«Рух» оқырманын рухтандырады!

Тұсаукесер

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжановтың «Рух» атты жаңа өлеңдер жинағының тұсаукесері «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның баспасөз клубында болып өтті.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымының төрағасы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев бұл жинақтың ерекше мәні — оқырманды қолына найза ұстаған батыр бабалардың, аузы дуалы билердің, артына сөз қалдырған ақындардың рухын тірілту арқылы жігерлендіру мақсатын көздейтінін ерекше қадап айтты.

Бұған дейін қаламгердің жиырмаға жуық өлеңдер мен тарихи-танымдық кітаптары жарық көрген. Ол — «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі, республикалық телевизияның «Жүректен — жүрекке!» конкурсының гран-при иегері.

Басқосуда ақынның осындай жетістіктерін атап көрсеткен Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы,«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин «Рух» жинағындағы өлеңдердің жас буынға өткеннің өнегесімен жігер беруде маңызды екеніне тоқталды.

Тұсаукесерде Алматыдан келген жерлесіміз, филология ғылымдарының кандидаты, түркітанушы-ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы Аманқос Мектептегі сөз алып, өзі бұрыннан өлеңдерін тұрақты оқып отыратын ақынның кезекті қадамына сәттілік тіледі.

Жиында сондай-ақ оқырмандар атынан кәсіпкер Бақытжан Ержанов, дәрігерлер Жексенби Көптілеуов, Қайырбек Тоқтаров жаңа кітап туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Кітаптың алғы сөзіндегі автордың:

Қолдайды мені бабаларымның Рухы,

Жерімде тұрмын — Атақонысымда киелі.

Жүректе сөнбес олардың жаққан Ұлы оты,

Тәңір де адал ұрпақты мәңгі сүйеді!—деген өлең жолдары жинақтың өн бойында өрілген ақын ұстанымы екені көпшіліктің ортақ тұжырымы іспетті болды.

Өз тілшіміз.