Баспасөз — 2023
Баспасөзге жазылу жыл бойы жүреді. Қазіргі кезде оқырмандарды алдағы жарты жылға жаздыру науқаны жүріп жатыр. Осы орайда «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысы Раукен Отыншин бастаған топ Ақтөбе қаласындағы №32 гимназияға барып, ұжыммен кездесу өткізді.
Жиынды ашқан Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин қоғам дамуындағы бүгінгі өзгерістер, мемлекеттік саясат пен Президентіміз белгілеп отырған бағыттар жөнінде сөз өрбітіп, осы ауқымдағы баспасөздің рөліне тоқталды.
«Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев және облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай газет-журналмен оқырман байланысы туралы өз ойларын ортаға салды. Ел болашығы жастарға білім, тәрбие беріп отырған ұстаздар еңбегі баспасөзде лайықты бағаланып отырғаны әңгіме болды. Сонымен қатар қоғамда өткір пікірталас өзегіне айналған жасөспірімдер мәселесі де кездесуде талқыға салынды. Осы орайдағы баспасөз бен мұғалімдер қауымының атқарар қызметі жан-жақты айтылды.
Кездесу соңында облысқа белгілі ұстаз Мәрия Құрманғалиева атын иеленген гимназияның директоры Айжан Жамбылова қонақтарға тұшымды ойлары мен өнегелі әңгімелері үшін алғысын білдірді. Ұстаздар қауымы баспасөзге жазылу науқанына атсалысатынын айтып, облыс шежіресіне айналған қос газеттің тұрақты оқырмандары екенін жеткізді.
Баспасөз жанашыры болып жүрген белсенді мұғалімдерге «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның алғыс хаты табысталды.
Жан ТӨЛЕУ
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі