Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер ұстаз Орынша Қарабалина-Қазыбаева және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметовамен кездесіп, құрмет көрсетті.
Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуге сондай-ақ, Т.Жүргеновтің ұрпағы Жағыпар Нұржанұлы, тарихшы, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай қатысты.
Аймақ басшысы өңірге сапарлатып келген қонақтарға ілтипатын білдіріп, ел тарихын жандандыруға, қазақ мәдениетін дамытуға, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін алғысын айтып, қадірлі қонақтарға сый-сияпатын көрсетті.
«Ақтөбе өңіріне қош келдіңіздер. Алыстан ат терлетіп, аман-есен өлкемізге жеткендеріңізге, сіздерді көргеніме өте қуаныштымын. Өздеріңізді халық «Бауыржан атамыздың қос келіні» деп атап кеткен. Қазақтың нар тұлғасының тәлім-тәрбиесін көріп, бізге, жас ұрпаққа сол естіп-білгендеріңізді жеткізіп жүрген сіздерге мың алғыс. Біз әрқашан мақтан етеміз. Өңірде өткелі отырған Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 125 жылдығы аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Ақтөбеліктер мен шара қонақтары көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің біз білмейтін тарихи шешімдерін, игілікті істерін жан-жақты таниды деп сенемін», — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Айтып өтейік, 14-15 қыркүйек күндері Ақтөбе облысында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтеді. Бұл мерейтойды өткізуге «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы шешім қабылдаған.
Шара аясында жан-жақтан арнайы шақырылған қонақтар «Азаттықтың ақ таңы» мемориалдық кешеніне тағзым етеді. Сонымен қатар «Қоғамдық келісім» ғимаратында «Т.Жүргенов және түркі әлемінің рухани бірегейлігі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, 1936 жылғы Мәскеудегі Қазақ мәдениеті мен өнерінің 10 күндігі аясында Т.Жүргенов ұйымдастырған концерттің қайта жаңғыртылған нұсқасы, Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектебінде «Ұрпақтар үні», Б.Момышұлы атындағы №62 орта мектебінде «Баукеңнің тәлімі» атты кездесу кештері өтеді.
Д.АЙДАР
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті