Ақтөбедегі қоқыс жинайтын компания жаңа техникалармен толықты

Бұған дейін «ATK Qyzmet» ЖШС-нде жаңа 12 қоқыс таситын көлік болса, енді олардың саны 25-ке жетті. Бұдан бөлек, компания қыс мезгілінде қызмет көрсету үшін жаңа 10 қар жинайтын камаз, 8 тракторды сатып алған. Алдағы уақытта қысқы көлік түрлерінің қатары толығады.

«ATK Qyzmet» серіктестігінің жұмысымен танысқан Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қоқыс шығаруға қатысты қала тұрғындарының шағымдары азайғанымен, мәселе күн тәртібінен түспейтінін, ҚТҚ шығаруға талап күшейетінін алға тартты.


«Қоқыс шығару мәселесі біржақты болмауы керек. Пәтер иелері кооперативіне, аулаларда жиналған қоқыстарды шығаратын компанияларға талап күшейеді. Тұрғындар да жауапкершілікті сезінуі тиіс. Қазіргі таңда біз бірнеше компанияларды демеушілікке тартып отырмыз, олар қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтарды полигонға шығаруға көмектеседі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Осылайша, біз қоқыспен түбегейлі күресеміз», — деген облыс әкімі қала басшылығы алдында жаңа міндеттер қойды. Яғни, барлық күшті жұмылдырып, мәселені шешу, назардан тыс қалдырмау.

«109» бірыңғай орталығының деректеріне сүйенсек, тамыз айында «қоқыс шығарылмайды» деген шағыммен 1500-ға жуық ақтөбелік хабарласқан. Ал бір ай ішінде тыңғылықты жұмыстың арқасында көрсеткіш 94 пайызға төмендеді. Қыркүйек айының басынан бері Call-орталыққа тек 97 шағым түскен.

Бүгінде «ATK Qyzmet» қоқыстарды шығару кестесін бекітіп, толыққанды жұмыс режіміне көшті. Ал компанияның жұмыс істегеніне бір жарым ай ғана болды.

Д. Айдар