Ақтөбе облысындағы 3 үш ауысымды және 2 апатты мектептің мәселесі шешіледі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов ел Президенті тапсырмасымен өңірде жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Ұлттық жоба аясында Ақтөбе облысында барлығы 18 мектеп салу жоспарлануда. Оның 13-і – Ақтөбе қаласында, оқушы орындарының тапшылығы бар учаскелерде салынатын болады.

Мәселен, жаңа және тұрғындар тығыз шоғырланған Батыс-2 шағын ауданында салынатын 2000 және 900 орындық екі оқу ордасы №63 және №64 мектептердегі оқушы орындарының тапшылығын және үш ауысымды оқыту мәселесін шешеді.

Құрылыс учаскелерін тексеру қорытындысы бойынша жұмыс қарқынын арттыру, жұмылдырылған жұмысшылар мен техникалар санын көбейту, құрылысқа қатысты туындаған кейбір мәселелер бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігі атап өтілді.

Сондай-ақ, мектептерді салу кезінде оқушылардың жайлылығы, мектепке кірер жолдардың ыңғайлы етіп жасалуына, автотұрақтар салу мен жаяу жүргіншілер жолдарын белгілеуге айырықша мән берілу керектігі айтылды. Кептелістерді азайту және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол жоспарын әзірлеу міндеті тұр.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеретін 14900 орындық мектептің 14-і 2024 жылы, төртеуі 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Д. Айдар