелді адамға біле тұра сыйлық жасау, — деп жауап берді Ырза Тұрсынзада.
Кездесу соңында серіктестік директоры Раукен Отыншин сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жұмыс жасап, қазақ халқының қолөнерін әлемдік деңгейде насихаттап жүрген қолөнершіге ұжым атынан алғыс білдіріп, «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің арнайы төсбелгісін тақты.
Сонымен бірге келген қонақтың әкесі қазақтың көрнекті ақыны Тұрзынзада Есімжанов екенін көпшіліктің есіне салып, оның шығармашылық еңбектері туралы да айтып өтті.
Кездесуге келген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері Исламбек Серікбайұлы, Жанболат Бағдатұлы «Ақтөбе» газетінде жарияланған «Жемқорлыққа жол жоқ!» конкурсына әріптестерінің белсене қатысқанын айтып, қоғам дертімен күресуде Сингапур, Литва сияқты мемлекеттердің тәжірибесіне қызығушылықтары туралы ойларын ортаға салды.
Айта кетейік, Ақтөбеде Ырза Тұрсынзаданың бастамасымен «Көрпе Fest» фестивалі өтіп, шара аясында барлығы 300-ге жуық ақтөбелік қыз-келіншек ақысыз тігін өнерін үйренді. Фестивальдің қорытынды шарасына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, өз шеберлігін көрсете білген 35 әйелге тігін машинасын сыйға берді. Ал 55 қыз-келіншек «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің сертификатына ие болды.
Ақерке САТЫБАЛДЫ
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі