Мұғалжар: жақсы істерге ұмтылыс

Баспасөз-2023

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қандыағаш қаласы бүгінде ірі өндіріс орталығына айналды. Шаһар үстімен күні-түні өтіп жататын пойыздар легі мен жаңғырту жұмыстары қолға алынған автожолдар өңірдің тіршілік тынысына жаңа серпін, тың леп бергендей. Соңғы жылдары аудан орталығында шағын кәсіпкерлік кеңінен дамуда.   

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншиннің басқаруымен аудандағы оқырмандармен кездесуге келген облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналы қызметкерлері өңірдегі жақсы жаңалықтармен танысып, көпшіліктің ой-пікірлерін білу ниетін көздеген еді.

Жақында ғана аудан басшысы болып тағайындалған Дархан Ермағанбетов журналистер келер қарсаңда осы аймақтағы шаруаларға қызығушылық танытқан инвесторлармен кездесіп, белсенді, іскерлік ахуалдағы келіссөз үстінде отыр екен.

Бұған дейін облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасына жетекшілік етіп, Әйтеке би ауданына әкім болған жігерлі де жас басшының жаңаша іс-қимылына жақсы тілегімізді білдірдік.      

 Әкіммен әңгіме

Ауданның жаңа басшысымен өзара сұхбат еркін өрбіді. Ол аз ғана уақыт ішінде мұнайлы өңірдің көп мәселесін зерделеп үлгерген секілді. Бірақ, оны қазіргі сәтте жерасты байлығын игеруден гөрі ел бесігі — ауылды дамыту бағыты көбірек мазалайтын секілді көрінді бізге.

— Өздеріңіз де жақсы білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша атқарушы биліктің бар күш-жігері қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған. Осы тұрғыдан облыс әкімі Ералы Тоғжанов біздің алдымызға нақты міндеттер қойды. Биыл аудан көлемінде жолдарды жөндеуге, ауыл көшелерін жарықтандыруға көбірек көңіл бөлудеміз. Ең бастысы, адамдар жайлы және қауіпсіз тұрмыс кешуі керек.

Шалғайдағы мекендердің тіршілігіне жан берудің бірден-бір көзі ретінде «Ауыл аманаты» жобасын жедел түрде жүзеге асыру қарастырылып отыр. Бұл бастамаға көптеген тұрғындар батыл үн қосуда, олар өтініштерін беріп, қаржылай және тауарлық несиелер алуда. Тұрғындарға мұндай несиелердің шарттарын түсіндіріп, құжаттарын рәсімдеуге көмектесеміз, бұл жобаның сөзсіз тиімділігі туралы ұғындырамыз.

Жалпы алғанда, аудан көлемінде бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырмақ ойымыз бар. Олардың қатарында көкөніс сақтау қоймасы мен әрқайсысының аумағы 500 гектардан үш жылыжайды айтуға болады, — деп Дархан Жанысханұлы өз жоспарларымен бөлісті. Сонымен бірге осындай өндірістік мәселелермен қатар, рухани даму жайы да назарда тұрғандығын мәлімдеді.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин өз кезегінде әкімге жаңа қызметінде табыстар тіледі, сондай-ақ алдағы уақытта жергілікті мемлекеттік қызметкерлер мен облыстық басылымдардың журналистерінің өзара ынтымақтастықты қызметіне сенімді екенін білдірді.

— Біздің облыстық газеттердің әрқайсысының ғасырлық тарихы бар. Дәл бүгінгі біздің кездесуіміз өтіп жатқан сәтте «Ақтөбе» өзінің 99-шы белесіне шығып отыр. Ал «Актюбинский вестник» газеті алдағы 19 маусымда 105 жасқа толмақшы. Сондай-ақ біздің серіктестік құрамында қоғамдық-саяси, әлеуметтік-рухани «Үш таған» журналы ай сайын шығып тұрады. Жалпы екі газетіміз бен журналымызда елге танымал, қаламдары ұшталған шебер журналистер еңбек ететінін мақтан тұтамыз, олар жастармен үнемі тәжірибе бөлісіп отырады. Мемлекет саясатын насихаттай отырып, жергілікті жаңалықтарды көрсетуге күш саламыз, еңбек адамының тұлғасын асқақтатамыз, ауыл адамдарының жетістіктер мен проблемалары туралы сөз қозғаймыз, — деп сөзін тұжырымдады медиа-компания басшысы.

Ұстаздар үлгісі

Қандыағаш қаласындағы №1 орта мектепте өткен журналистермен кездесуге мұғалімдермен қатар, кітапханашылар да белсене қатысты. Қазіргі уақытта оқырмандарға рухани қазына — кітаптарды ұсынушы, сондай-ақ олардың арасында баспасөзге жазылуды үгіттеуші де осы кітапханашылар. Олар газет-журналдардың ақпарат көзі ғана емес, сондай-ақ ағартушылық рөлін де жақсы түсінеді.

Жиналғандар алдында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, сондай-ақ «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Сәтжан Дәрібай мен Гүлсім Назарбаева сөз сөйлеп, баспасөздің бүгінгі қоғамдағы рөлі, басылымдардың ұстанған бағыт-бағдары туралы кеңінен әңгімелеп берді.

— Мұғалімдер қай кезде де біздің тұрақты оқырмандарымыз болып келеді, сондықтан ұстаздар қауымына ықылас-құрметіміз ерекше. «Ақтөбе» газетінің беттерінде сіздердің ерен еңбектеріңіз туралы мақалалар тұрақты беріліп тұрады. Біз білім беру саласындағы барлық жаңа өзгерістер мен жаңалықтар туралы ұдайы хабарлап отырамыз, проблемалық мәселелерді кеңінен талқылау үшін ортақ тақырыптарды ортаға ұсынамыз. Мектеп оқушыларының шығармашылығын көрсетуге арналған арнайы бетіміз бар. Алдағы уақытта да осындай жылы қатынасымызды жалғастыра берейік, — деді жиналғандарға Сәтжан Дәрібай.

№4 орта мектептің директоры Гүлмира Мусина журналистің отбасында өскендіктен баспасөздің қадірін жақсы түсінетіндігін, сондықтан айтылған ойларды толық қолдайтындығын білдірді.

— Біздің ұжымымыз жыл сайын газет-журналдарға жазылуға ерекше мән береді. Оның ішінде облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің орны ерекше. Мұғалімдер еліміздегі, облыстағы және аудандағы жаңалықтарды ең алдымен газет беттерінен іздейді. Кейде әлеуметтік желілердегі ұшпа хабарларға сенбей қалатын кездеріміз де бар. Сондайда өзіміз әбден үйренген облыстық басылымдардан анық ақпарат аламыз.

Біздің №4 орта мектеп — Тәуелсіздік құрдасы, 1991 жылы пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта 1512 оқушы бiлiм алуда. Соңғы үш жыл бойы пәндiк олимпиада қорытындысы негiзiнде республикалық үздік 100 мектеп қатарындамыз.

Облыстағы «Өрлеу» АҚ филиалымен меморандумға қол қойылып, мұғалімдердiң тәжірибе алмасуға, өз бiлiмдерiн жетiлдiруге кеңінен мүмкіндік пайда болды. Нәтижесінде осы оқу жылында 2 облыстық семинар, 6 аудандық деңгейдегі серiктес мектептермен жұмыс жасалды, 40 мұғалім өз бiлiмдерiн жетiлдiрдi, — деді ол.

Жиын барысында тұрақты оқырмандар мен газет жанашырлары «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның Алғыс хаттарымен және облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Мұндай құрметке ие болғандар сапында №1 орта мектеп кітапханашысы Разида Мұқашева, №2 орта мектептің директоры Жазира Әбденова, №3 қалалық мектеп-гимназияның кітапханашысы Гүлжанат Транова, №4 орта мектеп директоры Гүлмира Мусина және №5 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Әлия Жайлыбаева бар.

— Газет-журналдарды оқу, бір жағынан, отбасындағы тәрбиеге байланысты. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта балаларды кітапқа үңілдіру қиындап бара жатқан секілді. Кейбір ата-аналар балғындары үшін ертегілер топтастырылған, түрлі түсті суреттері бар журналдарды жаздырып алдырады. Бұған да қуанатын болдық. Кейбір үйлердің сөрелерінде бұрыннан қалған кітаптардың қозғаусыз тұрғанын көргенде қарнымыз ашады. Үлкендер балаларын сөзбен емес, іспен тәрбиелеуі керек деп ойлаймыз. Мысалы, менің өзім және бірқатар әріптестерім жаңалықтардан уақытында хабардар болып, өзгерістерді біліп отыру үшін көп жылдан бері баспасөзге тұрақты жазыламыз, — деді бастауыш сынып мұғалімі Жанна Масабаева.

Біз сөз реті келгенде ұлағатты ұстаздан шәкірттерінің жетістігі туралы сұрадық. Ол биыл 2-сыныпты бітірген 26 оқушысының арасында 7 үздік, 12 жақсы оқитын оқушы бар екенін айтты.

Біз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген тәмсілдің ақиқаттығына тағы да көз жеткізгендей болдық.

Абзал жандар — алдыңғы қатарда

Денсаулық — зор байлық. Өкінішке қарай, сол байлығымызды сақтауға өзіміз ұмтыла бермейтініміз және бар. Ал ауру-сырқат айналамызға үйіріле қалса, ең алдымен ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінеміз.

Дәрігер мамандығы қай жерде де құрметті. Өйткені олар үнемі жанымыздан табылады. Сондықтан да журналистердің мұғалжарлық дәрігерлермен кездесуі жылы шырайда өрбіді.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Сәбит Кеулімжаев өзі басқаратын ұжымның қазіргі жұмыстары жөнінде қысқаша айтып берді.

— Бізде барлығы стационарда 98 төсектік орын бар, күндізгі емделуге соның отызы бөлінген. Қазіргі уақытта шамамен соның 70 пайызы емделушілерге қызмет көрсетуде. Жалпы штатта 400 қызметкеріміз бар. Ал аудан бойынша 5 амбулатория, 14 медициналық пункт және бір фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді, — деді ол.

Аудандық аурухана ғимаратында сырттан кіргеннен-ақ бір жинақылық, дәрігерлердің ілтипатты қарым-қатынасы байқалады.

«Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Гүлсім Назарбаева дәрігерлер еңбегі баспасөзде үнемі көрініп келе жатқанын айтып, олардың қызметіне жақсы лебізін білдірді.

— Кешегі күні еліміздегі пандемия кезінде бәріміз де сынаққа түстік. Дәрігерлермен бір қатарда журналистер де алдыңғы шепте жүрді. Сіздер күні-түні сырқаттардың жанынан табылсаңыздар, біздер өз газетіміз арқылы ауыр дерттен қалай қорғану, адамдардың өз денсаулығын күту және айналасындағы жақын-жуықтарын сақтай білу туралы насихат-үгіт жұмыстарын кеңінен жүргіздік. Ақ халатты абзал жандардың сол күндердегі жанқиярлық еңбегі туралы жаздық, аурудың таралуы туралы нақты мәліметтерді жұртшылыққа ұсынып, алдын алу шаралары туралы хабардар етіп отырдық.

Біз қай уақытта да дәрігерлермен ынтымақтастықта қызмет етіп келеміз. Ортақ мақсатымыз — адамдардың амандығы, салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғындардың рухани жетілу, дамуға қол жеткізуі, — деді ол.

Кездесу барысында баспасөзге жазылушыларға құрмет көрсетілді, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның және «Senim» денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалының Алғыс хаттары тапсырылды. Олардың қатарында бас медбике Рысбике Жапарова, салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің дәрігері Светлана Инесова, аға медбикелер Мәншүк Мырзахметова мен Нұрсайран Төребаева бар.

Тұрақты оқырман, баспасөз жанашыры Рысбике Жапарова өз сөзінде газет бетінде өздері үшін күн тәртібіндегі маңызды мәселелер — екпе жайы, скринингтен өту маңыздылығы тұрақты көтеріліп отыратындығын айтып, журналистерге алғыс сөздерін жеткізді.

Жарасымды жүздесу барысында еркін пікірлесу, орнықты ойласу тұрғысынан бірқатар тақырыптар кеңінен талқыланып жатты.

Қасиетті Мұғалжар жеріндегі бас қосу журналистер қауымы атынан айтылған әдемі лебізбен аяқталды:

Алдымызда жатыр талай жол әлі,

Ізгі ойлармен сапар сәтті болады.

«Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник»

Болсын дейміз әрбір үйдің қонағы!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ