Оқырманмен байланыс өзегі

Баспасөз — 2023

«Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналы ұжымы медиакомпанияның баспасөз клубында мемлекеттік қызметкерлермен кездесті.

Бұл басқосу жиынын ашқан «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин қоғам дамуындағы бүгінгі өзгерістер, мемлекеттік саясат пен Президентіміз

белгілеп отырған бағыттар жөнінде сөз өрбітіп, осы ауқымдағы баспасөздің рөліне тоқталды.

— Бүгінгі күні көптеген маңызды мемлекеттік бағдарламалар қабылдануда. Олардың негізгі мақсаты — халықтың әл-ауқатын жақсарту, еліміздің экономикасын арттыру, сол арқылы тіршілік сапасын көтеру. Баспасөз осындай өзекті мәселелердің жүзеге асуын оқырманға жүйелі түрде жеткізуді көздейді. Соның бірі — облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы қазір біздің басылымдарда кеңінен көрініс табуда.

Біздің тұрақты оқырмандарымыз қатарында мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ мұғалімдердің көбірек болуы заңды да. Өйткені олардың қай-қайсысының да жұмысы елмен тығыз байланысты. Бұл ретте баспасөз олардың рухани қолдаушысы қызметін атқарады, — деді ол.

Кездесуге қатысқан ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Саида Сәдуақасова, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Нұркеева, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев және облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай газет, журналмен оқырман байланысы туралы өз ойларын ортаға салды.

— Баспасөз — біздің екінші тынысымыз. Өзім облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін тұрақты алдырып оқимын. Әр адам газет оқуы керек. Осы мақсатта ауыл тұрғындарына, әсіресе жастарға баспасөзді насихаттап жүремін. «Ақтөбе» газетінің «Оқырман» бетінен көптеген қызғылықты материалдар табуға болады. Ауыл тынысы алдағы уақытта бұдан да көбірек қамтылса деген тілегім бар, — дейді Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылдық округі әкімдігі аппаратының бөлім басшысы Сәлім Уайысбаев.

Жиын соңында Раукен Отыншин бірқатар мемлекеттік қызметкерлерге Алғыс хат  табыстады.

 Насиба ЗАРЛЫҚОВА