«Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасанзор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанныңэкономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.
«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясы Мәртөк ауданына барды.
Ресеймен шекаралас жатқан Мәртөк — аймақтағы әлеуеті жоғары, шаруашылықтың кез келген түрімен айналысуға ыңғайлы аудандардың бірі. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауданда қызу қолдау тапты. Бұл бағыт бойынша аумақ үздік келе жатыр. Бағдарлама аясында аудан бойынша 213 жоба тапсырылған. Құны — 981 миллион теңге. Оның ішінде 720 миллион болатын 170 жоба мақұлданған. Негізінен, өсімдік және құс шаруашылығы бойынша кәсіпті қолға алғандар көп.
—Бағдарлама басталған кезде ауданда скрининг жүргіздік. Қандай бағытқа көбірек көңіл бөліну керек, азық-түлік өндіруде қай салаға басымдық берілген жөн деген сұрақтарды қамтыдық. Аудан облыс орталығына жақын. Сондықтан құс және өсімдік шаруашылығын дамытуды қолға алдық. Мәселен, бағдарламаның арқасында құс өнімдерімен өзін-өзі қамту 45 пайызға артты,— деді аудан әкімі Алмас Салықбаев.
Жүгеріге сұраныс көп
Экспедиция мүшелері алдымен Мәртөктің маңындағы жүгері алқабына барды. Ауыл тұрғыны Самал Абаева күйеуі екеуі бағдарлама аясында 3 миллион 800 мың теңге несие алған. Бұл қаржыға жүгері тұқымын, құрал-жабдықтар сатып алыпты.
— Қазір екі гектар жерге жүгерінің кетама және мегатон деген екі түрін ектік. Кетама тұқымды жүгері — 60-70, екіншісі 90 күнде піседі. Өнімге сұраныс өте жоғары. Күніне 50-60 қапқа дейін кетама жүгерісін жинап аламыз. Облыс орталығына, Қобда, Қарғалы аудандарына сатып жатырмыз. Өзіміздің Мәртөктен де сұраныс көп түседі. Молырақ алса, жеткізіп береміз. Біреуін 100 теңгеден сатамыз. Егер 1000 түйірден артық алса, 90 теңгеден беріп жатырмыз. Сата бастағанымызға екі апта болса да, сұраныс жоғары, — дейді Самал.
Егіс алқабына тамшылатып суару әдісі қолданылады. Алқаптың маңынан тереңдігі 25 метр болатын ұңғыма қазылған.
Жүгері егуге қызының сөзі себеп болыпты:
— Қалаға барсақ, жүгерінің біреуін 500 теңгеден сатып аламыз. Балалар біреуін алып қоймайды, кемі 4-5-еуін жейді. Сондай бір күні қызым «Мама, жүгеріні неге өзіміз екпейміз» деді. Ойланып қалдым. Үйдің ауласына көкөніс егеміз, неге көрмеске деген ой келді. Осылайша бағдарлама басталған кезде, жобамызды жүзеге асыруға кірістік, — дейді Самал.
Ысталған құс еті
Мәртөк тұрғыны Татьяна Постовая бағдарламаның игілігін көріп отыр. Жоба аясында 8 миллион 600 мың теңге алыпты. Ол қаржыға 1500 қаз, үйрек, тауық сатып алған. Қазір құс етін ыстап саудаға шығарып жатыр. Жақында Алтай базарының ішінен арнайы орын ашылыпты. Ол жерде тек Мәртөк ауданы шаруашылықтарының ғана өнімі сатылады.
— Бұрын өзіміз ысталған құс етін Ресейден алып жүрдік. Кейін неге осыны өзіміз жасап көрмесеке деген ой келді. Бағадарламаға қатысуды жөн санадық. Қаржы қолға тиген соң барлығын мақсатты түрде жұмсадық. Құстың жемшөбінен бөлек, етін ыстайтын арнайы құрылғы сатып алдық. Қазір кәсібіміздің алғашқы жемісін көріп жатырмыз. Сұраныс жоғары, — дейдіТатьяна.
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин серіктестік атынан кәсіп иесін Алғыс хатпен марапаттады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алған тұрғынның бірі — Нұрлан Жұмағалиев. Нұрлан 8 миллион теңге несие алып, жылыжай құрылысын бастап кеткен.
—Үш соттық жерге жылыжай салып жатырмыз. Қажетті құрылыс материалдарын Шымкенттен алдырдық. Бұйырса, қысы-жазы қияр, қызанақтың өнімін аламыз деген жоспарымыз бар. Өзім бұрын жеміс-жидек саттым. Сақтау, күтім жасау жағын жақсы білемін, — дейді Нұрлан.
Экспедиция мүшелері Нұрланның жылыжайын қарады. «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин серіктестік атынан Алғыс хатпен марапаттап, жұмысына береке тіледі.
Саржансайлықтар белсенді
Экспедиция мүшелері Тәңірберген ауылдық округіне қарасты Саржансай ауылының маңындағы көкөніс алқабын көрді. Ауыл тұрғыны Шарапат Бекбауов інісі Нұрсұлтан екеуі 3,5 гектар жерге қияр, қызанақ, қарбыз егіпті. Қазір тұқым өнім беріп жатыр.
— Бағдарлама арқылы 3,5 миллион теңгеге қол жеткіздік. Оған суаруға қажетті жабдықтар сатып алдық. Қазір күніне 800 келі қияр жинап аламыз. Оның қалаға апарып сатамыз. Он жұмысшы бар, оларға күніне ақысын беріп отырмыз, — дейді Нұрсұлтан.
Экспедиция мүшелері Саржансай ауылының тұрғыны Қайрат Қашқынбаевтың шаруашылығын көрді. Қайрат бағдарлама арқылы 4 миллион 890 мың теңге несие алған. Оған 300 тауық, жемшөп сатып алған. Қора салыпты. Қазір күніне 185 жұмыртқа алады. Өнімді облыс орталығы мен ауданға апарады. Раукен Отыншин серіктестік атынан марапаттап, Қайраттың ісіне сәттілік тіледі.
Жалпы округ бойынша 53 жоба тапсырылған. Оның 38-і мақұлданыпты. Еске сала кетейік, аталған округ кәсіпкерлерінің бастамасымен Ақтөбенің орталығынан арнайы павилон ашылған болатын. «Харакет А» ӘКК басшысы Нұрсұлтан Бекбауов павильонның ашылуына жоба қатысушылары қаражат бөлгенін, барлығы 4,5 млн теңге жұмсалғанын айтқан еді. Мұнда округтің елді мекендерінен «Ауыл аманаты» жобасына қатысушы шаруашылықтардың өнімі қойылған. Ақтөбеліктер қолжетімді бағамен жаңа және сапалы сүт өнімдерін, шоколадпен қапталған құлпынай, тары, жент, ірімшік, кұрт және т.б. сатып ала алады.
Мәртөк ауданына жасаған сапар кезінде экспедиция құрамындағы «Ақтөбе» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Ашур Алмасов тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Философия ғылымының докторы, профессор Алтай Тайжанов ел экономикасын дамытуда ауылға жағдай жасаудың маңызы зор екенін айтып, кәсіп иелеріне сәтітлік тіледі.
Кәмшат ҚОПАЕВА.
Тағы да
Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдық жерлерде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен және аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерімен танысқаннан кейін жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті
Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылу барысымен танысты