Ақтөбе облысында жауын-шашын орақ науқанын қиындатты

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында күзгі егін жинау науқанының өзекті мәселелері қаралды.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 212,6 мың га дәнді дақыл жиналды (жалпы алаңның 48,3%), 220,4 мың тонна өнім алынды, орташа өнімділік 10,4 ц/га құрады.

Егін жинау қарқыны толассыз жауған жаңбыр салдарынан кешеуілдеп жатыр. Егістіктердегі жоғары ылғалдылықтан астықтың сапасы нашарлайды, дән өнеді.  Әйтекеби ауданында аса күрделі жағдай байқалып отыр, қазіргі уақытта 138,1 мың га дәнді дақылдар алқабының тек 16,7%-ы ғана жиналды. Ауданда 21 тамыздан бері жауын-шашын тоқтаусыз жауып, егін жинау жұмыстары толығымен тоқтап тұр. «ҚазГидроМет» РМК деректеріне сәйкес, Әйтеке би ауданы бойынша жауын-шашын айлық нормадан тамызда 136,6% және қыркүйек айында бүгінгі күнге 263,1% артық түскен. Алдағы күндері тағы да жауын-шашын болады деген болжам бар.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, бүгінде аудандағы шаруашылық егістіктерінде дәннің масақтан көктеп өну үлесі шамамен 80%-ды құрайды. Мұндай астық тек мал азығы ретінде жарамды. Оны өткізу мәселесі ашық күйінде қалып отыр.

Облыс әкімі Асхат Шахаров әкімдіктер астық өсіретін диқаншылардың қиын жағдайдан шығуы үшін көмек көрсетіп, жан-жақты шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар, өңірде мал азығын дайындау жоспарлы түрде жүріп жатыр. 2,8 млн тоннадан астам шөп немесе жоспарланған көлемнің 100%-ы әзірленді, құрама жем дайындау жалғасуда.