Асхат Шахаров 100 жасқа толған тыл ардагерін мерейтойымен құттықтады

Ақтөбеде тұратын тыл ардагері Третьякова Любовь Савельевна бүгін, 27 қыркүйекте 100 жасқа толды.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ғасыр жасаған кейуананың шаңырағында болып, мерейтойымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

«Сізді туған күніңізбен құттықтаймын. Зор денсаулық тілеймін. Сіз талай жыл еңбек еттіңіз. Тарихтағы ең қиын кезеңдерді бастан өткердіңіз, талай сәттерге куә болдыңыз. Адал еңбек иесі ретінде сіз өскелең ұрпаққа үлгі-өнегесіз», — деген Асхат Шахаров еңбек ардагеріне жан-жақты көмек беріліп, қолдау көрсетілетінін айтып өтті.

Любовь Третьякова Ұлы Отан соғысының басынан бастап еңбек майданының қатысушысы болды. Содан кейін ол бүкіл өмірін мейірбике ісіне арнаған.

Любовь Савельевна мерейтойымен құттықтап келген қонақтарға ақ батасын беріп, алғысын айтты. Барша адамзатқа денсаулық пен бейбіт аспан тіледі.

Д. Айдар