Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлының мезгілсіз дүниеден өткені туралы хабарды қинала қабылдадық. Бұл суыт хабар — ақтөбеліктер үшін орны толмас ауыр қайғы.
Сыр елінің сырбаз азаматы, ұлт тұлғасы Бердібек Машбекұлы өзінің мағыналы ғұмырында өнегелі істерімен артында өшпес із қалдырды.
Бердібек Машбекұлының жүріп өткен өмір жолы барша елге белгілі. Ақтөбе өңіріне 2015 жылы облыс әкімі болып келгеннен бастап өңірдің дамуына, өркендеуіне өлшеусіз еңбек етті. Абзал аға салған ғимараттар, білім, мәдени, спорт ошақтары халық игілігіне мұра болып қалды.
Оның жарқын бейнесі мықты саясаткер, мемлекетшіл, ұлтжанды тұлға, ел еңсесін биіктеткен «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» болып, өңір жұртшылығының есінде қалады.
Халқымызда «Жақсының аты өлмейді» деген сөз бар. Жерлестері ағамызды ортасының абыройлы азаматы, айналасына қамқоршы, ел жанашыры деп таниды.
Асыл ағаның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы саламат болсын. Қазаның арты қайырлы болсын.
Ералы ТОҒЖАНОВ,
Ақтөбе облысының әкімі.
Есімі ел есінде сақталады
Қазақта ел жақсысы деген ерекше ұғым бар.
Сондай жақсыларымыздың бірі — белгілі қоғам қайраткері, шын мәніндегі мемлекетшіл тұлға Бердібек Сапарбаевтың өмірден мезгілсіз өтуі бәріміздің қабырғамызды қайыстырды, жүрегімізге салмақ түсірді.
Бердібек Машбекұлы есімі ақтөбеліктер үшін ерекше ыстық. Ол осы облысты басқарған үш жарым жылдай уақыт ішінде білікті басшы, іскер, шебер ұйымдастырушы, көреген саясаткер екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеді.
Ел басқару тізгінін қолға ұстаған бойда аудандарды аралады, шалғайдағы ауылдарға жол тартты. Ел ішіндегі елеулі мәселелерді жедел шешуге кірісті. Ол барған жерде көп ұзамай өзгерістер орын алып, адамдар бір жаңалық болатынына сене бастады.
Бұған дейін өзінің туған жері — Қызылорда облысын, сондай-ақ Шымкент, Шығыс Қазақстан өңірлерін басқарып, талай экономикалық дағдарыстардың, күрмеуі қиын мәселелердің шешімін тауып, жұртшылық көңілінен шыққан оның мол тәжірибесі Ақтөбені өркендетуде зор ықпалын тигізді.
Ол экономиканы да, әлеуметтік мәселелерді де, рухани жаңару-жасару жайын да жадынан бір сәтке шығарған емес. Осының барлығын қатар алып жүрді деуге болады. Және қай шаруаны қолға алса да, оның жүзеге асуына біліктілікпен, білгірлікпен бағыт бере білетін.
Оның басшылығы тұсында Ақтөбедегі өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмысына ерекше серпін берілді. Әсіресе өзінің салалық басшылығы бойынша жоғары жаққа ғана иек артып үйренген бірқатар компаниялар жетекшілері бастапқыда Сапарбаевтың стилін мойындағысы келмейтін сыңай танытқанымен, көп ұзамай жергілікті әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене кірісе бастағанын өздері де білмей қалды. Соның нәтижесінде облыста, әсіресе Ақтөбе қаласында көптеген құрылыстар бой көтерді. Олардың игілігін бүгінде ел көруде.
«СНПС-Ақтөбемұнай» акционерлік қоғамында облыс әкімі қатысуымен өткен үлкен бір жиналыста ол: «Қазақстанда мемлекеттік тіл — қазақ тілі! Қазақ тілінде сөйлеу керек! Қытайда қытай тілінде сөйлемеуге бола ма?!» — деп тура айтқанда, оған куә болғандар да бар.
Ол бұқаралық ақпарат құралдарымен де тығыз байланыста жұмыс істеді, журналистерден қамқорлық-көмегін аяған емес.
Бердібек Машбекұлы Ақтөбеден соң да бірнеше лауазымды қызметтерде болды. Соның қай-қайсысында да жақсы істері туралы жылы лебіздер естіп жүрдік.
«Ақтөбені биіктеткен Бердібек» деп оның 70 жасқа толу мерейтойы тұсында ыстық лебізімізді білдірген болатынбыз. Онда: «Біздіңше, Ақтөбе облысына осынша еңбек сіңірген адамға берілген ең үлкен марапат халықтың алғысы, ыстық ықыласы болар деп ойлаймыз. Әр кез Ақтөбе қаласының жұртшылығы, сырттан келген қонақтар осы әкімнің кезінде тұрғызылған сәнді заманауи алып ғимараттарды көреді, жерасты, жерүсті жолдарымен, аспалы көпірлермен жүреді, таңғалысып, сүйсінеді, риза болады. Игілікті іс атқарған әкімге алғысын жаудырады» деп жазыппыз.
Биыл оған «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Арада көп уақыт өтпей ол «Ел құрметіне ризамын» деп өзінің ақтөбеліктерге деген ақ пейілін білдірген-ді. Жақын маңда елде бір жарқын жүзді кездесу болатындығына бәріміз де сенгендей болып жүр едік.
Өкінішке қарай, олай болмады. Тағдырдың жазуы басқаша екен.
Қазақтың талай игі жақсыларының басын қосқан мәңгілік мекені — асқаралы Алатау аясындағы Кеңсай жері Бердібек ағамызды да бауырына тартты. Ол осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын мезгілсіз өмірден өткен сүйікті ұлы Бауыржанының жанына барды.
Азаматының өмірден өтуі ел үшін өлшеусіз өкініш болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оның еңбегін жоғары бағалап, көңіл айту хатын жолдады.
Бердібек Машбекұлын ақырғы сапарына шығарып салу үшін Алматыға Ақтөбеден облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы өкілдер барып, қимас азаматтың басына топырақ салып қайттық. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар оған соңғы құрметтерін көрсетті. Олардың арасында ақтөбеліктер де аз болған жоқ.
Есімі естен кетпес тұлғаның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ уақыт сақталады…
Раукен ОТЫНШИН,
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры,
Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы.
Ұлтымыздың ұлағатты перзенті еді…
Еліне елеулі, халқына қалаулы болған белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев дүниеден өтті. Мемлекет басшысы, Қазақстан Үкіметі, Республика Парламенті және басқа да көптеген мемлекеттік мекемелер өкілдері көңіл айту хаттарын жолдап, қайғыға ортақтастығын білдіруде.
Адамға құрмет тірісінде де және өмірден өткеннен кейін де қажет, өйткені адам болмысы сондай. Бердібек Машбекұлы осы екі құрметке де ие жан еді. Ол өмір бойы еліне адал қызмет етті. Соның арқасында көзі тірісінде зор ұйымдастырушылық қабілетімен, аса іскерлігімен ел-халқының сүйіспеншілігіне бөленді. Ол республикамыздың 5 облысын, бірнеше министрлікті басқарды және Премьер-Министрдің орынбасарлық қызметін бірнеше рет атқарған бірден-бір айтулы тұлға болды. Қай жерде еңбек етсе де ол туралы, оның іскерлігі, ұйымдастыру қабілеті, білімділігі мен біліктілігі, адами қасиеттері, қарапайымдылығы туралы көпшілік еске алып жатады.
Бердібек Машбекұлы біздің басты құндылығымыз — Тәуелсіздігіміздің аяғынан тік тұрып кетуіне, орнығуына ерекше үлес қосқан тұлға. Ол біздің облысымызда басшылық жасаған кезінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық, рухани салаларын көтеруде аса зор еңбек етті. Облыс орталығы — Ақтөбе қаласында бірнеше әлеуметтік нысан іске қосылды. Олардың қатарында облыстық музейді, Шығармашылық үйін, Өнер орталығын, Мұз айдынын, «Жұбановтар әлемін», «Анаға тағзым», Жекпе-жек сарайын, т.б. атауға болады. Ал облыс бойынша сан-салада жасалған жұмыстарда жеткілікті. Жоғарыда аталған нысандар бүгінде халыққа қызмет етіп жатыр, олардың игілігін ел көріп, бұрын әркез рақметін айтса, ендігі уақытта зор құрметпен, ізгі ілтипатпен еске алады.
Ол кісі рухани сала мен білімге ерекше көңіл бөлетін. Ел тарихында еш уақытта естен шығармайтын. Адам тани білетін басшы жастардың өсуіне, талапты болуына жол ашып жүруші еді. Ал үлкендерді, оның ішінде әлеумет ортасында өзінің орнын білетін аға ұрпақ өкілдерін ерекше сыйлайтын. Ойлы, орынды сөз айтатын, пікірін білдіретін адамдарды ерекше құрметтеуші еді. Бұл тұрғыдан алғанда Бердібек Машбекұлы Абайдың «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деген тәмсілін ұстанатын азамат аға, парасатты басшыеді. Оның бойына біткен тағы бір ерекше қасиет — аса қарапайымдылығы болатын. Бүгінгі күннің басшыларының көпшілігінен оның басты ерекшелігі — осы қарапайымдылығы, біліктілігі, білімділігі және іскерлігі. Бұндай қабілет бір адамның басына қонуы — өте сирек құбылыс. Осы сиректердің де бірі және бірегейі Бердібек Машбекұлы болатын.
Қазақта «Өмір бар жерде — өлім бар» дейді. Бұл — адамзат болмысына тән өмір диалектикасы, пендеге оған көнуден басқа шара жоқ. Ендігі уақытта Бердібек Машбекұлы сияқты еліміздің елеулі, сыйлы азаматын еске алып, ол қалдырып кеткен игілікті істер мен өшпес іздерді кейінгі ұрпаққа үлгілеу — бүгінгі тірілердің парызы. Абай бұндай тұлғалар туралы, олардың игі істері, қалдырған үлгі-өнегелері туралы: «Өлді деуге сыя ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген.
Иә, сөз жоқ, Бердібек Машбекұлы артына өшпестей із қалдырған,ұлтқа, мемлекетке қалай қызмет ету керектігін көрсетіп кеткен ұлтымыздың ұлағатты да саналы ұлдарының бірі болды. Ол онымен қызметтес болғандардың, замандастарының есінде мәңгі сақталады. Ал кейінгі жас ұрпаққа Бердібек Машбекұлының өмірін үлгілеудің танымдық та, тәрбиелік те мәні зор.
Қош бол, елін сүйген, елі сүйген азамат!
Алтай Тайжанов,
философия ғылымдарының докторы, профессор,
Ақтөбе облысының құрметті азаматы
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі