Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров облыстық мәслихаттың кезектен тыс бесінші сессиясына қатысты. Сессияда Мемлекет басшысының аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау туралы тапсырмасын іске асыру мәселелері талқыланды.
«1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жергілікті атқарушы биліктің деңгейінде азаматтардың шешім қабылдауға тікелей қатысуын дәйекті түрде кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Өздеріңізге белгілі болғандай, 2021 жылдан бастап ауыл, ауылдық округ әкімдерін азаматтар өздері сайлайды. Осы уақыт ішінде 101 ауылдық округ пен аудандық маңызы бар қалада әкімдер сайланды. Биылғы жылдың соңына дейін облыстың тағы 11 ауылдық округінде сайлау өткізу жоспарлануда. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аудан, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауды сынақтан өткізуіміз керек», — деді депутаттар алдында баяндама жасаған облыс әкімі Асхат Шахаров.
Отырыс барысында сайлау биылғы жылдың 5 қарашасында Ырғыз, Ойыл және Қобда аудандарында өтеді деген шешім қабылданды. Аудан әкімі лауазымына үміткерлер ҚР мемлекеттік қызмет саласы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келетін, 25 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматтары болуы тиіс. Сайланатын әкімдердің өкілеттік мерзімі – 4 жыл.
Сайлау науқанын өткізу үшін жергілікті бюджеттен 136,2 млн теңге бөлінеді.
Д.АЙДАР
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті