Ақтөбеде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған форум өтуде

Бүгін Ақтөбеде «Азаматтық сектор мен мемлекеттік органдардың сабақтастығы – өңір дамуының драйвері» өңірлік азаматтық форумы өтіп жатыр.

Форумға облыс әкімі Асхат Шахаров, Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, Қостанай, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарының делегаттары, жергілікті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, депутаттар қатысуда.


Шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік органдар мен «үшінші сектор» арасындағы өзара іс-қимылдың оңтайлы тәжірибелерін кеңінен тарату, қазіргі жағдайда үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың жұмысына жаңа серпін беру.

Облыс әкімі өз сөзінде қазіргі уақытта үкіметтік емес ұйымдар көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып жүргенін, қоғамдық өмірге белсенді араласып, мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істейтінін атап өтті.

???? «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының маңызды екеніне екпін беріп, азаматтарды ашық диалогқа шақырды. Бүгінгі таңда еліміздегі азаматтық қоғам институттары – мемлекеттің стратегиялық серіктесі және тірегі. Күннен-күнге үкіметтік емес ұйымдарға деген сенім артып келеді. Олар өздеріне жүктелген міндеттерді орындап, өзекті мәселелерді шешуге қабілетті екендіктерін көрсетуде. Сонымен қатар, демократиялық принциптерді және құндылықтарды ілгерілетуге өз үлестерін қосуда. Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, іс жүзінде, қоғамымыздың маңызы бар барлық саласын қамтиды деп нақты айтуға болады», – деді Асхат Шахаров.
 
Өңір басшысының сөзінше, азаматтық форум – қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты одан әрі дамыту алаңы.

???? «Бүгінде азаматтық сектор саласында шешуді талап ететін көптеген проблемалар бар. Осы форумда аталған мәселелердің нәтижелі шешімдерін бірлесіп, анықтай алатынымызға сенімдімін», – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Мадияр Қожахмет министрліктің азаматтық қоғамды нығайтуға бағытталған іске асырылып жатқан шаралары туралы айтып берді.

???? «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қоғамына ашықтық пен есептілікті арттыру мақсатында қоғамдық бақылауды жүзеге асыру процестерін реттеуге бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл заң жобасы бүгінгі күні Парламент Сенатына енгізіліп, қаралуда. Сонымен қатар, министрлікпен «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заң жобасына өзгерістер енгізу жоспарлануда. Бұл түзетулер азаматтардың бірлестіктер бостандығына құқықтарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Заңның қабылдануы қоғамдық бірлестіктерді құруды жеңілдетіп, олардың қызметіне қатысты мәселелерді реттеуге ықпал етеді. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестердің құрамын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде», – деді Мадияр Қожахмет.

Форум барысында форум қатысушыларының қарары жарияланды. Облыс әкімі Ақтөбе өңірінің өркендеуіне және елдің дамуына үлес қосқан бірқатар қоғам белсенділеріне, сондай-ақ Қазақстан Азаматтық альянсының президенті – Қазақстан азаматтық қоғамының көшбасшысы Бану Нұрғазиеваға алғыс хаттар табыс етті.

Д.АЙДАР.