Баспасөз — 2023
Түрлі әлеуметтік желілер көбейген қазіргі заманда сенімді ақпарат алудың да өз қиындықтары бар. Өйткені әлгі қатынас құралдары арқылы бірін-бірі жоққа шығарып жататын хабарлардан көз тұнады. Бұл ретте, сөз жоқ, кез келген мәліметтерді тиісті орындар арқылы тексеріп барып жариялайтын әуелден келе жатқан баспасөздің орны бөлек.
Міне, осы мәселе Ақтөбе қаласындағы №21 гимназияның мұғалімдерімен кездесуге барған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин мен осы серіктестікке қарасты «Үш таған» журналының бас редакторы, ақын Ертай Ашықбаевтың әңгімелеріне өзек болды.
Гимназия директоры Маржангүл Тойшыманова беташар сөзінде ұстаздар қауымы мен баспасөздің ежелден бері қалыптасқан ынтымақтастығы туралы айтса, Р.Отыншин мен Е.Ашықбаев осы пікірді нақты мысалдар арқылы одан әрі жалғастырды. Расында да, қазіргі қала халқының зиялы қауымын қалыптастырып келе жатқан ұстаздардың қоғамдағы рөлі зор екені мәлім. Әрі-беріден соң әрбір мұғалім қай кездегідей де мемлекетіміздің, облысымыздың әр тынысынан хабардар болып, халықтың мүддесіне қатысты жасалып жатқан елдік шаруаларды сол бұрынғыша біліп отыруға тиіс. Оның үстіне газеттер мен журналдарда жарияланатын түрлі мақалалардан мұғалімдер жекеленген пәндерге қатысты да тың деректерді, талдамалық фактілерді оңай тауып алады. Осы және осымен тамырлас басқа да жайлар кең талқыланған басқосу барысында гимназияның бірқатар мұғалімдері «Ақтөбе Медианың» Алғыс хатымен марапатталды. Ал мектеп оқушылары келген қонақтар мен ұстаздарға арнап сахнада өнерлерін ұсынды. Кездесу гимназияның талғаммен жасақталған музейін аралаумен жалғасты.
Т.АЙДЫНОВ
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі