Облыстық басылымдар «Ауыл аманаты» жобасын қорғайды
Облыста «Ақтөбе Медиа» ЖШС бастамасымен «Ауыл аманаты — Бабалар аманаты» экспедициясы басталды. Сейсенбі күні облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған топ экспедиция мүшелерін салтанатты түрде жолға шығарып салды.
Облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің журналистері, мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері «Ақтөбе» ӘКК қызметкерлері, ауыл шаруашылығы басқармасының, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары облыстың елдімекендерін аралап, «Ауыл аманаты» жобасын ауыл тұрғындарына түсіндіреді.
— Соңғы үш жылда ауылдан қалаға 17 мың адам көшкен. Бұлай жалғаса бергені дұрыс емес. Облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» ең алдымен ауылдарды сақтап қалуға, сол жердің тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Жоба аясында білім беру, денсаулық сақтау сапасын арттыру бойынша да шаралар қабылданып жатыр. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Біз ауылдық елдімекендердегі инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс істеуіміз керек. Биыл облыс бойынша 800 шақырымнан астам автожол жөнделеді. Соның ішінде аудандарда ауқымды жұмыстар атқарылады. «Ауыл аманаты» бастамасын қолдап, оны ауыл тұрғындары арасында насихаттауға үлес қосқалы жатқан «Ақтөбе Медиа» басшылығына алғыс айтамын, — деген Ералы Тоғжанов «Ауыл аманатының» алғашқы нәтижелерін көріп отырған ауылдар барын айтты. Облыстағы екі ауылдық округте жұмыссыздық жойылған. 60 отбасы қаладан ауылға көшіп барыпты.
— Бүгінгі таңда «Ауыл аманатына» қатысуға облыстың 1304 тұрғыны өтініш білдіріп, 804 жоба мақұлданды. Тауарлық несие бойынша 289 отбасына 4 мыңға жуық мал берілді. Тауарлық несие беріп жатқан шаруа қожалықтарының басшыларына да алғысымды айтамын. Дегенменбастама әлі де насихаттауды қажет етеді. Өйткені өңірде бірде-бір жоба ұсынбай отырған ауылдар бар, — деген облыс әкіміақпараттық-насихат экспедициясына сәттілік тілеп,«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншинге «Ауыл аманаты» жобасыныңтуын табыстады.
— Кезінде жалғанның жетегіне еріп, талай жанның ауылдан шығып кеткені рас.
Барлығымыз ауылдың баласымыз. Ал ауылдың жайын ауылдың баласынан артық ешкім біле қоймас. Ата-бабамыз сол ауылда жатыр.
Өзіңіздің бастамаңызбен қолға алынған «Ауыл аманаты» сол жергілікті ауыл тұрғындарының тұрақтап қалуын, кіндік қанымыз тамған елді мекендердің картадан жойылып кетпеуін көздейді. Сондықтан бұл бастаманы барлығымыз қолдауымыз қажет. Экспедиция мүшелері жоба туралы жетік біледі. Барған ауылдарымыздың тұрғындарына «Ауыл аманатының» тиімді тұстары туралы айтып, сұрақтарына жауап береміз, — деді «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры.
Шара соңында жолға шығып бара жатқанқандарға Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев батасын берді.
Сөйтіп, «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясы Хромтау ауданына қарай бет алды.
«Ақтөбенің» анықтамасы:
«Ауыл аманатына» қатысуға 127 хромтаулық өтініш білдірген. Бүгінгі таңда 100 жоба мақұлданыпты. Оның 59-ы несиесін алған.
Ақжардың әлеуеті жоғары
Облыс орталығынан шыққан автокеруен алдымен Ақтөбе қаласынан — 55, ал Хромтаудан 35 шақырым жерде орналасқан Ақжар ауылына барды. Бұл — өндірісті өлкенің әлеуеті жоғары ауылдарының бірі. 2700-ден астам тұрғыны бар Ақжарда ауызсу да, газ да бар. Ауыл әкімі Болатбек Дүйсенбин тұрғындардың «Ауыл аманатына» белсенді қатысып жатқанын айтады. 20 адамның жобасы мақұлданыпты. Олардың ішінде құс шаруашылығынан бөлек, ауласында жылыжай салып, монша, дөңгелек жөндейтін цех ашқысы келетіндер бар.
Экспедиция мүшелері үйіне барған Ақжар ауылының тұрғыны Күнсұлу Сафина — «Ауыл аманатының» қатысушыларының бірі. Біз бұған дейін Күнсұлу Сафинаны ауылда алғашқылардың бірі болып тігін шеберханасын ашқан тігінші-кәсіпкер ретінде танитынбыз. Бұл жолы басқа қырынан көрдік. Тірлігі таңғы сағат 4.30-да басталатын еңбекқор тұрғын «Ауыл аманаты» арқылы құс шаруашылығынқолға алыпты. Тауығы мен қазын ауласына әкеліп қойған. Жолдасы құстарға арнап жазғы қора салып жатыр. Енді үйрек алатындарын айтты.
— Ауылда отырған соң қарап отырғымыз келмейді. Болашақта балам осы істі кәсіп қылып, ауылда қалса деймін. Құс етіне қашанда сұраныс болады. Бірақ алдағы уақытта өнімімді өзім өңдеп, халыққа дайын күйінде сатқым келеді. Ал қаздың жүнін тігін цехымда пайдаланамын, — деді ол бізге бау-бақшасын көрсете жүріп. Жемді Ақтөбе қаласынан сатып әкелген, ал құс жейтін шөпті үйінің қасындағы аулаға егіп тастапты.
Сапар аясында ақжарлық Нұрбек Бөрібайдың да ауласына бардық. Шаруаға икемді ауыл жігіті құстарына тап-тұйнақтай етіп орын дайындап қойған. Тауықтың етін де, жұмыртқасын да нарыққа шығарғысы келеді.
— Үйімді кепілге қойып 2,5 пайызбен 4 500000 теңге көлемінде несие алдым. Құжат жинау барысында ешқандай қиындық кездеспеді, ауыл әкімінің өзі көмектесті. Жобаның тағы бір тиімді тұсы — 1 жыл каникул беріледі. Бұл —шаруаны енді бастаған адамға үлкен жеңілдік, — дейді ол.
Мүмкіндікті жіберіп алмайық!
Бұдан соң экспедиция мүшелері ауыл тұрғындарымен кездесті. Шараға Хромтаудың өзге ауылының тұрғындары да қатысты. Автокеруенді бастап барған Раукен Отыншин хромтаулықтарға облыс әкімінің ыстық сәлемін жеткізіп, бірқатарына Ералы Лұқпанұлының атынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстады.
Кездесуде экспедиция мүшесі, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Қанатбай Елеусізов хромтаулықтарды берілген мүмкіндікті жіберіп алмай, «Ауыл аманатына» қатысуға шақырды.
— Тоқсаныншы жылдардың басынан 2000 жылға дейін ел қиын кезеңді басынан өткізді. Қазақ мемлекеті қайта құрылып жатқан кезде жұртшылық ауылды тастап қалаға үдере көшкені есімізде. Ол кезде мұндай бастамаларды қолға алатын жағдай болған жоқ. Қазір сол қиын кезең артта қалды. Мен ұзақ уақыт мемлекеттік қызметте жүрген кезімде әлеуметтік көмек дегенге қарсы болған адаммын. Өйткені әлеуметтік көмек адамды жалқаулыққа үйретеді. Біздің арамызда сол азғантай ақшаға сеніп, жұмыс істемей жатқан азаматтар бар. Адам өзіне, өзінің еңбегіне ғана сенуі керек. Ақтөбеде басталған «Ауыл аманаты» — адамды еңбекке баулитын бірегей бастама. Әрі ауылды сақтап қалудың бірден-бір жолы. Бұл жобаның тұрғындар үшін де, ауыл үшін де пайдасы зор. Ауыл болмаса, Қазақстан да болмайды. Сондықтан туған жерде түтінін түтетіп отырған ағайынды «Ауыл аманатына» қатысуға шақырамын, — деді.
Кездесу барысында тұрғындар «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен ауыл шаруашылығы басқармасының мамандарына жоба аясында кездесіп жатқан кедергі барын айтып, сұрақтарына жауап алды.
Жиынға келе алмаған басқа ауылдық округ тұрғындарының сұрақтарын ауыл әкімдері жеткізді.
Насихат үзілмейді, үздіктер анықталады
Экспедиция аясында «Ауыл аманатының» қатысушылары туралы газеттер мен журнал бетінде жан-жақты жазылып, олардың жетістіктері кеңінен насихатталады. Газеттерде арнаулы айқара беттер мен айдарлар ашылады.
25 қазан — Республика күні қарсаңында жобаға қатысушы еңбек адамдары арасынан «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінің және «Үш таған» журналының «Жыл адамы» белгіленіп, үздіктер анықталады.
Жүлдегерлерге арнайы жасалған мүсінше (статуетка), дипломдар, бағалы сыйлықтар және 2024 жылға облыстық газеттер мен журналға тегін жазылуға сертификаттар тапсырылады.
Бұл — облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің, сондай-ақ «Үш таған» журналының «Ауыл аманаты» жобасын ақпараттық қолдауы!
Жаны жомарт, рухы биік азамат
Ақжардың көпбалалы тұрғыны Нағима Қосбаева «Данияр» шаруа қожалығының басшысы Серік Оразымбетовке 50 қойды қайтарымсыз тегін бергені үшін алғысын айтты.
Жомарт жүректі азамат Серік Нитуллаұлы «Ауыл аманатының» аясында Ақжар ауылындағы 2 отбасына, Дөң ауылындағы 1 отбасына әрқайсысы 50 бастан 150 бас қойды қайтарымсыз беріпті.
Жиыннан соң Раукен Отыншин бастаған топ кәсіпкердің шаруашылығына арнайы барып, оған облыс әкімінің Алғыс хаты мен сыйлығын тапсырды.
Серік Оразымбетов Ауған соғысына қатысқан. Он бес жыл шахтада жұмыс жасапты. Осыдан 21 жыл бұрын көлік апатына ұшырап, екі аяғы сал болып, жүре алмай қалады. Бірақ ерік-жігері мықты. Ешкімнен көмек сұрамай, кәсіп бастауды жөн көреді. Осылайша 2011 жылы жол бойынан шағын кафе ашады. Екі-үш жылдың ішінде жанармай бекеті мен көлік құралын сататын дүкен ашады. «Данияр» шаруа қожалығын 2018 жылы бастап, 800 бас қой сатып алады. Бүгінде қойының саны 8000-ға жеткен. 3500 гектар жерге егін егіпті. Қырыққа жуық адамды жыл бойы жұмыспен қамтып отыр. Шопандары мен механизаторларына айына 350 мың теңгеден айлық төлеп отыр. Жасаған жұмыстарына қарай сыйақы да беріледі екен.
Әңгіме барысында кәсіпкер қойдың жүнін де, қиын да пайдаға жаратып отырғандарын айтты.
Тассайда жұмыс бар, жұмысшы жоқ
«Ауыл аманаты» бастамасын ауылдықтарға насихаттайтын автокеруен Хромтаудың Тассай ауылдық округіне де барды. Округ әкімі Ербол Әбдіров ауыл бойынша 9 жоба ұсынылып, бүгінгі таңда оның сегізі мақұлданғанын айтты. Ауласында шаруа бастаймын деп отырғандардың дені жылыжай салуды көздеп отыр. «Ауыл аманатының» арқасында ауылдағы жылыжайлардың жалпы аумағы 5 мың шаршы метрге жетпекші.
Ең алдымен жылдық қуаты 30 тонна болатын Тассай жылыжай кешеніне бардық. Жылыжай шаруашылығын кәсіпкер Елдар Ерғалиев 2022 жылы аграрлық несие алып бастаған. Бүгінде қияр, қызанақ, аскөктің бірнеше түрін өсіріп отырған кешен басшысы «Ауыл аманаты» аясында ауылда «Достық-23» ауылшаруашылығы кооперативін құрады. Қазір құрамында жобаның 4 қатысушысы бар. Алдағы уақытта кооператив ретінде «Ауыл аманатына» қатысып, жылыжай аумағын кеңейткісі келеді.
— Біздің ауыл өсімдік шаруашылығына өте қолайлы. Әрі орналасуы жағынан да көп нәрсе ұтып отырмыз. Өйткені ауылымыз Ақтөбеге де, Хромтауға да жақын жатыр. Жолымыз жақсы. Ауылда күнделікті кәсібін табысқа айналдырғандар көп. Қазіргі таңда 521 тұрғыны бар ауылда жұмыс бар, жұмысшы жоқ.Көшіп келетін азаматтар болса, құшақ жая қарсы аламыз, — дейді ауыл әкімі.
Дөңнің 17 тұрғыны жобаға қатысып жатыр
Экспедиция барысында бір байқағанымыз, бұрын шахта мен үйдің арасында ғана жүретін өндірісті өлкенің тұрғындары ауыл шаруашылығы саласына да қызығушылық танытып жатыр. Шаруа бастап жатқандар қосымша кәсіп ешқашан ешкімге артық етпейтінін айтады.
Сапар аясында Хромтаудың шетінде жатқан Дөң ауылдық округіне соқпай кетпедік.Күн санап аумағы үлкейіп жатқан Дөңде 3500 тұрғын бар. «Ауыл аманатының» мүмкіндіктері туралы естіген олар құс алып, жылыжай салып, кондитерлік цех ашуды қолға алып жатыр. Ауыл әкімі Ербол Аққұлов Дөң ауылдық округі бойынша 17 жоба тапсырылғанын айтты. Оның екеуі мақұлданып, несиелерін алған.
Сол ауылдың жергілікті тұрғыны Ербол Бақытжанов — жобасы мақұлданып, кәсібін бастағандардың бірі. Бес баланың әкесі тауық өсіруді қолға алыпты. Үйін кепілдікке қойып, 3500 000 теңге несие алған. Бүгінде балапандарын сатып әкеліп, оларға қора салғалы жатыр.
— Көптен бері қосымша бір іс бастауды ойлап жүргенмін. «Ауыл аманаты» іздегенге сұраған болды. Жоба туралы естіген бойда құжаттарымды реттеп, құс өсіремін деп шешім қабылдадым. Өзім комбинатта жұмыс жасаймын. Дөң — Хромтауға өте жақын орналасқан ауыл. Сондықтан өнімдерді сату жағынан ешқандай мәселе болмайтыны анық. Ауылдардағы дүкендерден бөлек, апта сайын аудан орталығында жәрмеңке өтіп тұрады, — дейді ол.
Қазіргі таңда Ерболдың ауласында 100 етті тауықтың, 100 жұмыртқа беретін тауықтың балапандары жүр.
Дәл осы жерде «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин кәсіп иесінің жұмысына сәттілік тілеп, Алғыс хат табыстады.
Экспедиция мүшелері Дөңнің «Ауыл аманатына» қатысып жатқан тұрғындарымен кездесті. Ауыл тұрғыны Айзат Біржанова күніне 400 бөлке нан пісіретін наубайхана ашқысы келеді. Айзаттың да жобасы мақұлданған. Жуырда есепшотына 6 300 000 теңге қаражат түседі. Дегенмен болашақ кәсіп иесі бұл ақша наубайхана жұмысын толық бастап кету үшін жетпейтінін айтты.
Осы жерде тиісті мекеме мамандары ауыл тұрғынын мазалаған сұрақтарына жауап берді.
Р.S Облыстың күретамыры саналатын Хромтау ауданы «Ауыл аманатына» қатысуға өтініш білдірушілері көп аудандардың алғашқы үштігінде тұр. Сапар аясында оған көзіміз анық жетті. Шаруасын енді бастап, қорасы малға толып, аузы аққа тиіп жатқан ауылдықтардың ісіне береке тіледік.
Автокеруен мұнайлы өлке — Мұғалжарға қарай бет алды. Жолымыз болсын!
Ақерке САТЫБАЛДЫ
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі