Еңбектің наны тәтті

«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.

«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясы батырлар мекені Қобда ауданына барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жай-жапсарын түсіндірді.

Облыс орталығына жақын аудандардың бірі  Қобда — шаруашылықтың кез келген түрімен айналысуға қолайлы жер. Мұнда «Ауыл аманаты» бағдарламасына тұрғындар  белсенді қатысып жатыр. Аудан бойынша 109 жоба мақұлданса, оның 54-іне несие берілген. Қаржы қолына тиген тұрғындар кәсібін бастап кетіпті.

Бұлақтағы берекелі істер

Экпедиция мүшелері алдымен  Бұлақ ауылдық округіне қарасты Әлия ауылына барды. 236 түтіні бар ауылда жұмыссыз адам жоқ. Тұрғындар қолынан келгенше еңбектеніп жатыр. Округ әкімі Серік Нұрмағамбетовтің айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасына 6 жоба тапсырылып, барлығы мақұлданған. Ал 20 адам мал сатып алуға тапсырыс беріп қойыпты. Халық қазір төрт түліктен түсетін пайданың көп екенін біледі. Мәселен, Ақтөбеде тұратын Зұлпұқар Назаров қаладан Әлияға көшіп келіпті.

— Қаңтарда отбасыммен осы ауылға көшіп келдім. Мал алуға несие рәсімдеу үшін құжаттарымды дайындап қойдым. Қаржы алсам, мал сатып алып, осы шаруашылықты дамытқым келеді. Өзім құрылыс саласында еңбек етемін. Биыл зейнетке шығамын. Содан кейін біржола мал шаруашылығымен айналысқым келеді, — деді Зұлпұқар.

Ол облыс орталығынан келген мамандардан құжат мәселесі және несиенің өзге де жай-жапсары туралы сұрап, кеңес алды.

«Ақтөбе» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Ашур Алмасов «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктері, оған кім қатысатыны туралы кеңінен айтып берді. Сондай-ақ қатысушыларға өнімді өткізу жағынан қолдау болатынын атап өтті. Мәселен, қаладағы «Табыс» базарында бұл мақсатта арнайы орындар қарастырылған, яғни бағдарламаға қатысушыларға тегін беріледі.

 — Бағдарламаға қатысқан азаматтарға жан-жақты қолдау бар. Мәселен, шаруалар бірігіп кәсіпкерлік корпорациясын құрса, тасымалдау жағынан жеңілдіктер болады. Қажетті тауарды арзан бағаға бірігіп алуға болады, — деді Ашур Алмасов.

Егістік басына жиналған шаруалар толғандырған сұрақтарын қойды. Бірі ауыл маңынан көлік доңғалағын жөндейтін орын ашқысы келетінін айтса, енді бірі қаржының қандай мақсаттарға берілетінін сұрады.

Несие алып, кәсіп бастап кеткен Асылан Төлебаев экспедиция мүшелеріне шаруашылығын көрсетті. Аумағы 10 гектар жерге бау-бақша өнімдерін еккен. Тұқымның алды жемісін бере бастапты.

— Әйелім Нұржауған екеуіміз бағдарлама бойынша 8 миллион 600 мың теңге көлемінде несие алдық. 10 гектар жердің үш гектарына — қырыққабат, үш гектарына — сәбіз, қалғанына қияр, асқабақ, кәді, өзге де көкөністің түрлерін ектік. Қазіргі таңда қияр мен кәді шығып жатыр. Аудан мен облыс орталығына сатып жатырмыз.  Ақтөбедегі «Дина» супермаркетімен келісімшарт жасадық. Өнімнің басым бөлігін осы дүкенге апарамыз. Биыл 120 тонна қырыққабат, 200 тонна сәбіз аламыз деген жоспарымыз бар, — деді шаруашылық иесі.

Піскен өнім Бұлақ ауылындағы арнайы қоймада сақталады. Яғни өнімді қыста да сақтауға болады. Шаруашылық басында төрт жұмысшы бар. Оларға уақытында еңбекақысын төлейді.

Тауық өсіріп, табыс тауып отыр

Талдысай ауылының тұрғыны Айнагүл Аманшиева бағдарлама арқылы алған несиеге 250 құс сатып алған. Ауласындағы қораны жөндеп алыпты.

 — Құс өсіру оңай емес екен. Өте мұқияттылықты талап етеді. Дәрумендерді уақытында бермесең, тауықтар жұмыртқаламай қалады. Алғашқыда аздап қиын болды. Қазір бәрін үйреніп алдық. Күніге 100 жұмыртқа аламын. Оның бір бөлігін ауылға өткізсек, қалғанын Ақтөбеге жөнелтеміз. Біреуі — 40 теңге, — деді Айнагүл.

Айнагүлдің қорасының айналасы мұнтаздай таза. Жем беретін, су ішетін орындарына дейін мұқият жасалыпты. Экспедицияны бастап барған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Айнагүлге серіктестік атынан Алғыс хат табыстап, ісіне сәттілік тіледі.

Талдысай ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 20 жоба тапсырылған. Оның 12-сі мақұлданып, 8 тұрғын несиені қолына алыпты. Жобалардың жалпы жоба құны — 22 миллион теңге.

Даниярдың дизайнерлік  кілемдері

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алғандардың бірі Данияр Өтегенов бұрын құрылыс саласында еңбек еткенін айтады.

— Бірде әлеуметтік желіден америкалық жігіттің кілем тоқып сатып, бір айдың ішінде миллион табыс тапқанын көріп қалдым. Қарап отырсам, айтарлықтай қиын жұмыс емес. Сөйтіп, өз бетімше іздене бастадым. «Ауыл аманаты» бағдарламасы басталған кезде көп ойланбастан құжат тапсырдым. Қолыма 2 миллион теңге қаражат тиген соң, ойымдағы істі жүзеге асыруға кірістім, — дейді Данияр.

Қаржыға Ресей мен Қытайдан кілем тоқитын бұйымдар, жіп, тігін машиналарын сатып алады. Осылайша істі бастап кетті. Алғашқы тоқыған кілемдерін облыс әкімі Ералы Тоғжанов Қобдаға жасаған жұмыс сапары кезінде көріп, сатып алыпты. Жалпы бір кілемнің құны 70 мың теңгеден басталады. Көлеміне байланысты бағасы да өзгеріп отырады.

Қобдада тұратын Аружан Жұмағалиева да бағдарламаның игілігін көріп отыр. Жоба аясында 8 миллион теңге көлемінде несие алып, 500 тауық пен 200 қаз балапанын сатып алыпты. Сондай-ақ инкубатор аппаратын, қораға қажетті құрылыс материалдарын әкелген. Қазір күніне 250 жұмыртқа алады. Оның бір бөлігін ауданға өткізсе, қалғанын қалаға апарып сатады.

— Қазды екі айдан кейін сатамыз. Өнімді өткізуде ешқандай кедергі жоқ. Болашақта осы кәсіпті кеңейту ойымызда бар. Қазір отбасымызбен, барлығымыз құстарға қараймыз, — деді Аружан.

Қобда ауылдық округі әкімі Марат Құлниязовтың айтуынша, бағдарламаға 50-ге жуық жоба тапсырылған. Отыз адам несие қаржысын қолына алып, кәсбін бастап кетіпті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.