Әскери институтта жаңа жатақхана ашылды

Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтының курсанттары үшін заманауи талаптарға сай жаңа жатақхана ашылды.

Жатақхананың ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов қатысты.

???? «Биыл Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына 200-ден астам курсант түссе, оның 18-і – қыздар. Оқу орнына алғаш рет қабылданған курсант қыздар еліміздің үшін маңызды салаға үлес қосуға дайын екендерін көрсетуде. Авиация саласына мамандар даярлауда Ақтөбедегі институт маңызды орынға ие. Мұнда облыс, республиканың түкпір-түкпірінен ғана емес, шет елдерден де келіп оқуға түседі. Демек, оқу орнын бәсекеге қабілетті деп айтуға толықтай негіз бар», – деді Асхат Шахаров.

Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов та оқу орнының маңыздылығы туралы тілге тиек етіп, жаңа жатақхананың ашылуы әскери бөлімдерде әскери ведомство іске асыратын үлгілік жоба екенін алға тартты.
 
Күрделі жөндеуден өткен 280 орындық жатақханада болашақ офицерлердің демалуы, бос уақытын тиімді өткізуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Жатын бөлме, ақпараттық-тәрбие жұмысы бөлмесі, психологиялық, рота командирлері мен олардың орынбасарлары, взвод сержанттарының командирлеріне арналған кабинеттер, қаруды сақтау және тазалауға арналған бөлмелер бар. Ғимараттың бірінші қабатында науқастарды емдейтін орындар қарастырылған, сондай-ақ әскери қызметшілердің дәрігерлік комиссиядан өтетін бөлмелері орналасқан.

Жатақханада әуе және инженерлік батальондардың курсанттары, сондай-ақ әскери медицина мамандығы бойынша оқуға алғаш қабылданған курсант қыздар тұрады.

Айта кету керек, қазіргі уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету, олардың әлеуметтік-тұрмыстық, тұрғын үй және қызметтік жағдайларын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударады.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.