Сыбайлас жемқорлықпен күрес: ақпараттық қолдау күші

Дөңгелек үстел

Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты тұжырымдамасы» және оны жүзеге асырудың іс-әрекеттері жоспары «Ақтөбе Медиа» ЖШС баспасөз клубында өткізілген дөңгелек үстел басындағы ортақ әңгіменің тақырыбына айналды. Бұл басқосуға бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. 

Жиынды ашқан «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының маңызына тоқталып, қоғам үшін қауіпті дерттің жолын кесу, оны болдырмау көпшіліктің бірігіп күресуімен ғана жүзеге асатындығын тілге тиек етті. Сондай-ақ бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, оның ішінде облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналында атқарылып жатқан істерге тоқталды.

Жиналғандар алдында Ақтөбе облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің превенция басқармасы басшысының орынбасары Әсет Қырқымбай сөз сөйледі. Ол: «Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Бұл ретте ол корпоративтік басқарудың қосымша бюрократиялық кедергілерге айналып бара жатқандығын айтқан болатын. Осы орайда жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен заманауи механизмдердің жүзеге асырылуы квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін де өзекті болып табылады», —деп атап көрсетті.

Әсет Шмидтұлы сонымен бірге өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің негізгі мақсаты квазимемлекеттік сектордың тиісті субъектілері мен оның қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың іске асырылуына мониторинг жүргізу болып табылатындығын айтып өтті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің міндеттері қатарындаЗаңға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ету, квазимемлекеттік сектор субъектісінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар жүйесін тиімді іске асыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді қамтамасыз ету сияқты бағыттар бар», — деді.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Ақтөбе облысында 290 квазисектор субьектісі әрекет етеді, олардың әрқайсысында комплаенс-офицер міндеті жүктелген жауапты тұлғалар бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жұмысын қамтамасыз ету — маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі. Осы жайды айта келіп, ол «тиісінше, өкілетті орган ретінде біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің сапасыз және уақытында атқарылмаған қызметі үшін жауапкершілігін қарауға міндеттіміз» деген тұжырымын білдірді.

Әсет Қырқымбай сөзінің қорытындысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірінші кезекте жемқорлықтың алдын алуға, тосқауыл қоюға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталғанын айта келіп, алайда бұл жұмыстың көптің жұмылуынсыз нәтижелі бітпейтінін де еске сала кетті. Сонымен бірге бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің көмек-қолдауы да қажеттігіне тоқталды. «Біз төртінші биліктің нақты насихаты, жұмыстарымызды ақпараттандыруы нәтижесінде жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілігі деңгейін елеулі дәрежеде көтеріп, сондай-ақ қоғамдағы сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайтуға мүмкіндік аламыз», — деп атап көрсетті ол.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының директоры Асылбек Бәйменов қозғалып отырған ортақ әңгіме түйінін одан әрі тарқатты. «2020 жылдың қараша айында құрылған «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі азаматтардың құқықтық санасын арттыру және олардың мүдделерін қорғау, бюджет қаражатының жұмсалуына мониторинг жүргізу және мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау жолымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Біздің басты мақсатымыз — жұртшылық арасында жемқорлыққа төзбейтін орта қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Біздің филиал құрылғаннан бергі уақытта мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын түсіндіру бойынша көптеген ұжымдардың қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды. Филиалда мемлекеттік органдардың, лауазым иелерінің, сот орындаушыларының қызметтеріне байланысты арыз-шағыммен көптеген азаматтар қабылдауда болды. Шағымданушыларға өздерін мазалаған мәселелерге қатысты заңгерлік көмек көрсетілді», — деп ол өздері атқарып отырған жұмыстар барысымен хабардар етті.

«Сонымен бірге біз бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері беттерінде біздің кездесулеріміз, басқа да іс-шараларымыз кеңінен көрсетіліп келеді. Іс жариялылығы қашанда белгілі бір нәтиже береді, сондықтан алдағы уақытта да баспасөзбен тығыз байланыста жұмыс істей беретін боламыз», — деді ол.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС комплаенс-офицері Қоянбай Бостанов өзі қызмет атқаратын ұжымдағы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын болдырмау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша профилактикалық жұмысты жетілдіру шаралары туралы баяндап берді. Қазіргі уақытта серіктестікте сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізетін жұмыс тобы құрылды.

«Мен серіктестіктің комплаенс-офицері болып тағайындалып, біліктілігімді көтеру мақсатында «Kemenger business» ЖШС оқу орталығында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс» курсы бойынша тиісті сертификат алдым. Ұжым қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық актілер бойынша түсіндірме сабақтары өткізіледі», — деп ол жұмыс тәжірибесімен таныстырды.

Айта кетерлік жай, «Ақтөбе Медиа» ЖШС биылғы наурыз айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалымен өзара ынтымақтастық және бірлескен қызмет туралы меморандумға отырды. Қазіргі уақытта бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүруде.

Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар алдында сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын тамыр-таныстық көріністерін нақты деректермен, күнделікті өмір құбылыстарымен әшкерелейтін бейнеролик көрсетілді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.