«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясы Ойыл ауданын аралады. Бұл — экспедиция мүшелері барған оныншы аудан. Мұнда да тұрғындар «Ауыл аманаты» бағдарламасына белсенді қатысып жатыр. Аудан бойынша 128 жоба мақұлданып, оның 61-не несие берілген. Қаржы салғандардың дені құс, өсімдік, шағын кәсіпкерлік бағыты бойынша іс бастаған.
Бестамақ тұрғындары белсенді
Ақтөбеден шыққан автокеруен алдымен Саралжын ауылдық округіне қарасты Бестамақ ауылына барды. Округке бес ауыл қарайды. Олар — Кемер, Ақкемер, Шиқұдық, Бестамақ, Қоңырат ауылдары. Округ әкімі Марат Тәжіғалиевтың айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 103 жоба тапсырылған. Оның 28-нің құжаты қабылданып, 11-і мақұлданыпты. Қазіргі күні 7 адам несие алып, кәсібін бастап кеткен. Тұрғындардың көпшілігі құжаттарының дұрыс болмауына байланысты, қиындықтарға кезігіпті.
Бестамақ ауылының тұрғыны Асылбек Мижанов жұбайы Мейрамгүл Бақтыгереева екеуі жоба туралы ауыл әкімдігінен естіп, 8 миллион теңге несие алды. Алған қаржыны құс және сүт өнімдері бағыты бойынша кәсіп ашуға жұмсапты.
— Қаржының жартысын, яғни 4 миллион теңгені құс шаруашылығына жұмсадық. 100 тауық, 60 үйрек сатып алдық. Қалған қаржыға қора-қопсы салып, қажетті жабдықтар мен жем алдық. Тауықтың төрт түрі бар. Күніге 40 жұмыртқа аламыз. Біреуін 50 теңгеден сатып жатырмыз. Өнімді ауыл дүкендеріне апарамыз. Одан қалса аудан орталығында апта сайын өтетін жәрмеңкеге шығарамыз, — дейді Асылбек.
Несиенің жартысы сүт өнімдерін шығаруға бағытталған. Сиыр сауатын аппарат және өзге де жабдықтар сатып алуға жұмсалған. Қазір Мейрамгүл 15 сиырды осы аппаратпен сауады. Күніге 60 литрге жуық сүт алады. Одан қаймақ, май, құрт, сүзбе, майқұрт, айран дайындап сатады.
Асылбек пен Мейрамгүлдің алты баласы бар. Мейрамгүл мектепте бастауыш сыныпқа сабақ берсе, Асылбек үйдегі құсқа қарайды. Үй иесі қораны жайлы қылып салған. Шаруашылықпен танысқан соң «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин кәсіп иесін серіктестік атынан марапаттап, естелік сыйлық табыс етті.
Экспедиция мүшелері Кемер ауылындағы Әділбек Бертілеуовтің шаруашылығын көрді. Әділбек бағдарлама арқылы 1 миллион 700 мың теңге несие алған. Оған қаз, үйрек және қора салуға қажетті құрылыс материалдарын сатып алыпты.
—Бұрын мал шаруашылығымен айналыстым. «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естіп, құс өсіріп көрейін деп шештім. Қазір 45 қаз, 30 үйрек, 30 тауық бар, — деді Әділбек.
Әділбек бағдарламаның ауыл халқы үшін тиімді екенін айтты. Алайда қаржының есебін тапсыру, құжат рәсімдеу бойынша қалаға бірнеше рет барғанын жасырмады. «Ақтөбе» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Ашур Алмасов сұрақты мұқият тыңдап, бағыт-бағдар берді.
Бағдарлама берекені арттырады
Экспедиция мүшелері одан әрі Қаратал ауылына барды. Ауыл тұрғыны көпбалалы ана Гүлхан Қауметова бағдарлама бойынша 3 миллион 300 мың теңге несие алып, кәсіп бастапты. Қазір ол жартылай дайын өнімдер сатып отыр.
— Бұған дейін де жартылай дайын өнімдерді сатумен айналыстым. Әсіресе қыстыгүні сауданы жақсы жүргіздім. Осы бағытта кәсіп ашсам деген арманым болатын. «Ауыл аманаты» туралы бағдарламаны естіген кезде көп ойланбай, құжат тапсырдым. Несиені алған соң тоңазытқыш, мұздатқыш, ет тартатын, нан илейтін машина сатып алдым. Тұшпара түйетін аппаратқа тапсырыс беріп қойдым. Кәсібімді бастағаныма бір ай болды. Сұраныс бар. Қазір тартылған ет, тұшпара, манты, чебуреки, фрикаделькиге жиі тапсырыс береді. Етті ауылдың ішінен аламын. Қазір әлеуметтік желіден парақша ашып қойдым, сол арқылы тапсырыстар түсіп жатыр. Жалпы бағдарлама біз сияқты қарапайым ауыл халқы үшін өте тиімді екен. Бизнесті бірыңғайлатып алғанша бір жыл уақыт беріледі. Әрі төлем уақытын да өзің белгілейсің. Осы жағы бізге үлкен көмек болып отыр, — дейді Гүлхан.
Қазір өнімді тек ауыл ішіне сатып жатыр. Сұранысқа қарай аудан орталығына апарады.
Қаратал Ш.Берсиев атындағы ауылдық округке қарайды. Округ әкімі Нұрлыбек Шауменовтің айтуынша, бағадарлама бойынша 17 жоба мақұлданған. Үш адам кәсібін бастап кеткен. Сондай-ақ алдағы уақытта монша, тігін цехын ашқысы келетіндер бар.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырған тұрғынның бірі Әлия Исенғалиева жоба аясында 2,5 миллион теңге несие алған. Оған 250 қаз, үйрек сатып алыпты. Экспедиция мүшелері кәсіп иесімен тілдесіп, шаруашылықты көрді. Әлияның қаздары Ойыл өзенінде жүзіп жүр. Жем жейтін кезде балалары айдап әкеледі екен.
— Құс шаруашылығымен бірінші рет айналысып отырғандықтан алғашқы кезде көп нәрсені білмедік. Содан біраз шығын болды. Ал қазір үйреніп қалдық. Қандай жем, дәрумен беретінін білеміз. Тауық жұмыртқасын да пұлға айналдырып отырмыз, — дейді Әлия.
Әлия да көпбалалы ана. Өзі балабақшада еңбек етеді. Бұл кәсіпті күйеуі екеуі жүргізеді.
Айшолпанның дәріханасы
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алғандардың бірі — Айшолпан Қапашева. Аудан орталығындағы ветеринарлық дәріханасын кеңейту үшін 3 миллион 400 мың теңге несие алған. Бұл қаржыға дәрі-дәрмектен бөлек, дәріханаға қажетті жабдықтар сатып алыпты. Айшолпанның мамандығы — мал дәрігері. Бес жыл осы бағытта білі алған жас қазір оның жемісін көріп отыр. Малы ауырған тұрғындар алдымен Айшолпанның кеңесін алады.
— Аудан халқының негізгі күн көрісі — мал шаруашылығы. Сондықтан малдың күтіміне, еміне ерекше мән береді. Бұрынғыдай емес, қазір малы ауырса, халық бірден дәріханаға келеді. Кеңес беремін, қандай дәріні егіп, қалай ішкізу керектігін айтамын. Дәріханада маусымдық дәріден бастап, жұқпалы және жұқпалы емес ауруларға арналған дәрілердің бірнеше түрі бар. Яғни төрт түлікке, үй жануарларына қажет дәрі-дәрмектің барлығын табуға болады. Препараттарды, негізінен, Ресейден және Орал қаласынан аламын. Бағасы тиімді, — дейді Айшолпан.
Көрші Атырау облысы Қызылқоға ауданы мен Темір, Қобда аудандарынан да тапсырыс түседі. Оларға пошта қызметі арқылы дәріні жөнелтеді. Атбегілер де Айшолпанның дәріханасына жиі бас сұғады. Бұл жерде жылқы күтіміне қажетті бұйымдар мен дәрі-дәрмектің де түрі бар. Қазір Айшолпан бала күтімімен үйде отыр. Соған қарамастан, кәсібін жүргізіп отыр.
Көптоғайдағы келелі істер
Аудан орталығына жақын ауылдың бірі — Көптоғай. Экспедиция мүшелері бұл ауылға да соқпай кетпеді. Ауыл тұрғыны Болатбек Омар бағдарлама арқылы екі миллион теңге алыпты. Бұл қаржыға сәуір айында 300 қаз және тауық сатып алған. Алғашқы өнімді саудаға шығарып, пайдасын көрген. Қазір қаздың екінші легін семіртіп жатыр. Ал тауық жұмыртқаларын ауыл мен аудан орталығындағы жәрмеңкеге апарады.
— Бағдарлама жұмыссыз жүрген, кәсіп бастаймын деген азаматтарға тиімді. Пайызы аз әрі төлем уақытын өзің белгілейсің. Бұл кәсіптен бөлек, азын-аулақ малымыз бар, — дейді Болатбек.
Шаруашылыққа балалары қолғабыс етеді.
Экспедиция мүшелері Болатбектің шаруашылығын көрді. «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин кәсіп иесіне облыс әкімі Ералы Тоғжановтың Алғыс хатын табыс етті.
Аталған бағдарламаға ауыл жастары да қызығушылық танытып жатыр. Мәселен, жақында әскерден келген 21 жастағы Бекжан Асхатұлы үш миллион теңге несие алуды жоспарлап отырғанын айтты. Қажетті құжаттарды тапсырыпты. Бекжан үш бағыт бойынша несие алмақ: бау-бақша егіп, монша салады және құрт шығарады. Қазір тек қаржының түсуін күтіп отыр.
Ал Қарлығаш Батырбекқызы бағдарлама аясында 4 миллион теңге несие алған. Бұл қаржыға қажетті құрал-жабдықтарды алып, қазір сүт және жартылай дайын өнімдерді шығарып жатыр. Кәсіпті бастағанына бір айға жуық уақыт болыпты. Құрт, қаймақ, майқұрт, балқаймаққа сұраныс жоғары. Тартылған ет пен тұшпараны да сұрайтындар көп.
— Бұл — отбасылық бизнес. Күйеуім, ата-енем, бауырларымыз — барлығымыз осы шаруаны жандандыруға күш салып жатырмыз. Жартылай өнімге — «Адал ас», сүтке «Адал milk» деген атау бердік. Болашақта кәсібімді кеңейткім келеді. Қазір өнімді ауыл мен аудан орталығына ғана апарып жатырмыз. Алдағы уақытта Ақтөбеге де жеткізу ойымызда бар, — деді Қарлығаш.
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Қарлығашқа сәттілік тілеп, серіктестік атынан Алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлық табыс етті. Экспедиция мүшелері өнімдерді көріп, ауылдың дәмін сатып алды.
Көптоғай ауылдық округі әкімі Ерлан Асылбаевтың айтуынша, бағдарлама аясында 46 жоба тапсырылған. Оның 32-сі мақұлданса, 12 адам қолына қаржы алған.
— Халық бағдарламаның тиімділігін түсініп жатыр. Несиені бірінші алғандар қазір кәсібін бастап кетті. Солардан көріп қызығып, құжаттарын тапсырып жатқандар бар. Жылыжай еккісі келетін азаматтар көп. Ауылға газ кірсе, осы бағыт жанданғалы тұр, — деді округ әкімі.
Экспедиция мүшелері аудан орталығындағы Мәдениет үйінде жиын өткізді. «Ақтөбе» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Ашур Алмасов пен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының қайта өңдеу бөлімінің бас маманы Мұхтар Әкімов бағдарлама туралы айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев, философия ғылымының докторы, профессор Алтай Тайжанов ел экономикасын дамытуда ауылға жағдай жасаудың маңызы зор екенін тілге тиек етті. Экспедицияны бастап барған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бағдарлама арқылы кәсіп бастаған азаматтарға сәттілік тіледі. Ауыл ардагерлері Сағат Өтегенов пен Сәрсенбай Аманқосов облыс орталығынан келген мамандарға алғысын айтты.
Кәмшат ҚОПАЕВА.
Тағы да
Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдық жерлерде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен және аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерімен танысқаннан кейін жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті
Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылу барысымен танысты