Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін жақсарту, кездейсоқ қоқыстарды жою және білім беру саласын дамыту мәселелері қаралды.
Облыс халқының саны 935 мың адамға жетті. Өңірде 42 ұйым, оның ішінде 20 жеке ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Барлығы 675 дәрігерлік учаске болса, олардың әрқайсысында орта есеппен 1544 адам тіркелген, деп Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев баяндама жасады.
Оның сөзінше, биылғы жылдың 6 айында облыс тұрғындарына амбулаториялық деңгейде 7 млн-нан астам клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетілді. Жалпы, соңғы 3 жылда клиникалық-диагностикалық қызметтер саны 2 есеге артқан.
Медициналық-санитарлық көмек инфрақұрылымын жақсартуға, ең алдымен, ауылдық жерлерге ерекше назар аударылады.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары 29 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 11 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Медициналық-санитарлық көмек көрсетудегі негізгі міндеттердің бірі — медициналық көмектің сапасын жақсарту. Осы мақсатта Ақтөбе қаласында және аудан орталықтарында 13 оқу-тәжірибелік орталық ашу жоспарлануда.
Осылайша, амбулаториялық ұйымдар жаңа тәсілдер мен инновациялық технологияларды қолдана отырып, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға өз үлесін қосады.
Облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов кездейсоқ қоқыстарды жою жұмыстары туралы айтып берді.
Космомониторинг деректеріне сәйкес, ғарыштық түсірілімде Ақтөбе қаласы мен Алға ауданының аумақтары толық қамтылған, сонымен қатар Мәртөк, Хромтау және Қарғалы аудандарының аумағының шамамен 30-40%-ы кіреді. Қазіргі уақытта 293 стихиялық қоқыс үйіндісі бар.
Осыдан төрт жыл бұрын 747 орында анықталған заңсыз тасталған қалдықтарды жою жұмыстары жалғасуда.
Облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева ведомство жүргізген мектептердің жаңа оқу жылына дайындығының кешенді мониторингінің қорытындылары туралы баяндады.
Зерделеу жұмыстары барысында мектептердің жаңа үлгідегі кабинеттермен, тренажер залы, интернетпен жарақтандырылуы, асхананың болуы, жылу қазандықтарының дайындығы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және т.б. мәселелер қарастырылған.
Күн тәртібінде жылыту маусымына дайындық мәселесі де тұр. Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы жылға 631 қазандыққа, 15,1 шақырым жылу желілеріне, 80,7 шақырым су құбыры-кәріз желілеріне, 381,4 шақырым электр желілеріне, 1 457 әлеуметтік нысанға, 2 527 көппәтерлі тұрғын үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда жұмыстар іс жүзінде аяқталды.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта бюджеттік ұйымдар алдағы жылыту маусымына қажетті 100% көмір және 97% дизель отынымен қамтылды, халық үшін 12 мың тоннадан астам көмір жеткізілді (талап етілетін көлемнің 55%).
Аппараттық жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Асхат Шахаров білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы өзекті мәселелерді шешу, жылыту маусымы басталғанға дейін әлеуметтік нысандарда жөндеу жұмыстарының аяқталуын қамтамасыз ету және халыққа көмір жеткізуді бақылауға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Д. Айдар
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті