Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Ақтөбе қаласында кәріз тазарту құрылыстарын салу мәселелері бойынша кеңес өтті.
Оған жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, жобаны қаржыландыратын Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері қатысты.
Басқосуда 1981 жылы пайдалануға берілген қолданыстағы КТҚ-ның техникалық жағдайы нашар, қондырғылардың тозуы 80 пайызға жеткені айтылды. Тіпті, күннен-күнге нөпірі күшті ағынды суларды өткізуге қуаты жеткіліксіз болып отыр, қажетті тазалаудың жоқтығы сапаға әсер етеді.
Бұған дейін ЕҚДБ-ның қаржылық қолдауымен Ақтөбеде жаңа кәріз тазарту құрылыстарын салуға техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленген еді. Қазіргі уақытта ТЭН салаға жауапты министрлікке экономикалық және қаржылық сараптамаға жіберілді.
Сонымен қатар тендерлік құжаттаманы әзірлеу басталды.
Биылғы жылдың соңына дейін нысанды жобалау және салу жұмыстарымен айналысатын мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдерді жариялау және аяқтау жоспарлануда.
Облыс әкімі жаңа кәріз тазарту құрылысы қала тұрғындарының экологиялық қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын жақсартуда маңызды рөл атқаратынын алға тартты.
???? «Жобаны әзірлеу кезінде бүгінгі таңда барлық үй шаруашылықтары кәріз желілеріне қосылмағаны ескерілуі керек. Сондай-ақ Ақтөбенің «миллион тұрғыны бар қала» болатыны назардан тыс қалмағаны жөн. Яғни, инженерлер болашақта кәріз тазарту құрылыстарын кеңейту мүмкіндігін қарастыруы тиіс.
Біз үшін бұл – түбегейлі маңызды жоба, оның әлеуметтік маңызы орасан зор, өйткені қалада ескірген қондырғылардан жағымсыз иістердің пайда болуы адамдардың өміріне, денсаулығына теріс әсер етуде. Жұмыс әрине оңай емес, бірақ біз соңғы сатыларына келдік. Егер барлығы жоспар бойынша іске асса, жақын арада тұрғындар оң өзгерістерді байқайды деп сенемін», — деді Асхат Шахаров.
Өңір басшысы Жол картасын бекітуді және жобаны іске асыруға, барлық кезеңдерін үйлестіруге, жұмыстардың мерзімдері мен сапасына бақылауды жүзеге асыруға көмектесетін жұмыс тобын құруды тапсырды.
Жобаның құны 53,5 млрд теңгені құрайды, қуаты – тәулігіне 100 м3, бұл 500 000 адамның қажеттілігіне сәйкес келеді, ең жоғарғы қуаты — тәулігіне 130 000 м3.
Жобалық жұмыстар озық технологиялар және жабдықтармен қамтылған кәріз-тазарту құрылыстарының заманауи кешенінің құрылысын қамтиды. Айта кету керек, тұнбаны анаэробты ашыту арқылы өңдеу қарастырылған, бұл биогаз алу және электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Меншікті электр энергиясын өндіру жаңа КТҚ қажеттілігінің 50%-на дейін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру 2024 жылы басталады және бұл – қаладағы кәріз қызметі инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы маңызды қадам. Жаңа КТҚ Ақтөбедегі экологиялық жағдайды едәуір жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырады деп күтілуде.
Д. Айдар
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті