Салиқалы сөздің иесі

Қолға қалам ұстаған адамның сөз сиқырына арбалып қалатыны бар. Бұл бөлек дүниеге бір еніп кетсең, одан шынжыр үзіп шығып кетуің мүлдем қиын.

Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақпарат саласының үздігі Сәтжан Дәрібай да біраз жылдан бері оқырманын ойлы туындыларымен қуантып келе жатқан қарымды қаламгер.

Бүгінде ердің жасы елуге келіп отырған оның журналистикадағы және поэзия әлеміндегі қос қанаты есімі елге танымал азаматты биікке көтеріп келеді.

 Түркияда түлеген…

Бүгінде шетелде білім алу қалыпты жағдайға айналғандай. Ал еліміз егемендік алған сонау тоқсаныншы жылдардың басында бұл сиректеу құбылыс еді. Сол кездерде санаулы қазақ жастары арасында Сәтжан Дәрібай Ыстанбұл қаласындағы Мармара университетінің журналистика факультетінде оқыды.

Шалқар қаласының іргесіндегі Жылтыр ауылында туып-өсіп, сол өңірден алысқа ұзап шыға қоймаған бозбаланың Түрік еліне жол тартуы талайды таңдандырғаны анық.

Қазақстаннан барған талапкерлерді туысқан Түркия бірден құшағын жая қарсы алды десек, артық болар. Мұнда да үміт пен күдік араласқан күндер аз болған жоқ. Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтынан бәйгеге қосылған ол елден шыққан елу шақты қыз-жігіттің қатарында біраз сынақты бастан өткереді. Кайсери қаласында жатақханаға орналасып, тобымен тіл үйренуге кіріседі. Бір қызығы, бұлардың бәрі де Түркияға келген бойда оқуға кірісіп кетеміз деп ойлаған екен. Біраз еңбектеніп, тіл сындырған соң шетелдік талапкерлерді қабылдау сынағына түседі.

Айтпақшы, алдында бәріне де тіл үйрету үшін бір-бірден адам бөлген екен. Өзіне қамқоршы болған Әли деген азаматтың көмегімен тілін түзеп алған қазақ баласы түрікше тура тартып, төрт сынақтан да сүрінбей өтеді. Бұдан кейін оқуға түсу емтиханы деген бар екен.

Мармара университетінің журналистика факультетін таңдаған Сәтжан енді Анкараға барып, тағы да талқыға түседі. Сонымен, бұларға Қазақстанға қайта беруге пәрмен беріледі. Оқуға түсті ме, түспеді ме әлі белгісіз, хабары сәл кейінірек айтылады. Елге келіп екі ай жатқан соң ғана сүйінші хабар жетеді.

Кейін ойлап отырса, шетелде оқығанынан гөрі, оқуға қабылдануы біраз қажытып жібергенге ұқсайды. Бірақ табиғатында шегіністі жақсы көрмейтін ол мұның бәрін бір сәтте ұмытты.

Қысқасы, ол 1996 жылы шетелдегі оқуын ойдағыдай тәмамдап, елге білікті маман болып оралады.

Журналистикадағы жол

Университет бітіргеннен кейін бірден халықаралық «Заман-Қазақстан» газетіне қызметке орналасады. Белгілі қаламгер Жұмабай Шаштайұлы басқарған бұл басылымда кейін танымал болған қазақтың талантты жас қыз-жігіттерімен қатар еңбек етеді.

Сәтжанның белгілі ақын-жазушылармен жүргізген сұхбаттары бірден жұртшылық назарын аударғаны есімізде. Сондай сұхбаттарының бірін ол қазақтың адуын ақыны Өтежан Нұрғалиевпен жүргізген еді. Әншейінде бұра тартып сөйлеп, көпшілік аузында қалыптасқан жауаптардан мүлдем бөлек арнаға тартып кететін Өтекеңнің тілін қалай болғанда да жас журналист тез табады. Сол сұхбатты кейін де қайталап оқығанымызда сұрақ-жауаптардың қалай үйлесім тапқанына таңғалғанымыз бар-ды.

Ақтөбеде республикалық «Алтын Орда» газеті ашылғанда ол жауапты хатшы қызметіне бекітілді. Бұл, негізінде, бейнелеп айтсақ, армиядағы бас штаб секілді жер. Бүкіл шаруа осы жерде тоғысады. Жауапты хатшы сегіз қырлы, бір сырлы болуға тиіс. Ол басшылық, ұйымдастырушылық, талапшылдық, іскерлік қабілеттерімен бірге, жандырып жаза да білуге тиіс. Соның бәрі оның бойынан табылатын.

Айтпақшы, осы қызметте оның дизайнерлік таланты ерекше көрінді. Газетте қаншама жақсы мақалалар болғанымен, оны қыздың жиған жүгіндей етіп көрсету — секретариат қызметіне сын. Осы тірлікті Сәтжанның өзі тікелей қолға алып, «Алтын орданың» іші-сыртын әсемдеп, жарқыратты да тастады. Одан кейін осы басылым бас редакторының орынбасары лауазымына көтерілді.

Сәтжан осындай жолдардан өтіп, 2004 жылы облыстық «Ақтөбе» газетіне келді. Содан он жеті жыл бойы табан аудармай газеттің жауапты хатшысы қызметін атқарды, былайша айтқанда, осы басылымның отымен кіріп, күлімен шықты.

2021 жылдың наурыз айында газет бас редакторының орынбасары болып тағайындалды. Ал 2022 жылдың басынан «Ақтөбе» газетінің бас редакторы.

Осы басылымдағы оның қызметі, атқарған істері жалпы жұртшылықтың көз алдында, сондықтан да оның бағасын газет арқылы беретін де өздеріңіз, қалың оқырман!

Ақын болу — ар азабын арқалау

«Жазушы» баспасының  бас редакторы болған ақиық ақын Есенбай Дүйсенбайұлы — талай жас таланттың тұсауын кесіп, қамқорлығын жасап, келешегіне жол сілтеген, жылы лебізін білдірген қаламгер. Сол шапағаты Сәтжан ақынға да тиді.

Өлеңін өзінше жазып, қағаз бетіне түсіргенімен, баспаға беруді құнт ете бермейтін інісінің талантын тап басып таныған Есенбай аға Ақтөбеге бір келген сапарында оның өлеңдерін Алматыға өзімен бірге ала кетіпті. Соның нәтижесі

2009 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Қазіргі қазақ поэзиясы» сериясымен «Жазушы» баспасынан «Фәни мен бақи» атты тұңғыш өлең кітабы жарық көрді.

Бұған ең алдымен Сәтжаннан гөрі ақын ағасы қатты қуанғандай болды. Мұны Есенбай ағаның кітапқа жазған алғысөзінен де байқауға болады.

Тағы бір оқып көрелікші той күні сол бір ерекше пейілді.
«Сәтті қадамыңмен, Сәтжан!» — деп басталыпты аға сөзі.
Одан әрі былай жалғасады:
«…Әлияның 80 жылдық мерейтойынан базарлық ретінде осы мерекеге орай туған өңірдегі жиырма шайыр өлеңдері топтастырылып шығарылған «Гүл-ғұмыр» атты жыр жинағын Алматыға ала келгенмін.

Республикаға танымал Мұхтар, Мейірхан, Ертай, екі Бауыржан, Жақсылық жайлы сөз басқа. Менің назарымды алдымен аударған — Сәтжан Дәрібай. Маған беймәлім жаңа есім. Ештеңесін оқымаппын, өзін де білмейді екем. Бәлкім, содан болар, өлеңдеріне асығыс көз жүгірте бастадым:

«Қамшы сабы —
өміріңнің өлшемі,
Қандай қысқа!
Қойған екен жарытпай.
Қуанар сәт —
ғұмырдың бір бөлшегі,
Арқалар мұң табыттай…»

«Оу, мына бала қалай-қалай толғайды, жаным-ау?! ХV ғасырдағы Асан қайғы мен Абылай заманындағы Бұқар жыраудың да аузына түсе бермейтін даналық толғау ғой бұл!» — осылай дән ризалықпен өзіме-өзім дауыстай сөйлеп, поэтикалық шумақтарға әрі қарай үңіле түсейін:

Қайдан келдім?
Барар жерім ол анық.
Жауап таппай,
сенделеді санам аш.
Екі құлаш шүберекке оранып,
Қара жерге аттанамын
жалаңаш.

«Осындай ойшыл ақынды бұрын неғып байқамағанбыз? «Санам аш» дейді-ау! Өзі журналистік оқуды Ыстанбұлдағы университетте түгесіпті ғой. Сондықтан ба, жап-жас боп жасамысша, көпті көрген көнеше көсіліп, фәни мен бақи, өмір мен өлім, бишара пендешілік пен бейкүнә адамшылық арасын, имандылық иірімдерін Ясауише тереңнен тербеуін қарашы, ей!» — деймін, тағы да сүйсінген сезімім толқынысын тежей алмай. Өлең:

Өкінгеннен еш пайда жоқ
өткесін,
Сендім анық:
тек Алланың  құлымын.
Ібілістің жетегінде кетпесін
Жарты қарыс жерге сыйған ғұмырым, —
деген әдемі түйінмен әдіптеліп барып аяқталады. Күні кеше өзіңе-өзің сыймағаны ештеңе емес, «он сегіз мың ғалам» аталатын жарық дүниеге де сыймай жүрген тірлігіңнің жарты қарыс жерге сыйып кететіні қандай аянышты!

Ендеше, сол қамшының  сабымен өлшенер ғұмырыңда көңілдің де, өмірдің де қараңғылығын жарық қылар бір сәуле тапқанға не жетсін. Сәтжан Дәрібайдың:

Шырақ жақтым —
жарық болсын арамыз,
Сен өшіре көрмеші! — дегенін адамгершілік кредосы, ақындық ұстанымы сияқты қабылдауымыз жүдә орынды һәм әділетті.

Осы екі өлеңінен-ақ ақындық талантын анық танып, жеке жыр жинағын шығару керек екен деп ойлап жүруші едім. Соның сәті түсті. «Ақындардың шамы түнде сөнбейді» деп Хамаң (Хамит Ерғалиев) айтқандай, шайырдың түнде отырып жазған өлеңі қараңғылық қойнына жаққан шырағы емес пе? Көңіл түнегін, әлі де тұтас жарыққа айналмаған өмір түнін жарқыратар шырақ. Ақын — адамзат шырақшысы. Рух күзетшісі. Олай болса, «Жазушы» баспасының  Қадыр, Тұманбай сынды корифейлерінің жыр кітаптары оқырманға жол тартатын «Қазіргі қазақ поэзиясы» сериясымен және биыл Фариза, Ханбибі секілді даңқты ақындар таңдамалыларымен қатарласа Сәтжанның тұңғыш кітабы — «Фәни мен бақидың» жарық көруін қазақ өлеңінде ол жаққан әзірге әлсіз, ертеңі қуатты, үлкен үміт артқызар үкілі шырақты өшірмеуге, дәлірек айтқанда, өршітуге деген қамқор көзқарас көрінісі деуіміз жөн болар.

Алғашқы жинағымен қазіргі ұлттық өлең өлкесіне өз қосын тігуге жол тартқан жас шайыр бір кітаппен тоқтап қалмайды, өндірте көп жазады деп сенеміз. Амандық болса, шығармашылығын сараптар толық пікір-пайымдаманы сол кезде айта жатармыз».

Абзал аға үміт күткендей, Сәтжан ақын одан кейін де жыр жинағын шығарып, өлең өлкесіндегі өзіндік өрісін кеңейтіп келеді. Өкініштісі, Есенбай аға сол күндерді көре алмай кетті.

Сәтжан да негізінде Есенбай ағасының алдында қарыздар болып қалмаған екен. Шамалы ертеректе оған арнап «Бозжусан аға» деген өлең шығарыпты.

Бозала таңды қарсы алған,
Бозбала жастың бірі мен.
Бейкүнә өлең іздедім,
Бозторғайдың үнінен.

Бозбауыр бұлтпен
ұшырдың,

Пейліңді,
қарсы ал, ел енді.
Гүл емес, сыйға ұсындым,
Бозжусан түсті өлеңді, —
деп інілік ілтипатын білдіріпті.

* * *

Жылтыр деп аталатын ауылда Құлшар әке мен Күләш ананың отбасында он бір баланың бірі болып дүниеге келген Сәтжан бүгінде мамандығы филолог Нұргүл келінмен Нұртас, Әсет, Әлішер, Нұржан есімді төрт перзент өсіруде. Солардың ішінен Әсет шаңыраққа Сәнім есімді келін түсіріп, Әбубәкір атты сүйкімді немере сыйлады, бұларды ата-әже мәртебесіне жеткізді.    

…Сәтжан қырық жасқа келгенінде Ертай Ашықбаев ағасының «Елу жас» деп аталатын көпке танымал өлеңінің ізімен бір жыр жазып тастағаны бар. Онда:
Елу алда қас қақпай бағып тұрған сияқты,
Отыз әлі ұмытпай танып тұрған сияқты, — деген екен.
Сол елу бүгін өзіне де келіп жетті.
Елу — ел ағасы жасы.
Ауылдың көбі көшсе де елден «қалалап»,
Ұнамай қойды, бар шыным.
Кеткім келеді Борсықтың құмын жағалап,
Тақымға қысып қамшыны.
Туған жерден тамырын үзіп кете алмайтын, қазақша айтқанда, кіндігінен байланған жандар болады, Сәтжан да сондай сиректердің бірі!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.