Облыс әкімінің аудандарға алғашқы сапары Қарғалыдан басталды

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қарғалы ауданына жұмыс сапарымен барды. 
Өңір басшысы сапардың бірінші бөлігінде егіншіліктің қазіргі жағдайы, егін жинау науқанының барысымен танысты.

Ш.Қалдаяқов ауылында шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесуде диқандар биылғы жылы өнімділік былтырғыдан төмен екенін атап өтті. Мысалы, «Велихов» ЖШС егіс алқабынан бір гектардан 10 центнерге жуық бидай жинайды. Жалпы, егін жинау науқаны штаттық режимде өтуде, дизель отынымен қамтамасыз етуде проблемалар жоқ.

Қарғалы ауданының үлесіне облыста өсірілген картоптың көп бөлігі тиесілі. «Ақтеп» ЖШС — бұл дақылдарды өсіру бойынша өңірдегі ірі шаруашылықтардың бірі. «Ақтеп» ЖШС-нің 440 гектар жері суармалы, мемлекеттік қолдау шараларымен ісін дөңгелетіп отыр. Қазіргі уақытта сыйымдылығы 5000 тонна жеке қойманы картоппен толтыру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.

Сондай-ақ, облыс әкімі балық шаруашылығымен айналысатын «Асыл бах тах» ШҚ жұмысымен танысты. «Ауыл аманаты» жобасы аясында шаруашылық форель шабақтары мен түйіршіктелген жемшөп сатып алу үшін 27,6 млн теңге сомасына жеңілдетілген несие алған.  Осының арқасында облыста форель өсірудің алғашқы фермасы пайда болды. Бүгінгі таңда жалпы салмағы 1,6 тонна болатын 8 мың дана форель өсірілді. Бұдан әрі шаруашылық жанынан ішкі туризмді дамыту мақсатында демалыс аймағын құру жоспарлануда.

Қарғалы су қоймасының тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін облыс әкімі балық өсіретін қарғалылық шаруалармен кездесті. Кәсіпкерлер өздерінің қиын істерінің қыр-сырын, кезігетін қиындықтар туралы айтып берді.

Асхат Шахаров барлық өтініштер мен ұсыныстар назардан тыс қалмайтынына сендірді.

«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Президенттің тапсырмасына сәйкес, аталған салаға өңірде барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілді және одан әрі көрсетіле береді», — деді Асхат Шахаров.

Сонымен қатар, облыс әкімі аудандағы «Велихов» ЖШС-ге тиесілі астық қоймасы мен техникасын қарады. Степной ауылында «Степное» ЖШС-нің ет және макарон өнімдерін шығаратын цехтардың жұмысымен танысты.

Д. Айдар