Мереке шуағы

Медицина қызметкерлері күні

Ақтөбе қаласындағы №7 қалалық емханада Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған сала мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында медицина қызметкерлері арасында өткен спартакиаданың жеңімпаздары мен қатысушылары, үздік дәрігерлер №7 қалалық емхананың бас дәрігері Нұрлан Кожиннің Алғыс хатымен марапатталды.

 Емхана 37520 тұрғынға шақталған. Онда 410-нан астам маман қызмет етеді. Шалғай елді мекен тұрғындарының дені медициналық көмекке зәру. Осы мақсатта жылжымалы кешендер жиі ұйымдастырылады. Қазіргі таңда дене қимылының аздығынан аурушаңдық көбеюде. Осы орайда тұрақты түрде денсаулық акцияларын, семинар тренингтер өткізу жоспарымызда бар.

Атаулы күнде адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға ерекше құрмет көрсетіліп, еңбегі еленеді. Денсаулығымыз сыр бергенде көмек қолын созуға дайын тұратын дәрігерлерді дәріптеуіміз керек. Осы жиында Лаура Мақсұтқалиқызы, Жанар Қазбекқызы, Дина Абайқызы сынды қызметкерлеріміз қала әкімінің атынан марапатталды. Ешбір қызметкеріміз атаусыз қалған жоқ, — деді бас дәрігер.

Жиын барысында «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестінің директоры Раукен Отыншин медицина қызметкерлеріне Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстап, дәрігерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.

— Күндіз-түні адам жанының арашашысы болып жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі зор. Мейірімнің символына айналған мамандық иелері қандай құрметке де лайық, — деді ол.

Марапатталғандар арасында аға мейірбике Ғани Шамшатқызы да бар.

— Мейірбике болып жұмыс жасағаныма 46 жылдан асты. Еңбек жолымды теміржол ауруханасынан бастадым. Сапалы медициналық қызмет көрсету — біздің басты міндетіміз. Мейірбике мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Адамдарға пайдам тигеніне қуаныштымын. Барша әріптесімді кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларына амандық тілеймін, — деді мейірбике.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА