«Ақтөбе медиа» ЖШС бастамасымен құрылған «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясы Темір ауданына барды. Олар аудан халқына «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы жан-жақты түсіндірді.
Бұл— экспедиция мүшелері барған бесінші аудан. Бұған дейін құрамында облыстың қос басылымы — «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері және «Үштаған» журналы бар «Ақтөбе медиа» ЖШС,облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары Хромтау, Мұғалжар, Алға, Байғанин аудандарына жолға шыққан еді. Өңірдегі 12 ауданның бәрін де қамтуды мақсат еткен экспедицияға облыс әкімі Ералы Тоғжанов қолдау білдіріп, алғашқы сапарына сәт-сапар тілеп шығарып салған-ды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бірегей бағдарламаның басты мақсаты — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, ауылды гүлдендіру.
Бүгінде Темір ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы құны 454,1 миллион теңгеге бағаланған 79 жоба мақұлданған. Соның нәтижесінде аталған аудандағы 19 жұмыссыз кәсіп ашты. Әсіресе бала кезден бірге ойнап, бірге өскен екі дос — Қанат Жұмалиев пен Серік Қыдырбаевтың жобасы облыс бойынша бірегей болып отыр. «Дос» сүт өңдеу кешенінің жетекшілері бірлесіп, аудан орталығы Шұбарқұдық ауылы мен Жақсымайда балмұздақ өндіріп жатыр.
Арнайы экспедиция мүшелері Шұбарқұдық, Жақсымай,Кеңесту ауылдық округтерінің және Темір қаласының тұрғындарымен кездесіп, бағдарламаның маңызы туралы түсіндіріп, сала мамандары сауалдарға жауап берді.
Тегін курстар, тәжірибелі мамандар
Арнайы топ мүшелері аудандық әкімдік ғимаратында халықпен кездесті. Алдымен «Ақтөбе медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин сөз алды.
— Темір — өндірісті аудан. Дегенмен үнемі мұнайға ғана үміт артып отыруға болмайды. Өйткені табиғи қор ерте ме, кеш пе таусылатыны белгілі. Ал ауыл шаруашылығын, оның ішінде атакәсіп малшаруашылығын дамытудың пайдасы зор. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет тарапынан көптеген бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Соның бір парасы — ауылды көркейту мен жақсартуды мақсат еткен — «Ауыл аманаты» жобасы. Аталған бағдарлама екі бағытта іске асырылуда. Бірі өте төмен — бар болғаны 2,5 пайыз үстемеақымен 5 жылға несие беру болса, екіншісі — тауарлы несие.
Елімізде «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» секілді ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар болды. Дегенмен оған біреудің қолы жетті, бірінікі жеткен жоқ. «Ауыл аманатының» жөні бөлек. Олай дейтініміз ауылдағы ешбір үйді екінші деңгейлі банк кепілге алмайтыны мәлім. Ал «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың үйін «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кепілге алады. Бұл — үлкен мүмкіндік. Сол себепті мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз қажет, — деді «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясының жетекшісі Раукен Сағызбайұлы.
«Үш таған» журналының бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ертай Ашықбаев:
— Қағазға түскеніне қанша уақыт болса да, оқыған адамның санасында ұзақ уақыт орнығып қалатын қайырымдар болады. Сондай ескірмейтін тармақтардың бірі — қазақтың аяулы қаламгері Бейімбет Майлиннің өлеңінде айтылған «Гүлденсе ауыл — гүлденеміз бәріміз, Ауыл — дене, біз — қозғалтар жанымыз» деген қос жол. Қостанайда 1923 жылы тамыз айында жазылған осы өлең осы кезге дейін назардан тыс қалып көрген емес. Империялық кеңес өкіметі 1921-1922 жылдары қолдан ұйымдастырған ашаршылықтың ізін ала жазылған бұл өлең енді бүгін ғана емес, алдағы уақыттарда да басты нысана болып қала беруі тиіс, — дей келе, «Ауыл аманаты» жобасының іске асуы мен бүгінгі ауыл тұрғындарының өмір сапасы арасындағы байланыстарды жете талдай әңгімеледі.
Шара барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Мұхтар Әкімов сөз алды.
Біздің облыста «Ауыл аманаты» жобасына өңірдің барлық ауданының, нақтырақ айтқанда134 ауылдық округ пен 6 шағын қаланың тұрғындары қатысып жатыр. Жоба аясында Ақтөбеге 6,5 миллиард теңге бөлінген болатын. Бүгінде жалпы көлемі 4,8 миллиард теңгеге 1176 жобаның құжаттары мақұлданып, 2,4 миллиард теңгеге 575 несие берілген. Оның 183-і — жұмыссыздар. Жоба аясында ауыл тұрғындарына пайыздық мөлшерлемесі 2,5 пайыз үстемеақымен жеңілдетілген несие беріледі.
— Несиенің шекті көлемі — 8 625 000 теңгеге дейінгі қаражат. Ал кооперацияларды дамытуға берілетін қаржы — 8 мың айлық есептік көрсеткіш (24 504 000 теңге). Бұл қаржы азық-түлік және киім дүкендерінен басқа кәсіп ашуға беріледі. Айта кету керек, кәсіп ашуға ниетті адамдарды қолдау мақсатында тегін курстар ашылды. Іс бастағысы келетіндер сол курстарда білімін жетілдірсе болады. Оларға кәсібінен нәсіп көрген тәжірибелі кәсіпкерлер түрлі бағытта кеңес береді. Жылыжай ашу, құс өсіру секілді бағыттардың бәрі қамтылған. Сабақ онлайн режимінде де өткізіледі, — деді Мұхтар Әкімов.
Жеңілдетілген несие, арнайы кесте
Жиында сөз алған «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Ашур Алмасов ауыл тұрғындары тезірек әрекет етпесе, жоба аясында бөлінген қаржының біразы игеріліп болғанын айтты.
— Расында, «Ауыл аманаты» жобасы бизнесті дамыту үшін үлкен мүмкіндік. Бұрын-соңды ел көлемінде болмаған жаңалық, ауылдың үйі кепілге алынады. Жылжымайтын мүлік жан-жақты сарапталып, бағаланады. Үйдің материалы да маңызға ие. Құрылыс материалы саманнан, кірпішпен салынғанына байланысты бағаланады. Несие 5 жылға беріледі. Кәсіпті дамытып, ақшаны айналдыру үшін бір жыл каникулы бар. Бұл да үлкен мүмкіндік. Тағы бір тиімдісі, несиені ай сайын төлеуге де болады. Болмаса, тоқсан сайын, жарты жыл сайын, бір жылда бір рет төлеуге мүмкіндік беріледі. Бұл үшін арнайы кесте жасалып, төленетін қаржы есептеледі.
Айта кету керек, кепіл жетіп жатса, 8 625 мың теңге тұтас беріледі. Кепіл одан да артық болса, екі тіпті үш бағытқа да 8 625 мың теңгеден беріледі. Сонда бизнесті дамыту үшін 25 миллион теңгеге дейін қаржы алуға болады. Яғни несие құс шаруашылығына да, өсімдік шаруашылығына да, дәстүрлі емес шаруашылық түріне де беріледі. Жалпы «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие 60 бағыт бойынша беру жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі — өнім өңдеу.
Бүгінде Мұғалжар, Алға аудандарында екінші бағыт бойынша да несие алып, кәсібін дамытып жатқан кәсіпкерлер бар.
Еліміз бойынша «Ауыл аманаты» жобасы біздің облыс пен Жамбылда ғана пилоттық жоба ретінде іске асырылып жатыр. Қалған облыстарда бұл бағдарлама біртіндеп қолға алына бастады. Жоба аясында біздің өңірге қомақты қаражат бөлініп отыр. Дегенмен бөлінген қаржының біразы игеріліп болды. Сол себепті іс бастап, кәсіп ашуға ниетіңіз болса, тезірек әрекет етпесеңіз, ертең кеш болуы мүмкін, — деді Ашур Алмасов.
Шара барысында философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов та сөз сөйлеп, мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі туралы жан-жақты әңгімеледі.
Бұдан кейін экспедиция мүшелері жоба аясында кәсіп ашқан Шұбарқұдық ауылының тұрғыны Асхат Сатановтың шаруашылығымен танысты.
—2021 жылы жергілікті әкімдіктен жер берді. Қазір сол жерге «Ауыл аманаты» жобасы аясында қияр, қызанақ секілді көкөністер ектім. Біраз жерге жоңышқа да өсіріп жатырмын. Сондай-ақ жоба бойынша қаз, тауық та сатып алдым. Таңнан кешке дейін зайыбымыз екеуміз тынбай еңбек етіп жатырмыз.
Мүмкіндікті пайдаланып, аудандық әкімдіктегі қызметкерлерге ризашылығымды білдіргім келеді. Солардың арқасында кәсіп ашу үшін мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндік беріліп жатқанын, «Ауыл аманаты» жобасы аясында көп шаруа тындыруға болатынын білдік, — дейді Асхат Сатанов.
Бірегей жоба — балмұздақ
Арнайы топ мүшелері Жақсымай ауылында орналасқан «Дос» дәмханасына барды. Мұнда бала кезден тай-құлындай тебісіп бірге өскен екі дос — Қанат Жұмалиев пен Серік Қыдырбаев балмұздақ өндіріп жатыр.
— Ақпан айында «Ауыл аманаты» жобасына қатысу үшін өтініш бердік. Мамыр айында өтінішіміз мақұлданып, 8140 мың теңге қаржы алдық. Содан кейін балмұздақ өндіретін ғимаратқа күрделі жөндеу жүргіздік. Алматыдан Түркияда жасалған 3 құрылғы сатып алдық, — дейді Қанат Жұмағалиев.
Серік Қыдырбаевтың айтуынша, «Дос» кешенінің балмұздақтары Жақсымаймен қатар, Шұбарқұдық ауылындағы саябақта да сатылады екен.
— Балмұздаққа сұраныс жоғары. Шұбарқұдықтағы дүңгіршекте күн сайын 100-ге жуық балмұздақ сатылады. Тұтынушылардың көңілінен шығып жатырмыз. Бағасы да қолжетімді: 250-300 теңге, — дейді Серік Қыдырбаев.
— «Ауыл аманаты» жобасының арқасында қос балам — Серік пен Қанат бірігіп, кәсіптерін дамытып жатыр. Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп жатқанымызға қуаныштымыз. Үкімет тарапынан ауылды көркейту үшін қолға алынған бұл жобаның берері мол. Ауыл тұрғындары бұл мүмкіндікті тиімді пайдалана білуі керек, — дейді Серіктің анасы Жаңылдық Қыдырбаева.
Шара барысында «Ақтөбе медиа» ЖШС басшысы Раукен Отыншин екі достың кәсібіне береке тілеп, оларға облыс әкімі Ералы Тоғжановтың Алғыс хатын табыс етті.
Өнім өткізуге көмек көрсетіледі
Бұдан кейін экпедиция мүшелері Кеңесту ауылдық округінің орталығы Қопа ауылына барып, ондағы халықпен кездесу өткізді. Мұнда да жиналған жұртшылыққа «Ауыл аманаты» жобасы туралы жан-жақты түсіндіріліп, тұрғындардың сауалдарына тұшымды жауаптар берілді.
— Бұл жобаның басым бағыттарының бірі — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біздің өңірде негізгі әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің тек 3 түрімен ғана толық қамтылған. Картоп, пияз, сәбіз секілді 8 өнімді ішінара қамтып отырмыз. Өзімізде өндірілмегендіктен өнімді оңтүстік өңірлерден, шетелден әкелуімізге тура келеді. Қаражатымызды сыртқа жібермес үшін де өнім өзімізде өндірілуі қажет. Осы мәселені шешу — басты мақсат, — деді Мұхтар Әкімов.
— «Бейнеттеніп жинаған өніміміз өтпей қалады» деген қорқыныш болмауы керек. Өйткені өнімді сатуға әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларға арналған арнайы орындар бар. Мысалы, құс өнімдерін сату үшін 12 орын, 20 орын көкөніс сату үшін бөлініп отыр. Бұл үшін ақы алынбайды.Сондай-ақ облыс орталығындағы «Анвар», «Дина» секілді ірі дүкендер желілеріне де өнімдерді өткізу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Айта кету керек, «Ауыл аманаты» жобасы Қарғалы, Мәртөк, Қобда аудандарында қарқынды дамып келеді. Бұл аудандағы кәсіпкерлерге аталған базарда өнімдерін сатуға тегін орын беріп жатырмыз, — деді Ашур Алмасов.
Айнұрдың дәмді наны
Кеңесту ауылдық округінің әкімі Жәнібек Маясаровтың айтуынша, аталған округте 12 жоба бойынша өтініш мақұлданып, бүгінде оның 5-еуі қаржыландырылыпты. Екі бау-бақша, құс, тігін, наубайхана бағыттары бойынша несие алған тұрғындар іске кірісіп кеткен.
— Кеңесту ауылдық округіне қарасты үш елді мекен бар. Орталығы — Қопа ауылы. Халық саны — 1810 тұрғын. Атаулы әлеуметтік көмек алатын 3 отбасы бар. Оның біреуі «Ауыл аманаты» жобасына қатысып жатыр. Жалпы тұрғындардың арасында тойхана, монша ашуға ниеттеніп жатқандар бар. Тұрғындардың біразы құс өсіргісі келеді, — дейді округ әкімі Жәнібек Маясаров.
Арнайы топ өкілдері Қопа ауылын нанмен қамтып отырған көпбалалы ана Айнұр Үмітбаеваның үйіне барды.
— Осыдан 3-4 жыл бұрын Кеңесту ауылдық округіне Қандыағаш қаласынан көшіп келдік. Жолдасым екеуміз бес бала тәрбиелеп, өсіріп жатырмыз.
«Ауыл аманты» бағдарламасының арқасында 2800 мың теңге несие алып, наубайхана аштым. Жұмыс таңғы сағат 4.30-да басталады. Содан түс ауғанша тыным көрмейміз. Нанды дүкенге жеткізуге балаларым көмектеседі. Студент қызым екеуміз нан пісіреміз.
Өнім жақсы өтеді. Өйткені нан өнімдеріне сұраныс көп. Кейде бір күнде 180 нан пісіремін. Сондай-ақ тәтті бөлкелерге де тапсырыс берушілер көп. Нанды ауылдағы 3 дүкенге тапсырамыз. Қалғанын тұтынушылар үйден келіп алып кетеді, — дейді Айнұр Үмітбаева.
«Ақтөбе медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин наубайхана иесі Айнұр Үмітбаеваға Алғыс хат табыстады.
Темірліктер тілегі
«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясының мүшелері Темір қаласында болып, мұндамемлекеттік бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқанымен танысты.
— Жолдасым Азамат екеуміз «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, мемлекеттің қолдауына ие болдық. Төмен пайызбен 8600 000 теңге несиеге қолымыз жетті. Ол қаржыға үйрек, қаз алдық. Бұл үй құстарының өнімділігі жоғары, тез өседі. Апта сайын қала дүкендеріне 1500-1700 жұмыртқа тапсырамыз. Күн ыстық болғанда жұмыртқаны көп жинаймыз. Күн суытса, өнім аздау болады. Жұмыртқаның бағасы — 50 теңге. Өнім өткізуде ешқандай қиындық жоқ. Екі айдан соң үйрек етін, алты айдан кейін қаз етін тапсырамыз.
Жартылай дайын өнімдер сатуды жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы кәсібімізді дамыту үшін жеңілдетілген несие алуға құжаттарымызды әзірлеп қойдық. Жер сатып алдық. Қазір ғимарат салып жатырмыз. Құрылыс жұмыстары бір айдың шамасында аяқталады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы — еңбек етіп, кәсібін дамытқысы келетіндер үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекет тарапынан ауыл халқын қолдауға бар жағдай жасалып жатыр. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланбау — бізге сын, — дейді Сара Ермекқарина.
Темір қаласында 533 түтін бар. 2460 адам тұрады. Атаулы әлеуметтік көмек алатын 4 отбасы бар. Жыл басында 41 жұмыссыз болыпты, қазір 20-ға жуық адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.
— «Ауыл аманаты» жобасы аясында 13 жобаның құжаттары (құны — 60 миллион теңге)рәсімделді. Оның 11-і «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылып, қазірдің өзінде 6 жоба бойынша несие алынды. 2 отбасыға тауарлы несие (6 бас ірі қара, 20 қой) берілді.Тағы да 4-5 жобамыз бар. Темірге монша, дөңгелек жөндеу орталығы керек. Сондай-ақ қала сыртындағы дәмханаға құрал-жабдықтар қажет. Бұл бағыттар бойынша құжат әзірленуде. Жалпы құны 5 миллион теңгеге бағаланатын 3 тауарлы несие береміз.
Тұрғындар «Ауыл аманты» жобасы бойынша жеңілдетілген несиеге мал сатып алғысы келеді. Бұл бағыт бойынша 35 жобамыз дайын тұр. Дегенмен бағдарламада бұл бағыт жоқ. Келесі жылы қолға алынса, осы бағыт енгізілсе деген өтінішіміз бар, — дейді Темір қаласының әкімі Асқар Қоқанов.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ
Тағы да
Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдық жерлерде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен және аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерімен танысқаннан кейін жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті
Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылу барысымен танысты