«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» ақпараттық-насихат экспедициясы Шалқар
ауданына барды. Экспедиция мүшелері тұрғындарға жобаның тиімділігін түсіндіріп, осы бағдарламаға қатысқандардың шаруашылығымен танысты.
Асыланның бақшасы
Облыс орталығынан барған экспедиция мүшелері өз жұмысын Шалқар қаласынан бастады. Бүгінде аудан орталығында 28 мың халық тұрады. Ал жалпы аудандағы тұрғындар саны — 42 мың. Қазіргі таңда ауданның халқы «Ауыл аманаты» бағдарламасына белсенді түрде қатысып жатыр.
Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Ақшолақовтың айтуынша, жоспар бойынша бұл ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1,5 млрд теңгеге 399 жоба жүзеге асырылуға тиіс. Бүгінде жалпы құны 615 млн теңге болатын 112 жоба «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына тапсырылған. 82 жоба мақұлданған, оның 32-сіне несие беріліп, тұрғындар кәсібін бастаған.
— Қазіргі таңда ауданда құс, өсімдік шаруашылығы мен шағын бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы жобаның тиімділігін түсінген тұрғындар оған қатысуға әлі де өз өтініштерін беріп жатыр. Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруда ауданда 12 ауылдық округтің ішінде Шалқар ауылдық округі бірінші орында тұр. Қазір аудандағы 12 округте 36 ауыл болса, осы елді мекендердің дені жобаға қатысуда. Өкінішке қарай, бірқатар ниет білдірген азаматтардың кепілге қоятын мүлкі болмағандықтан, олар бағдарламаға қатыса алмай отыр. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар да бар, — дейді Қайрат Ақшолақов.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, қазір осы жобаның арқасында ауданда жұмыссыздар үлесі 1,8 пайыздан 1,5 пайызға азайған. Ал атаулы көмек алатын 100 отбасының 20-сы осы бағдарламаға қатысуға өз өтініштерін берген. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында осы санаттағы 46 отбасы тауарлық несие алған.
— Биыл ауданда 3 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылды. Олар ет, сүт бағытында өз жұмыстарын дамытып жатыр. Бүгінде аудан халқы етпен — 100 пайыз, сүт өнімдерімен — 100 пайыз, картоппен 76 пайыз қамтамасыз етілуде. Егер ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тағы да жылыжайлар ашылса, онда ауыл халқын көкөніспен де толық қамтуға мүмкіндік бар, — дейді ол.
Экспедиция мүшелері Шалқар қаласының тұрғыны Асылан Көптілеуовтің бау-бақша алқабына барды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, биыл 4 гектар жерге көкөніс еккен шаруа өз шаруашылығы жайлы бізге айтып берді.
— «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниет білдіріп, құжаттарымды тапсырғанмын. Нәтижесінде бес жыл мерзімге 2,5 пайызбен 6 миллион 200 мың теңге несие алдым. Алған қаржыма мотопомпа, су жүргізетін құбырлар, шөп шабатын техникалар мен тыңайтқыштар, сондай-ақ тұқым сатып алдым. Содан мамыр айында аудан әкімдігінің қолдауымен жер алып, 4 гектар жерге көкөніс ектім. Атап айтсақ, оның 2,5 гектарына картоп, 1,5 гектарына қауын-қарбыз, орамжапырақ, қияр ектім. Жалпы өзім 3-4 жылдан бері бау-бақша өсіремін, тәжірибем бар. Қазір мұнда екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Оларға ай сайын 90 мың теңге жалақы төлеймін. Бақшаның жұмысына әкем де көмектеседі, — деді ол.
Асылан Көптілеуов аудандағы «Қамқор Локоматив» ЖШС-на қарасты жөндеу депосында жұмыс істейді екен. Осы жобаның тиімділігін түсінген ол еш ойланбастан бағдарламаға қатысуға өтініш берген. Енді, міне, ол алғашқы өнімдерін аудан орталығындағы сауда орындарына сатып жатыр.
Оның айтуынша, қазір Шалқар қаласында бір келі қиярдың бағасы — 250 теңге. Шаруа дүкендерге өз өнімдерін арзандатып, 200 теңгеге тапсырып жатыр екен.
— Еңбек еткен адамға мүмкіндік көп, жоқшылық жоқ. Сондықтан ауыл тұрғындарын осы жобаға қатысуға, өз ауылдарын түлетуге үлес қосуға шақырамын. Болашақта осы кәсібімді дамытуға бар күшімді саламын. Көкөністің басқа да түрлерін өсіргім келеді, — дейді шаруа.
Округ тұрғындарымен кездесті
Одан әрі экспедиция мүшелері Есет Көтібарұлы және Жаңақоныс ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Басқосуда экспедицияны бастап барған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин сапардың мақсатын түсіндірді.
— Осыған дейін біз Хромтау, Мұғалжар, Алға, Темір, Байғанин аудандарын аралап, сіздер секілді «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, мал бағып, құс өсіріп, бау-бақша егіп, шағын және орта бизнеспен айналысып отырған кәсіпкерлермен кездескен болатынбыз. Жалпы, іссапарлардан түйгеніміз, жобаға қатысуға ниет білдіріп жатқандардың саны көбейіп келеді.
Біздің бұл экспедицияның мақсаты — сіздер сияқты ауыл тұрғындарына жаңа жобаның мән-маңызы мен оған қатысу талаптарын түсіндіру. Сіздердің көкейлеріңізде жүрген сауалдарға жауап беру. Міне, бүгінгі кездесуге осы жобаны жүзеге асыруда жұмыс жасап жүрген жауапты мамандар келіп отыр. Сондықтан осы басқосуда бағдарлама туралы барлық мән-жайды мамандардан сұрап, білулеріңізге болады, — деді Р.Отыншин.
Кездесуде белгілі ақын, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев облыс тұрғындарын, оның ішінде аудан халқын жергілікті өніммен қамтамасыз етуде, кәсіп ашуға ниеттеніп жүрген азаматтарға қолдау білдіруде «Ауыл аманаты» бағдарламасының берері мол екенін жеткізді. Сондай-ақ ол жиналған жұртшылықты осы жобаға қатысуға, мемлекет беріп отырған мүмкіндікті дер кезінде пайдалануға шақырды.
— Қазір мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға, әсіресе елді мекендерде ауыл шаруашылығы саласын жандандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Егер сіздер осы жобаға қатысып, аулаларыңызда төрт түлік пен құстың санын көбейтсеңіздер, табысыңыз да артады, ауылдың да жағдайы жақсарады, жұмыссыздық та азаяды, — деді ол.
Кездесу барысында қос округтің тұрғындары «Ақтөбе» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Ашур Алмасов пен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының шағын несиелеу бөлімінің басшысы Бағдат Қожамұраттан жоба аясында несие рәсімдеудің заңдылықтарын сұрап, кеңес алды.
Мәселен, Жаңақоныс ауылдық округіне қарасты Аққайтым ауылының тұрғыны Айсұлу Көптілеуова «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу үшін 1 маусымда өтініш берген. Ол несие алу үшін кепілге мүлік қою рәсімдерінің ұзаққа созылып кеткенін айтады.
Тұрғын ауылда тігін цехын ашқысы келеді. Осылайша ол жаз айларында мектеп формаларын тігуге тапсырыс қабылдауды жоспарлап отыр.
— Несие алуға құжаттар тапсырғанмын. Кепілге мүлік қоюға келгенде құжаттарым мекемелерде «жатып» қалды. Осы мәселе ертерек шешілсе екен, — дейді ол.
Мамандар тұрғынның кепілге мүлік қою мәселесі 15 күннің ішінде шешілетінін жеткізді.
Есет Көтібарұлы және Жаңақоныс ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасына қатысып жатқан тұрғындармен тілдескенбіз, олардың дені ірі қара, қой-ешкі өсіруге ден қойып жатыр екен. Мысалы, Есет Көтібарұлы ауылдық округі Байқадам ауылының тұрғыны Алтынбек Үмбетов биыл бағдарлама аясында тауарлық несие алыпты.
— «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында жеке кәсіпкерлік ашып, ауламдағы ірі қараның санын көбейтіп жатырмын. Жоба бойынша ауылдағы «Нұралы» шаруа қожалығынан 15 бас сиыр алдым. Алдағы уақытта жыл сайын шаруашылыққа 6 төл беріп тұрамын. Ал қалғанын өзім өсіріп, мал санын көбейтпекпін. Біз сияқты қарапайым тұрғындарға осындай қолдау танытып жатқан азаматтарға ризашылығымды білдіремін, — дейді ол.
Ал Жаңақоныс ауылдық округінің тұрғыны Тәттігүл Баймұрзина ешкі өсіруді қолға алмақ. Ол жобаға қатысу үшін құжаттарын тапсырып қойыпты, жуырда несиесін алады.
- Өзім ауылдық мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. «Ауыл аманаты» жобасы туралы естіп-біліп, бағдарламаға қатысуға ниет білдірдім. Кепілге ауылдағы үйімді қойдым. Енді, міне, жуырда қолыма қаржымды аламын. Жалпы, маған берілген несиенің мөлшері — 3 миллион 200 мың теңге. Осы қаржыға ауылдан 20 ешкі сатып алып, оны ет-сүт бағытында көбейтпек ойым бар. Ешкінің сүтіне қазір сұраныс көп. Себебі ешкі сүтінің көптеген емдік қасиеті бар. Әсіресе асқазан ауруларына пайдасы зор. Сондықтан осы кәсіпті дамытуға бар күшімді саламын. Шаруашылық жұмысына жолдасым мен балаларым көмектеседі, — дейді ол.
Топырақсыз арпа өсірген Қуандық
Бұдан кейін экспедиция мүшелері «Ауыл аманаты» жобасының арқасында гидропоника әдісімен арпа өсіруді қолға алған Есет Көтібарұлы ауылдық округінің тұрғыны Қуандық Игибаевтың шаруашылығын аралап шықты.
Жас жігіт биылдан бастап гидропоника әдісімен арпа өсіруге ден қойған. Ол бұл идеяны әлеуметтік желілерден көріп қолға алған. Жалпы, гидропоника — өсімдіктерді топырақсыз өсіру әдісі. Бұл ұғым гректің «су» және «жұмыс» деген сөзінен шыққан.
— Осынау қолайлы әдіске көңілімнің ауғаны соншалық — еш ойланбастан бастап кеттім. Жоба аясында 7,5 миллион теңге несие алып, сол қаржыға барлық қажетті құрал-жабдықтарды, бірнеше қап арпа сатып алдым. Жалпы, бір келі арпаның дәнінен 8-9 келі көк балауса әзірленеді. Бұл өнімнің мал бордақылауда құнарлылығы зор. Мал сүйсініп жейді. Ең тиімділігі сол — бұл кәсіпті жыл бойы жүргізе беруге болады. Әзірге өнімдерімізді ауылдағы шаруалар сатып алып жатыр. Тапсырыс беретіндер де бар, — дейді Қуандық.
Ол бүгінде 25 келілік бір қап арпа Шалқар қаласында 3 мың теңге тұратынын айтады. Қазір бір келі дәннен 8-9 келі өнім жинап, бір қап арпадан 23 мың теңге пайда тауып отыр. Еккен арпасы жеті күнде 1-2 сантиметрге дейін жетеді екен.
— Біздің «Атамекен-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде бүгінде жылқы, ірі қара, ешкі бар. Үш адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Алдағы уақытта мал санын көбейтіп, ет, сүт бағытында өнім өндіргіміз келеді, — дейді ол.
Жылтырлықтар жылыжай ашып, құс өсіріп отыр
Экспедиция мүшелері бұдан әрі Шалқар ауылдық округіне қарасты Жылтыр ауылындағы шаруашылықтарды аралады. Алдымен осы ауылдағы Серікболсын Жексенбайдың жылыжайына барды.
Жеке кәсіпкер Серікболсын Жексенбай жылыжай шаруашылығын 2017 жылы қолға алған. Содан бері ауыл халқын көкөніспен қамтып келеді. Бүгінде ол қиярдан — 9-10 тонна, қызанақтан 2 тонна өнім алып отыр. Жылына екі рет — шілде және желтоқсан айларында өнім жинайды. Қазір ол Жылтыр ауылымен қатар, Шалқар қаласындағы дүкендерге қияр, қызанақты қолжетімді бағамен жеткізуде.
Кәсібін кеңейтуді мақсат еткен кәсіпкер биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы көлемі 2400 шаршы метр болатын бірнеше жылыжай салуға 2,5 пайызбен 18 млн теңге несие алыпты. Қазір Жылтырда осы жылыжайлардың құрылысы жүргізілуде.
— «Ауыл аманаты» жобасының арқасында тиімді мүмкіндікті пайдаланып, құлпынай өсіру үшін бес, қияр-қызанақ егуге екі жылыжай ашуды жоспарлап отырмын. Қазір істі бастап кеттім. Жылыжайлар қыста да, жазда жұмыс жасай береді. Бүгінде мұнда 2-3 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Жылыжайлардың барлығына тамшылатын суару әдісін қолданамыз. Осы айда күніне 7-9 келі өнім жинап отырмыз. Жалпы ауылда кәсіп ашам деген адамға мүмкіндік мол. Енді, міне, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы халыққа ерекше қолдау болып отыр, — дейді Серікболсын.
Ал Жылтыр ауылының тұрғыны Бауыржан Қарпық «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, бүгінде елді мекенде құс шаруашылығын дамытуда. Қазір оның ауласында 600 тауық бар.
— «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен бес жылға 4 миллион теңге несие алып, 600 тауық сатып алдым. Оның 400-і әлі кішкентай, 200-і — аналық. Қазір содан күніне 90 жұмыртқа алып отырмын. Құстарды Алға ауданындағы «Макаревич» шаруашылығынан әкелдім. Бұрын құс өсіруде тәжірибем жоқ, дегенмен осы кәсіпті еш қорықпастан бастап кеттім. Ендігі жоспарым — құс санын көбейту. Қазір жұмыртқаны Жылтыр мен Шалқар қаласына 60 теңгеден тапсырып жатырмыз, — дейді шаруа.
Бұдан кейін экспедиция мүшелері Жылтыр ауылдық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, бағдарламаның шарттары мен тиімділігін түсіндірді.
Жиында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бағдарламаға қатысып, кәсібін дамытып жатқан ауыл тұрғыны Серікболсын Жексенбайға облыс әкімі Ералы Тоғжановтың ыстық ықыласын жеткізіп, Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ серіктестік атынан Шетырғыз ауылының тұрғыны Бақытгүл Нағашыбаева мен Жылтыр ауылының тұрғыны Бауыржан Қарпықты арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
Кездесу барысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының шағын несиелеу бөлімінің басшысы Бағдат Қожамұрат тұрғындарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауданда қандай жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтып берді.
- Шалқар ауданында бүгінге дейін 90-ға жуық жоба мақұлданып, шаруалар өз жұмысын бастап кетті. Қазір жоба аясында басқа аудандарда тұрғындардың көбі құс өсірумен, бау-бақша егумен айналысса, сіздерде барлық бағыттағы жұмыстар қолға алынып жатыр. Жалпы, облыс бойынша бұл жобаға бюджеттен 6,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Қазір соның 4,8 миллиард теңгесіне 1176 адамның өтініші мақұлданды. Олар құжаттарын дайындап жатыр, жуырда несиелерін қолына алады. Сондай-ақ бүгінге дейін өңірімізде 582 тұрғын несие алып, өз кәсібін ашты, — деген ол «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысқан кез келген тұрғын бес жыл мерзімге 2,5 пайызбен несие ала алатынын жеткізді.
Оның айтуынша, жоба аясында несие тек шағын қала және елді мекен тұрғындарына беріледі. Бағдарлама шартына сәйкес бір тұрғынға берілетін несиенің мөлшері — 8 миллион 625 мың теңге. Ал «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтеріне берілетін несие мөлшері — 27 миллион 600 мың теңге. Бағдарламаға қатысатын кез келген тұрғын жеңілдікпен несие алу үшін жеке мүлкін кепілге қоюы керек.
Басқосуда экспедиция мүшелері жылтырлықтарға «Ауыл аманаты» жобасы облыста сәтті жүзеге асырылса, онда ауылдық жерлерде халықтың табысы артып, жұмыссыздар саны азаятынын, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы салалары қарқынды дамып, өңірде жергілікті өніммен қамту мәселесі қолға алынып жатқанын жеткізді. Ауыл азаматтарын бағдарламаға белсенді түрде қатысуға шақырды.
Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе-Шалқар-Ақтөбе
Тағы да
Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдық жерлерде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен және аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерімен танысқаннан кейін жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті
Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылу барысымен танысты