Ардагер ұстазға құрмет

Мерейтой

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде белгілі ардагер ұстаз, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі Нұртаза Абдоллаевтың 80 жасқа толуына орай ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті.

Университет Басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасова профессорды мерейтойымен құттықтап, ғалымның университеттің дамуында, кадрлар даярлауда сіңірген өлшеусіз еңбегін атап өтті.

Университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров сексеннің биігіне көтеріліп отырған ғалымның өнегелі өмір жолы, ұстаздық ұлағаты туралы жан-жақты баяндама жасады.

Мерейтой иесін облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева құттықтап, жылы лебізін білдірді, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың атынан «Облысқа еңбегі сіңген» төсбелгісін табыстады.

Жергілікті қалам иелері атынан құттықтау сөз айтқан «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин той иесіне «Құрметті ардагер» белгісін тапсырып, иығына шапан жапты.

С.Бәйішев университетінің президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры Әсет Тасмағамбетов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Лесқали Беріғожин және басқалары жасы үлкен ағаның ізгілікті еңбектерін айтып, ілтипат білдірді.

Мәжіліске жиналған зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар, еліміздің өзге аймақтарындағы жоғары оқу орындарынан келген әріптестері, шәкірттері мерейтой иесін қуанышымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Жиында Нұртаза Абдоллаевтың өмір жолы, ғылымда жеткен жемісті табыстары мен өнегелі қызметі туралы айтылды.

Салтанатты сәтте жан-жақтан келген құттықтау лебіздері оқылды. Мерейтой иесіне тілек білдірушілер арасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Виктор Владимирович Алексеев, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Ханкелді Әбжанов, ҚР Парламенті Сенаторлар кеңесінің мүшесі, профессор Елеусін Сағындықов, Мемлекет тарихы институты директорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Ыдырысов, тағы басқалары болды.

Нұртаза Ақишанұлы — саналы ғұмырын Отан тарихын зерттеуге арнаған ғалым. Ол Қазақстан өнеркәсібі, жұмысшы кадрлардың тарихы туралы жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізді. Еңбектері облыстық, республикалық газет-журналдарда, сондай-ақ шетелдік басылымдарда жарияланды.

Профессор халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу шараларына да белсене қатысты. Оннан астам шетелде болып, студенттер мен еңбек ұжымдарында Қазақстан туралы дәріс оқыды. Ол көптеген шәкірт тәрбиелеп, 12 ғылым кандидаты мен 5 ғылым докторына жетекшілік етті.

…Заманында дін жолын ұстанып, елге имандылық шуағын шашқан Абдолла хазіреттің немересі Нұртаза Ақишанұлы тәуелсіз мемлекеттің тарихын түгендеген тағылымды тарихшы ретінде өзінің сексен жасына осылай сергек қалпында жетіп отыр.

Н.ӘБІШЕВ