Әйтеке би: астықты аудандағы ашық әңгіме, игілікті істер

«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясы Әйтеке би ауданына барды. Экспедиция мүшелері тұрғындарға бағдарламаның  мақсат-міндетін түсіндіріп, осы жоба аясында кәсіп ашқан азаматтармен  кездесті.

Әйтеке би ауданында 15 ауылдық округ бар. Бағдарлама аясында өңір бойынша 70 өтініш берілген. Соның 53-і мақұлданса, 23 адам несие алған. Несиенің жалпы құны — 96 миллион теңге.

 Несие алып, қаз өсірді

Ақтөбе қаласынан шыққан автокеруен алдымен ауданның шалғай ауылдарының бірі Құмқұдыққа барды. Аталған елді мекенде 230 үй, мыңнан аса тұрғын бар. Тұрғындардың басым бөлігі егін, мал шаруашылығымен айналысады.  Ауыл әкімі Еленай Әметованың айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 10 жоба ұсынылған. Соның сегізі мақұлданыпты. Несие қолына тиген төрт адам кәсібін бастап кеткен. Оның үшеуі құс шаруашылығын қолға алса, бірі шаштараз ашыпты.

— Ауылда қолы бос адам жоқ. Барлығы жұмыс жасап жатыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасына қызығушылық танытқандар көп. Алайда құжат дайындауда кедергілер бар. Ауданда техникалық құжаттарды жасайтын маман жоқ. Соның кесірінен басқа аудандар 10 күнде жасайтын құжатты, біздің аудан 2 айда бітіреді, —деді ауыл әкімі.

Бағдарлама арқылы несие алған тұрғынның бірі — Гүлзат Жұмабекова. Жоба арқылы 2,5 миллион теңге несие алып, 250 қаздың балапанын сатып алыпты.

— Күйеуім шөп шабатын азаматтарға көмекші болып жұмыс істейді. Өзім осы істі қолға алдым. Жоба ауыл халқы үшін өте тиімді. Балапандарды күзге дейін семіртіп, сосын сатпақ ойым бар. Қазір күнделікті жемшөбін, дәрумендерін уақытында беріп, баптап отырмыз. Әлі де шаруашылығымды кеңейткім келеді, — дейді Гүлзат.

Ал Қайыролла Сәулебаев 3 миллион 800 мың теңге несие алған. Қазір қорасында қаз-үйрек бағып отыр.

— Бағдарлама туралы толық ақпарат алғаннан кейін көп ойланбадым. Кепілге үйімді қойып, құжаттарымды тапсырдым. Несие қолға тиген соң  400 қаз, 300 тауық балапанын, 200 үйрек сатып алдым. Бұрын-соңды құс өсіріп көрмегесін, басында қиындықтар болды. Біраз құс өліп қалды. Қазір істің ілімін түсініп келемін, — деді Қайыролла.

Қайыролланың өзі Қарабұтақ орман шаруашылығында  еңбек етеді. Әйелі Эльмира жұмыссыз. Құсқа жемшөп беруде балалары да қолғабыс етеді.

Экспедиция мүшелері Құмқұдық ауылдық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Автокеруенді бастап барған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин экспедиция  бұған дейін бірнеше ауданды аралап, мал бағып, құс өсіріп, бау-бақша егіп, шағын бизнеспен айналысып отырған азаматтармен кездескенін айтты.

— Бүгін, міне, Әйтеке би ауданына жол түсіп, іссапарды осы ауылдан бастап отырмыз. Экспедицияның мақсаты — ауыл халқына жобаның маңызы мен талаптарын түсіндіру. Осы бағытта жұмыс жасап жүрген жауапты мамандар да келіп отыр, — деген серіктестік директоры алдағы жоспар туралы да айтып өтті.

Экспедиция барлық ауданды аралап шыққанан кейін Республика күні қарсаңында қорытындысы шығарылып, үлкен шара өтеді. Яғни сол шарада әр ауданда осы жоба аясында белсенділік көрсеткен кәсіпкерлер марапатталады. Мәселен, бірқатар азаматтарға бағалы сыйлықтар берілсе, бір тобына облыстық басылымдарға тегін жазылуға арналған сертификаттар, шипажайға жолдамалар беріледі. Сондай-ақ облыстық қос басылымның «Жыл адамы» атағы да табыс етіледі.

Кездесуде экспедиция мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов ел экономикасын дамытуда ауылға жағдай жасаудың маңызы зор екенін тілге тиек етті.

— Мемлекет басшысы айтқандай, ендігі жерде біз ауыл-аймақтарды дамытуға, өркендетуге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Осы орайда биыл біздің облысымызда облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынды. Бұл жоба  шалғай ауылдарда тұратын қарапайым халық үшін өте тиімді. Себебі ауыл тұрғындары  жаңа кәсіп ашып, ауласындағы малын көбейтуге мүмкіндік алып отыр, — деді ол.

Кездесуде «Үш таған» журналының бас редакторы, ақын Ертай Ашықбаев жоба бойынша несие алған азаматтарға сәттілік тіледі.

Жиында «Ақтөбе» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Ашур Алмасов пен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары  басқармасының шағын несиелеу бөлімінің басшысы Бағдат Қожамұрат тұрғындарға «Ауыл аманаты» жобасының маңызын түсіндіріп, аталған бағдарламаның жеке кәсіп ашуға ниетті азаматтарға мол мүмкіндік беретінін жеткізді.

Тұрғындар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Мәселен, ауыл азаматы Шындәурен Қожаев жобаға қатысу үшін құжаттарын тапсырған. Бірақ үйдің құжаты дұрыс болмай әрі аудан шалғай болғандықтан құжат дайындау ісі созылып кеткен. Ал несиені  құс өсіру мақсатында алмақ. Алайда құс өсіру  маусымы өтіп кететін болғандықтан, несие алғаннан кейін қаржысын төлеймін деген есеппен, 721 қазды қарызға алыпты.

— Бұған қоса  жем алдым. Құстар 4 күнде бір тонна жем жейді. Ал несиені әлі алғаным жоқ. Қаржы қолға тиген кезде құс өсіруге берілген мерзім өтіп кетеді. Енді осы мәселе қалай шешіледі? Келісімшартты өзгертуге бола ма? — деді ауыл тұрғыны.

Ал енді бір тұрғын көкөніс егу үшін құжат тапсырып, жерін жыртып қойған. Алайда несие әлі қолына тимепті. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары  басқармасының шағын несиелеу бөлімінің басшысы Бағдат Қожамұрат аталған  мәселелер тек Әйтеке би емес, өзге аудандарда да бар екенін айтты. Бұндай жағдайда «Ақтөбе» ӘКК басқармасына несиені пайдалану мерзімін не себепті кешіктіріп жатқанын толық көрсетіп, өтініш жазуы керек. Бұдан соң өтініш жұмысшы тобында қаралып, шешімін табады.

Кездесу соңында Раукен Отыншин жоба қатысушысы Қайыролла Сәулебаевқа серіктестік атынан Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.


Жабасақтағы жақсы істер

Сапар одан әрі жалғасты. Экспедиция мүшелері Жабасақ ауылына барды. Шалғайда орналасқан шағын ауылда 112 үй бар. Халқы еңбекқор. Ауылда жұмыссыз адам жоқ. Басым бөлігі мал өсіреді.  «Ауыл аманаты» жобасы бойынша сегіз жоба ұсынылса, оның алтауы өткен. Ал қаржыны алған бес адам қазір кәсібін дөңгелентіп отыр.

— Аталған бағдарлама ауыл халқы үшін өте тиімді. Қазір бірі құс өсірсе, енді бірі тігін цехын ашып жатыр. Халықтың жағдайы шүкір, жақсы. Ешкімнің қалаға көшкісі жоқ. Көгілдір отын кірсе, ауылға кіретін  45 шақырымдық жол асфальтталса тіпті жақсы болар еді, — деді ауыл әкімі  Әкімгерей Ақмурзин.

Экспедиция мүшелері жоба қатысушысы Күлсара Бекжанованың үйіне барды. Зейнетке жақындап қалған Күлсара қазір 7 сиыр сауып отыр. Бағдарлама арқылы 800 мың теңге несие алыпты. Ол қаржыға тоңазытқыш, сепаратор, құрт жаятын тор сатып алған. Қазір жеті сиырдың сүтінен құрт, қаймақ, айран, май өндіріп облыс орталығына апарып сатады.

— Ақтөбеге үш күнде кейде, бір аптада  сүт өнімдерін апарамын. «Дина» супермаркеті мен «Арасан» моншасына тұрақты түрде тапсырып тұрамын. Құрттың келісін 2 мың, сүзбені — 1000, ал айранды 500 теңгеден тапсырамын. Ауылдың таза өніміне сұраныс өте жоғары. «Ауыл» аманаты» бағдарламасы біз үшін өте тиімді болып отыр. Үстемеақысы аз, төлеуге қолайлы, — дейді тұрғын.

Күлсара қорадағы малды жұбайы екеуі қарайды. Сиырды өзі қолмен сауады. Балаларының барлығы ержетіп, өз алдарына отау құрып кеткен.

Аталған бағдарлама арқылы кәсіп бастаған азаматтың бірі — Қанат Қалимаханов.  Қанат жоба арқылы 1 миллион 700 мың теңге несие алыпты. Бұл қаржыға 150 қаздың, 30 үйректің  балапанын сатып алған. Сондай-ақ құс шаруашылығына қажетті өзге де жабдықтарды алған.

— Бұрын мал шаруашылығымен айналыстым. Бағдарлама туралы естіп әрі тиімді екеніне көз жеткізгеннен кейін құс шаруашылығын қолға алуды жөн санадым. Несиені алғаннан кейін жұмысты бастап кеттім. Қазір балапандар өсіп қалды. Бұнымен тоқтап қалғым келмейді, шаруашылықты әрі қарай кеңейтсем деген жоспарым бар. Себебі бағдарлама біз сияқты ауыл халқы үшін өте тиімді екен. Үстемеақысы аз, ал қарапайым шаруа үшін бұл — үлкен көмек, — деді Қанат.

Экспедиция мүшелері ауыл мектебінде тұрғындармен кездесті. Жиынға Аралтоғай, Қарасу, Байжанкөл, Аққұм ауылдарының да тұрғындары қатысты. Ауылдық округ әкімдері құжат мәселесіне қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Ақкөл ауылдық округінің әкімі Жұмаш Байғалиұлы бір ауылдан 20 адам жобаға қатысқанын айтты. Алайда қаңтар айынан бастап құжат дайындау үшін 500 шақырым болатын ауыл мен қаланың ортасында шапқылап жүр. Жеке бағалаушылар саман кірпіштен салынған үйге жоғары баға қойса, «Ақтөбе» ӘКК-ның бағалаушылары төмен баға қойған, бұдан бөлек, құжаттағы бір қате үшін  екі ортада қайта-қайта жүруге тура келеді. Ал облыс орталығына барып келудің өзі шалғайдағы ауыл тұрғыны үшін оңай емес. Уақыт жоғалту өз алдына, жол шығыны бар. Бұның барлығы қарапайым тұрғынның қалтасына едәуір салмақ салады. Кездесуде осы және өзге де сұрақтар ашық айтылды. Облыс орталығынан келген мамандар әрбір сұрақты мұқият тыңдап, жауап берді. Кейбір округ әкімдерінің жобаларын сол жерде қайта қарап, қателіктің неден туындап тұрғанын анықтады. Мәселенің шешу жолдары көрсетілді. Алдағы аптада Әйтеке би ауданы бойынша тағы жиын болатынын айтты.

Кездесуде Әйтеке би ауданының құрметті азаматы, 84 жастағы Тұратай Шамауов бағдарламаның халыққа тиімді екенін айтып, облыс орталығынан келген азаматтарға алғысын білдірді.

— Ақтөбеден арнайы келіп, халықпен кездесу өткізіп жатқан жігіттерге ризамын. Бұған дейін де бағдарлама туралы айтылып жүр. Бірақ бұл жолғы кездесудің маңызы зор. Халық ойын бүкпесіз айтып, толғандырып жүрген сауалдарына жауап алды. Әрине, бағдарламаның ауыл тұрғындарына берер пайдасы өте көп. Оны көріп жүрміз. Енді жастар осы жобаны игеріп, ауылдың көркеюіне үлес қосса деген тілегім бар, — деген ақсақал батасын беріп, алғысын жаудырды.

Өзге аудандармен салыстырғанда бағдарлама бойынша Әйтеке би ауданының көрсеткіші төмен.

 — Ауданның көрсеткіші төмен болып тұрғаны рас. Бірақ соған қарамастан, жұмыс жүріп жатыр. Алдағы уақытта жобаны жандандырамыз. Бүгін экспедиция келіп, маңызды сұрақтарға жауап берді. «Ақтөбе» ӘКК басқармасы, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары  басқармасының  өкілдерімен сөйлесіп, бір шешімге келдік. Келесі апта аудан бойынша жұмыс жасаймыз деп уәделерін берді. Сол жұмыс нәтижесін көрсетеді деген сенімдеміз, — деді аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.

Жабасақ ауылында өткен жиынның соңында бағдарламаға қатысып, кәсібін нәсіп етіп отырған Бахит Молдабаевқа облыс әкімі Ералы Тоғжановтың Алғыс хаты тапсырылды.

Жалпы ауданда бағдарлама аясында құс шаруашылығы оң жолға қойылған. Алдағы уақытта наубайхана, жылыжай ісін дамыту қолға алынып жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА