«Актюбинский вестник» — 105
Облыстық қоғамдық-саяси «Актюбинский вестник» газеті 105 жылдығын атап өтті. Облыстың тұңғыш басылымын мерейтойымен құттықтауға облыс әкімі Ералы Тоғжанов келді.
Мерейтойға келген қонақтар алдымен ғасырдан астам өңір шежіресін жазып келе жатқан қос басылым —«Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тарихынан сыр шертетін музейді аралап көрді. Бұдан соң шараның салтанатты бөлімі басталды.
— Ғасырдан астам уақыт шығып келе жатқан облыстық қоғамдық-саяси «Актюбинский вестник» газеті — біздің өңірден шыққан алғашқы басылым. Ол қоғамдағы көкейкесті, маңызды ақпараттарды жариялай отырып, оқырмандарға қызмет ететін шын мәніндегі дәуір шежіресі.
105 жыл ішінде қоғам алмасты, заман өзгерді, тәуелсіз ел атандық, міне, осы кезеңдердің барлығында да журналистер қолдарына қағаз-қаламын ұстап, жаңалық атаулыны қалт жібермей, алғы шепте жүрді.
Мен газеттің әр санын жібермей оқып отырамын. «Актюбинский вестник» газетінде өздерін жоғары кәсіби шеберлік биігінен көрсете білген қалам иелері еңбек етеді.
Газет ұжымын, оның ардагерлері мен оқырмандарын 105 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Шығармашылық жетістіктер мен табыстар тілеймін! — деген облыс әкімігазеттің бірқатар қызметкерін марапаттады.
Бұл күні ұзақ жылдар бойы «Актюбинский вестник» газетінде еңбек еткен ардагерлер — Мәлика Түгелова, Римма Шестакова, Жұбаныш Байгуринов «Облысқа еңбегі сіңген» төсбелгісін тақса, басылымның қазіргі қызметкерлері Гүлсім Назарбаева, Мирал Жармұхамбетов, Айжан Шауқұлова, Владимир Бурьянов, Таңсық Шәңгереева, Елена Пантина облыс әкімінің Алғыс хатын алды.
Шарада газеттің кітапханашы-ардагері Римма Шестакова мен «Актюбинский вестниктің» бұрынғы бас редакторы Жұбаныш Байгуринов әріптестерін мерейтойымен құттықтап, естеліктермен бөлісті.
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин газетті арнайы құттықтап келген облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен қонақтарға алғыс айтты.
— Облыс аумағында ең алғашқы болып жарық көрген іргелі басылымның бүгінгі мерекесіне арнайы келген Ералы Лұқпанұлына, ардагерлерімізге зор ризашылығымды білдіремін. Өңір жылнамасын жазып келе жатқан газетіміз елмен бірге жасай беретініне сенімдімін, — деді ол.
Шара соңында жиналғандар ұжыммен бірге «Актюбинский вестник» гимнін шырқап, басылымның логотипі бейнеленген тәтті торттан дәм татты.
«Актюбинский вестник» газетінің алғашқы саны 1918 жылдың 19 маусымында жарық көрді. Кейін «Киргизская степь», «Степная крестьянская газета», «Актюбинская правда», «Западный Казахстан», «Путь к коммунизму» атауларымен шығып, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің «Актюбинский вестник» тарихи атауын қайта алды.
Айтпақшы, «Актюбинский вестник» — өз атында шыңы бар алғашқы газет.
Басылымның бір ғасырлық тойы қарсаңында еліміздегі ең биік шыңдардың біріне газет атауы берілген болатын.
Әлем картасына «Актюбинский вестник шыңы» деген атаумен енген жота теңіз деңгейінен 3 353 метр жоғарыда тұр. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының аумағындағы Оңтүстік-Батыс Тянь-Шань тауындағы Өгем жотасында 42,12338 градус солтүстік ендікте және 70,360346 шығыс бойлықта орналасқан.
Газеттің www.avestnik.kz сайты оқырман арасында үлкен сұранысқа ие. Оқырман газет ұжымымен әлеуметтік желілер арқылы да байланыс жасайды: басылымның әлеуметтік желілерде бірнеше парақшасы бар. Мәселен, инстаграм желісіндегі парақшасына 37 мыңнан астам оқырман жазылған.
… Мерейтойларыңыз құтты болсын, әріптестер!
Ақерке САТЫБАЛДЫ
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі