Асхат Шахаров «Ақтөбе» футбол клубының жаттығуына барды

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «Ақтөбе» футбол клубының ойыншылары және жаттықтырушылар құрамымен кездесті. Ертең Орталық стадион алаңында Қазақстан Премьер-лигасының 22-туры аясында ақ-қызылдар «Ордабасы» командасын қабылдайды.

Облыс басшысы футболшыларға маңызды ойында сәттілік тіледі. Стадионға оралатын «13 сектор» мен жанкүйерлер қауымына жеңіс сыйлауға ұмтылу қажеттігін айтты.

«Алда жауапты матчтар, ал сіздердің көңіл-күйлеріңіз тиісінше дұрыс болуы тиіс. Тек сәттілік тілеймін. «Ақтөбе» әрқашан алда болуы керек», — деді Асхат Шахаров.

«Ақ-қызылдардың» капитаны Дмитрий Шомко жаңа басшылыққа алғысын білдіріп, команданың мақсаты айқын екенін жеткізді.

Қазіргі уақытта «Ақтөбе» командасы 41 ұпаймен турнир кестесінде екінші орында, ал «Ордабасы» 49 ұпаймен көш бастап тұр.


«Ақтөбе» ФК-ның жас жанкүйері Дамир Мақсат та бүгінгі жаттығуға шақырылған, ол румындық «Сепсиге» қарсы ойында жергілікті команданың жеңілісіне жанашырлық танытып, көзіне жас алған еді. Бұл әрекеті әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан қолдау тапты.

Дамирдің «Ақтөбеге» деген адалдығын ескерген облыс басшысы Асхат Шахаров оған команда ойыншыларының қолдары қойылған клуб жейдесін, футбол добы мен «Ақтөбенің» мойыншалғысын сыйға тартты.

Бүгінгі жаттығуға әкесімен бірге келген Дамир — қаламыздағы Хиуаз Доспанова атындағы №14 орта мектептің 3-сынып оқушысы. Футболды жақсы көріп қана қоймай, спорттың осы түрімен айналысады. Ол — «Жастар» футбол мектебінің тәрбиеленушісі.

Д. Айдар