«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» ақпараттық-насихат экспедициясы Алға ауданына барды. Экспедиция мүшелері тұрғындарға жобаның мақсат-міндетін түсіндіріп, осы бағдарлама аясында кәсіп ашқан азаматтармен кездесті.
Жобаның мақсатын түсіндірді
«Ақтөбе Медиа» ЖШС бастамасымен құрылған экспедиция іссапарды алдымен Алға ауданының Тамды ауылынан бастады. Бұл ауылдық округте бүгінде 2,5 мыңға жуық адам тұрады. Округте екі елді мекен бар: Талдысай және Еркінкүш.
Округ әкімі Амангелді Сейдалиевтің айтуынша, қазір Талдысай ауылында 300-ге жуық, ал Еркінкүште 200-ге жуық тұрғын тұрады. Тұрғындардың көбі мал және егін шаруашылығымен айналысады.
— Тамды ауылдық округінде 41 шаруа қожалығы бар. Олардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ дәнді дақылдар мен көкөністер өсіретіндер де бар. Алдағы уақытта округте құс шаруашылығын дамыту көзделіп отыр. Бүгінге дейін ауылымызда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша үш жоба мақұлданды. Оның ішінде Амантай Әлиев есімді жеке кәсіпкеріміз несие алып, жартылай дайын өнімдер шығарумен айналысып жатыр. Тағы екі жобаға қатысушы несие алу үшін құжаттарын әзірлеуде. Жалпы, жыл аяғына дейін «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар санын 30-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ауылымызда бүгінде 18 жұмыссыз тіркелсе, қазір олардың барлығы дерлік өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр, — дейді ол.
Тамды ауылындағы орта мектепте өткен кездесу барысында экспедиция мүшелері жергілікті тұрғындарға «Ауыл аманаты» жобасының маңызын түсіндіріп, аталған бағдарламаның жеке кәсіп ашуға ниетті азаматтарға мол мүмкіндік беретінін жеткізді.
— Осыған дейін біз, экспедиция мүшелері, Хромтау, Мұғалжар аудандарында болып, ауылда сіздер секілді мал бағып, құс өсіріп, бау-бақша егіп, шағын бизнеспен айналысып отырған азаматтармен кездескен болатынбыз. Бүгін, міне, Алға ауданына да жол түсіп, іссапарымыздың басын Тамды ауылынан бастап отырмыз. Бұл экспедицияның мақсаты — тұрғындарға жаңа жобаның мән-маңызы мен оған қатысу талаптарын түсіндіру. Бүгінгі кездесуге осы жобаны жүзеге асыруда жұмыс жасап жүрген жауапты мамандар да келіп отыр.
Осы тұста айта кету керек, біз барлық ауданды аралап шыққан соң, Республика күні қарсаңында осы экспедицияның қорытындысын шығарамыз. Сол шарада әр ауданда осы жоба аясында көзге түскен тұрғындарды марапаттайтын боламыз. Мәселен, бірқатар азаматтарға бағалы сыйлықтар берілсе, бір тобына облыстық басылымдарға тегін жазылуға арналған сертификаттар, шипажайға жолдамалар табысталады. Сондай-ақ облыстық қос басылымның «Жыл адамы» атағы да табыс етіледі, — деді «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Р.Отыншин.
Бұдан кейін сөз сөйлеген экспедиция мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов ел экономикасын дамытуда ауылға жағдай жасаудың маңызы зор екенін тілге тиек етті.
- Қазір біз жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Мемлекет басшысы айтқандай, ендігі жерде біз ауыл-аймақтарды дамытуға, өркендетуге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Осы орайда биыл біздің облысымызда облыс әкімінің бастамасымен «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды. Бұған дейін де елімізде ауылдарды түлетуге көп қаржы бөлінгені анық. Дегенмен оның пайдасын қарапайым тұрғындар көре алған жоқ. Енді «Ауыл аманаты» жобасы аясында шалғай ауылдарда тұратын қарапайым халық жаңа кәсіп ашып, ауласындағы малын көбейтуге мүмкіндік алып отыр. Бұл — өте тиімді, тұрғындарға қолайлы бағдарлама, — деді ол.
Кездесуде белгілі ақын, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев қазір өңірімізге азық-түліктің көп бөлігі өзге облыстардан, сондай-ақ шетелдерден әкелінетінін айтып, халықты жергілікті өнімдермен қамту, олардың қорын көбейту мәселесін көтерді.
— Облысымыз алдағы уақытта ауыл шаруашылық өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуі қажет. Бұл орайда ет, сүт, көкөніс өнімдерін өңдейтін шағын кәсіпорындар ауылдарда орналасуы керек. Сонда ғана ауылдардың әлеуметтік-экономикалық мәселелері шешіледі, халық жұмыспен қамтылады. Қазір, Президенттің тапсырмасына сәйкес алдағы үш жыл ауылдық аумақтарды барынша дамытуға арналып отыр. Биыл Ақтөбе облысы Мемлекет басшысының осы тапсырмасын алғашқылардың бірі болып орындап жатқанын мақтанышпен айта аламыз, — деді ол.
Жиын барысында «Ақтөбе» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Ашур Алмасов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қайта өңдеу бөлімінің бас маманы Мұхтар Әкімов тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, жоба аясында несие рәсімдеудің заңдылықтарын түсіндірді.
Мұхтар Әкімовтің айтуынша, қазір облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жобаға қатысушыларға қолдау көрсетіп, олардың өз өнімдерін сатуына мүмкіндік жасап жатыр. Мәселен, ендігі жерде «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларға облыс орталығында орналасқан «Табыс» коммуналдық базарынан орын беріледі. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің шағын дүкен ашуына да жағдай жасалады. Мәселен, жуырда ғана Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округінің шаруалары бірлесіп, «Болашақ» шағын ауданынан өз өнімдерін сататын дүкен ашты.
— Кәсіпкерлерге бұл орын тегін берілді. Ал дүкеннің құрылысын өздері жүргізді. Бұл да кәсіпкерлерге үлкен қолдау. Қазір біздің өңірде бұл жобаға 134 ауылдық округ пен 6 шағын қала қатысып жатыр. Осы ауылдарда тұратын тұрғындардың барлығы 2,5 пайызбен несие ала алады. Ең бастысы, құжаттары түгел және несие алу үшін кепілге қоятын мүлкі болуы керек. Бұл жобаны жүзеге асыруға биыл мемлекеттен 6,5 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Қазір облыс бойынша мыңнан астам жоба мақұлданса, 500-ге жуық жоба сәтті жүзеге асырылуда, — дейді бас маман.
Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы облыс бойынша сәтті жүзеге асырылса, онда
ауылдық жерлерде кәсіпкерлік саласы дамып, жұмыссыздар азаяды, халықтың табысы артады, сондай-ақ өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі шешіледі.
Кездесу соңында экспедицияны бастап барған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Тамды ауылында бағдарламаға қатысып, өз кәсібін бастаған Амантай Әлиевке облыс әкімі Ералы Тоғжановтың ыстық ықыласын жеткізіп, Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ серіктестік атынан белсенді азаматқа алғысын жеткізіп, жаңа ашқан кәсібіне сәттілік тіледі.
«Ауыл аманатының» алғашқы түлегі
Тамды ауылының тұрғыны Амантай Әлиевті «жоба түлегі» деп атауымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені ол облыста алғашқылардың бірі болып «Ауыл аманаты» жобасына қатысқан. 2,5 пайызбен бес жылға 6 млн 300 мың теңге несие алып, жеке кәсібін ашқан. Жуырда ол осы жобаның жемісін көріп, Тамды ауылының орталығында «Мейірман» кафесін ашты.
— «Ауыл аманаты» жобасына ауданда алғашқылардың бірі болып қатыстым. Несиеге жартылай дайындалған ет өнімдерін шығаратын құрал-жабдықтар сатып алдым. Алдағы уақытта ауылда жартылай дайындалған ет өнімдері — тұшпара, манты, фрикадельки мен котлеттер әзірлейміз. 1 маусым күні ауылымызда шағын кафе аштық. Сол кафемізге де өз өнімдерімізді қоямыз. Болашақта кондитерлік өнімдер дайындауды да жоспарлап отырмыз, — дейді жеке кәсіпкер.
Қазір Амантай Әлиев келіншегі Еркеназ екеуі осы жобаның игілігін көріп, кәсібін дамытуға бар күш-жігерін салуда. Бүгінде олар екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Айта кету керек, жаңадан кәсіп ашқан ерлі-зайыптылар көп жылдан бері Тамды ауылындағы мектепте мұғалім болып жұмыс жасап келеді. Биылғы еңбек демалысында екеуі жоба аясында осындай үлкен бастамаларын жүзеге асыруда.
— Еңбек еткен адамға қазір мүмкіндік мол. Жаңа кәсіп ашу үшін мемлекеттен осындай қолдау болса жеткілікті. Бұрын кәсіппен айналысуға аса көп қызықпайтын едік. Міне, «Ауыл аманаты» жобасы бізге мол мүмкіндік беріп, бір-ақ күнде кәсіпкер болып шыға келдік. Осы тұста жаңа жобаны жүзеге асырған, бізге қолдау білдіріп жатқан облыс әкімі Ералы Лұқпанұлына алғысымыз шексіз, — дейді ол.
Жылыжайдың жемісін жейді
Экспедиция мүшелері бұдан әрі Алға қаласындағы кәсіпкерлердің шаруашылықтарын аралады. Алдымен Алға қаласының тұрғыны Байрамбай Қадырхановтың жылыжайына барды.
Ауыл тұрғыны сәуір айында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жылыжай салу үшін мемлекеттен 8 млн теңге несие алған. Алған қаржысына қажетті құрылыс материалдарын сатып алып, жылыжай салған. Жылыжайының жалпы ауданы — 200 шаршы метр.
— Алға қаласында 20 жылдан бері тұрамын. Мамандығым — есепші. Бұрын мұнай саласында көп жыл еңбек еттім. Биыл жұмыссыз ретінде тіркеліп, осы жоба аясында 5 жылға 8 миллион теңге несие алдым. Жобаға қатысу үшін баспанамды кепілге қойдым. Алған қаржыма жылыжай салу үшін құрылыс материалдарын, тұқым, тыңайтқыштар, қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Содан мамыр айында жерге қиярдың голландиялық сорты — северинді ектім. Міне, 15 күннен кейін алғашқы өнімімізді жинап, Алға қаласындағы дүкендерге тапсырамын. Осы жобаға қатысуыма көмектескен азаматтарға рақмет, — дейді ол.
Байрамбай Қадырханов жылыжайдың жұмысына зайыбы мен ұлдары көмектесетінін айтады. Өзінің де мұндай кәсіпке икемді екені көрініп тұр, жылыжайы тап-тұйнақтай, өскен өнімі де көздің жауын алады. Сондай-ақ ол әңгіме арасында «Ауыл аманаты» жобасы аясында шағын дүкен ашу үшін тағы қаржы алғанын жеткізді. Қазір дүкеннің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сауда нысаны ашылса, кәсіпкер өз өнімдерін осы жерде де сатуға ниетті.
Алға қаласының әкімі Нұрбол Сұрбаевтың айтуынша, биыл аудан орталығында Байрамбай Қадырханов сияқты жылыжай ашу үшін жобаға қатысуға өтініш берген 8 тұрғын тіркелген. Қазір олардың төртеуі несиесін алып үлгерсе, қалғаны құжаттарын рәсімдеп жатыр.
- Алға қаласы бойынша бүгінде 34 жоба «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына тапсырылды. Бұл жобалардың жалпы құны — мөлшері 221 миллион теңге. Қазір оның ішінде 24 жоба мақұлданды. Мәселен, 8 жоба жылыжайы ашу бағытында болса, 7 жоба — құс өсіру, 5 жоба — ешкі бағу, бір жоба түзету орталығын ашу бойынша тіркеліп отыр. Сондай-ақ шағын кәсіпкерлікке ден қойып отырған тұрғындарымыз да бар, — дейді ол.
Алға қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Талғат Ахметов жылыжай салу үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысқанын айтады. Ол да құжаттарын рәсімдеп, үйін кепілге қойып, 8 млн теңге несие алған. Бүгінде ол жылыжайына қияр, пияз, ақжелкен егіп тастапты. Үш айдан кейін алғашқы өнімін жинамақшы.
- Бұл біздің отбасылық бизнесіміз деуге болады. Келіншегіміз екеуіміз осы жылыжайдың арам шөбін жұлып, суарып, бар жұмысын өзіміз атқарамыз. Бұрын өзім бау-бақша егіп, тәжірибе жинағанмын. Сондықтан маған мол өнім алуда ештеңе кедергі емес. Еңбек еткен адам қашанда бейнетінің зейнетін көреді, — дейді жас кәсіпкер.
Талғат Ахметовтің айтуынша, жылыжайдың алғашқы ауысымында 5-6 тонна өнім алуға болады. Ең бастысы, қиярды уақытымен суарып, арамшөбін жұлып отыру керек.
Жобаға қатысып, орталық ашты
Экспедиция мүшелері бұдан әрі Алға қаласында жуырда ғана ашылған «Даму» балаларды түзете-дамыту орталығына барды. Бұл орталықты ашқан — жеке кәсіпкер, логопед- дефектолог Уния Ахмединова.
Орталық иесі бұған дейін Мәскеуден, Санкт-Петербургтен оқып келген. Ол аудандағы дамуында ауытқуы бар балаларға жан-жақты көмектесу үшін осы орталықты ашыпты. Қазір мұнда күніне 50-60 балаға қызмет көрсетіледі. Орталықта 8 маман жұмыс істейді. Олардың қатарында логопед, дефектолог, психологтер бар.
- Қазір ерекше білімді қажет ететін балалардың дамуындағы ауытқуларына қарамастан, оларды шынайы ортаға бейімдеу — маңызды мәселелердің бірі. Бұл үшін қажетті жағдай жасауымыз керек. Менің осы орталықты ашқандағы басты мақсатым — осындай ерекше балаларға көмектесу, олардың дамуына атсалысу. Біздің орталыққа 5-18 жас аралығындағы балалар қабылданады. Әр курстың бағасы — 45 мың теңге. Аудандағы ата-аналар облыс орталығына бармай, осы жерге балаларын әкеле алады, — дейді орталық басшысы.
Уния Ахмединова «Ауыл аманаты» жобасы аясында алған қаржысына орталыққа қажетті құрал-жабдық алмақшы. Оның алған несиесінің жалпы мөлшері — 8 млн теңге.
Құс өсіріп, пайда тауып отыр
Алға қаласынан кейін экспедиция мүшелері Есет батыр ауылына жол тартты. Бұл ауылда «Ауыл аманаты» жобасына қатысып жатқан тұрғындар жетерлік. Олардың көбі құс өсіру үшін несие алған.
Есет батыр ауылының тұрғыны Людмила Сулейманова «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, ауылда құс шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттен 7 млн теңге несие алыпты. Ол бұған дейін Маржанбұлақ ауылында тұрып, қаз өсірген.
- Балаларымыз қалада тұрады. Отағасы екеуміз биыл осы жобаға қатысып, құс өсіру үшін 7 миллион теңге несие алдық. Қазір ауламызда 1600 қаз, 650 үйрек, 200 түйетауық, 300 тауық бар. Басында бройлер тауығын алып, өсірдік. Қазір алған өнімдерімізді еш делдалсыз өзім үйден сатамын. Жыл сайын Астанаға барып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысамыз. Ол жерде біздің өнімдеріміз сұранысқа ие. Қазір
ауданда бройлер тауығы етінің бір келісін — 1800, үйректікін — 2500-3500, түйетауықтың етін 2700 теңгеден сатып жатырмыз, — дейді ол.
Ал осы ауылдың тұрғыны, көп жыл мектепте мұғалім болып қызмет жасаған Гүлден Берғазина былтыр желтоқсан айында алғашқылардың бірі болып «Ауыл аманаты» жобасына қатысыпты. Ол да құс өсіру үшін жоба аясында несие алған.
— Қазір ауламда қаз да, үйрек те, тауық та бар. Жоба аясында 2 миллион 700 мың теңге несие алдым. Сол қаржыға 160 қаз сатып алдым. Қазір қаладан жем тасып, уақытымен құстарымызды күтіп-баптап отырмын. Күзде қаз-үйректерді сатып, пайда табамын. Қазірдің өзінде тауықтың жұмыртқасын сатып, біршама табыс тауып отырмын, — дейді ол.
Есет батыр ауылы Бесқоспа ауылдық округіне қарайды. Бүгінде бұл округте 1667 адам тұрады. «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға осы округтен жыл басынан бері 19 адам құжат тапсырған.
— «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қазір округте түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ауыл тұрғындарының бұл бағдарламаға деген қызығушылығы жоғары. Бүгінге дейін жобаға қатысуға 19 тұрғын құжаттарын тапсырды. Қазір оларға кезекпен несие беріліп жатыр. Кәсіп ашқысы келетіндердің қатарында құс өсіруге, жылыжай, шаштараз, кондитерлік өнімдер шығаратын цех ашуға ниеттілер бар. Қазір округ бойынша тағы бес азамат құжаттарын әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта олардың бизнес-жоспарларын «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына тапсырамыз, — дейді округ әкімі Жандарбек Бақытжанұлы.
Бүгінде Бесқоспа ауылдық округінде 19 жұмыссыз адам тіркеуде тұрса, оның 12-сі «Ауыл аманаты» жобасына қатысып жатыр. Ал қалған жетеуі — өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар.
Сапар соңында экспедиция мүшелері Есет батырдың кесенесіне соғып, Құран бағыштады.
Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе-Алға-Ақтөбе
Тағы да
Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдық жерлерде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен және аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерімен танысқаннан кейін жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті
Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылу барысымен танысты